Алакөл — еліміздің мақтанышы
Алакөл — Абай облысының Мақаншы және Жетісу облысының Алакөл аудандарының аумағында орналасқан ерекше көл. Бұлай дейтініміз, көл суы мен балшығы емдік қасиетке ие. Көп ауруларға, соның ішінде әсіресе терінің экзема, псориаз, атопиялық дерматит деген түрлерінде жақсы көмектеседі. Бұл көл суының құрамында кездесетін тұздар мен минералдардың, микроэлементтердің әсері.
Дерек көздерінде көрсетілгендей Алакөлдің ұзындығы жүз төрт шақырымға, ені елу екі шақырымға тең. Ең терең жері елу төрт метр шамасында. Үлкендігі жөнінен Балқаштан кейінгі екінші орында. Тереңдігі жөнінен республика бойынша бірінші орында тұр. Ерте кезде Балқаш пен Алакөл бір көл болған екен, уақыт өте келе бөлініпті деген сөз бар. Алакөлдің ел арасында танымалдығы жылдан-жылға тез артып келеді. Тіпті шет мемлекеттердің тұрғындары да Алакөлге демалуға келетін болыпты.
Алакөл соңғы кезде екі облыстың негізгі туристік нысандарының біріне айналған. Сондықтан облыс басшылары Алакөлдің жағасындағы демалыс аймақтарын жақсартуға көп көңіл бөле бастапты. Биыл жолымыз болып Алакөлдің Жетісу облысы жағындағы демалыс аймағына жанұямызбен барудың сәті түсті. Алакөлге ұшақпен, жолаушы пойызымен, автобуспен, жеке жеңіл көлікпен баруға болады екен. Біз үшін ыңғайлысы жолаушы пойызы болды. Алдымен Алматы қаласына жетіп алдық. Содан кейін Алматы мен көрші Қытай мемлекетінің арасында қатынайтын Достық атты пойызға ауысып отырдық.
Сағат он бірде пойызымыз орнынын қозғалып, елді мекендер бірінен кейін бірі артта қалып жатты. Дала көрінісіне, жол бойындағы өзгерістерге көз жүгіртіп келеміз. Темір жолда жөндеу жұмыстарының басталғанын және бірнеше елді мекенде теміржол бекеттерінің жаңартылып жатқанын көріп, үкіметіміздің темір жол қатынысын жақсартуға көңіл бөліп жатқанын байқадық. Ақтоғай бекетіне жеткенен кейін пойызымыз Достық темір жолына ауысып, Алакөлге қарай бет алды. Жаңа жол бойында елді мекендер азайып, шегіне көз жетпейтін кең жазық дала басталды. Жаз айы енді басталса да, дала судың жетіспеушілігінен сары түске еніп үлгеріпті. Марқұм жерлес жазушы Шерхан Мұртаза айтқандай бұл да бірі кем дүние десе болады.
Достық темір жолының сапасы Ақтоғайға дейінгі жолға қарағанда жақсы екен. Вагондар қатты шайқалып қолайсыздық тудырған жоқ. Тағы бір байқаған өзгерісіміз, темір жол үстінен бірнеше жерден автокөліктерге арналған биік көпірлер салыныпты, әлі де салынып жатыр.
Алыстан көрінген тауларға жақындаған сайын дала көрінісі өзгеріп сала берді. Жол бойында әр жерден жыңғыл, қараағаш, жиде ағашы бой көрсетіп, бара-бара тоғайға ұласып, дала көк түске енді. Сулы арықтар мен егін алқаптары көріне бастады. Бескөл деген көкке оранған үлкен ауылдан өткен соң, пойызымыз Алакөлге жақын орналасқан Ақши деген бекетке келіп тоқтады. Вагоннан асығыс түсіп, бекеттің алдында жолаушыларды күтіп тұрған көліктердің біріне мініп, демалыс аймағына асфальт жолмен тез ақ жеттік.
Демалыс үйлері көл жағасында үш көше болып созылып орналасыпты. Олардың басым бөлігі бір қабатты үйлерде орналасқан. Үйлер кірпіштен, тақтайдан, қарағай бөренелерінен және басқа да материалдардан салыныпты. Әр жерден киіз үйлерді де көрдік. Біз көл жағасынан 50 метрдей жерде орналасқан «PRIDE» деген атауы бар демалыс үйін таңдадық. Ауласында екі қабатты бір үй мен бір қабатты үш үй бар екен. Қоршауының бойын жағалай жайқалып өскен декоративті және жеміс ағаштары, жасыл газондары, балалардың ойын алаңы демалыс үйінің сәнін келтіріп тұр. Сондықтан бұл демалыс үйі бізге ұнады.
Демалыс аймағында ауа таза. Ауа райы құбылмалы, ашық күндер ала бұлтты күндермен ауысып отырады. Жиі самал жел соғады. Кейде жел күшейіп, дауыл соғатын кездер де бар. Маусым айындағы ауаның температурусы 20-30 градус аралығында сақталады. Шілде айында ауа температурасы бұдан жоғарылайды. Демалыс аймағында таң ерте атады. Түнгі сағат үш жарымда таң бозарып ата бастайды, ал кешкі сағат сегізде айналаны қараңғылық басады.
Аймақтың тағы бір ерекшілігі — қазақтар ерекше құрметтейтін дәрілік қасиетке ие, жусан шөбінің көптігі. Бізде соңғы жылдары көрінбей кеткен айырқұйрық қарлығаштар мен өз аттарын шақыратын шошақ бас көкектер жиі кездеседі. Көл суының түсі ала болып көрінеді: көк, жасыл, боз түстер араласып тұрады.
Демалыс маусымы маусым айының жирмасыншы жұлдызынан басталып, тамыз айының он бесінші жұлдызында аяқталады екен. Демалыс үйінде болу мерзіміне шектеу қойылмайды. Бұл мәселе демалушының қалтасының қалыңдығына байланысты.
Демалыс аймағында дәріхана, дүкендер, кафе, автотұрақтар, кейбір үйлерде жеке бассейіндері бар. Демалыс үйлеріндегі бөлмелер негізінен 2-3-4 орынды. Демалушыларға күнде үш мезгіл тамақ беріледі. Жатын орындарға бір күнге төленетін ақының мөлшері әртүрлі.
Көл жағалауы құм мен ұсақ тастардан тұрады. Шомылушыларға арналған шешініп-киінетін кабиналар, демалуға арналған тахталар, орындықтар мен палаткалар орнатылған. Көл бойында шағын асханалар мен дәретханалар да бар. Көл жағалауы таң бозарып атқаннан кеш батқанша демалушылардан бір босамайды. Осы кезде көрші ауылдың тұрғындары өз өнімдерін және әртүрлі сусындарды, кептірілген, ысталған балықтарды сатып, көл жағасында сауданы қыздырып жүреді.
Алакөлде балықтың сазан, ақ алабұғы, осман, көк серке, мөңке балық деген бес түрі кездеседі. Көл жағалауына жақын орналасқан арал бар, оған қайықпен барып, серуендеп қайтуға болады. Көл бетін жанай ұшқан ақ шағалалар, шомылушылады қыдыртып ары-бері жүйткіген неше түрлі моторлы қайықтар, көп адамдарды қыдыртуға арналған шағын кемелер, ауаға ақ көбік шашқан толқындар демалушыларға жақсы әсер етуде.
Алакөлде болған уақыт ішінде талай адамның денсаулықтарын нығайтып, үйлеріне көтеріңкі көңілмен қайтып жатқандарының куәсі болдық.
Қысқасы Алакөлге демалуға барсаңыздар өкінбейсіздер!