Қайтарылған активтер халық игілігіне бағытталуда
Облыс прокуроры Жандос Әбдібаевтың Қордай ауданына жұмыс сапары барысында ауданның әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуы, заңдылықты қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және құқық қорғау органдарының жұмысы қамтылды. Өңірдің бас прокуроры бірқатар нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысып, жауапты сала өкілдерімен пікір алмасты.
Сапар аудандық прокуратурадан басталды. Мұнда Жандос Әбдібаев мекеме ұжымымен кездесіп, прокуратура қызметкерлерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар аудандық прокуратураның материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне және күнделікті қызметінің ұйымдастырылуына қатысты ақпарат алды. Аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жұмыс сапарының негізгі нысандарының бірі Қарасай батыр ауылындағы су құбыры құрылысы болды. Облыс прокуроры құрылыс алаңына барып, жобаның жүзеге асырылу барысын көрді. Аудан әкімі Бегзат Болатбеков нысанның негізгі көрсеткіштері мен құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңі туралы баяндап, атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Маңыздысы, бұл жоба прокуратура органдарының мемлекетке қайтарған заңсыз иемденілген активтері есебінен қаржыландырылуда. Жалпы қайтарылған активтер қаражатының есебінен облысымызда денсаулық сақтау және халықты ауызсумен қамтамасыз ету салаларын дамытуға 20 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған.
Мемлекетке қайтарылған қаражаттың нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалып жатқаны Қордай ауданындағы жобалардан да анық байқалады. Бұған дейін Үлкен Сұлутөр ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген болатын. Бұрын 1960 жылы салынған ескі ғимаратта медициналық көмек алып келген Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр және Көктөбе ауылдарының тұрғындары бүгінде заманауи нысанда қызмет алуда. Соның нәтижесінде 2800-ден астам тұрғын аудан орталығына сабылмай-ақ қажетті медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды.
Қарасай батыр ауылындағы су құбыры жобасы да – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Қазір елді мекенде жаңа су құбыры желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мердігері – «ЭнергоСтройЭксперт» ЖШС. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 2 миллиард 391 миллион 550 мың теңгені құрайды. Жоба толық іске асқаннан кейін ауыл тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, елді мекеннің инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы жақсара түспек. Бұл – заңсыз иемденілген активтердің мемлекетке қайтарылуының нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс тауып отырғанының нақты мысалы.
Сапар барысында облыс прокуроры Қордай ауданындағы ірі өндіріс орындарының бірі «KORCEM» ЖШС-не де барды. Кәсіпорын ұжымымен кездескен Жандос Әбдібаев инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау прокуратура жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, өндірістік және экологиялық нормалардың орындалуының маңыздылығына назар аударылды. Кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуімен қатар, қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етілуі де басты талаптардың бірі екені айтылды.
Облыс прокурорының жұмыс сапары «Қордай» өткізу пунктінде де жалғасты. Мұнда шекара және бақылаушы органдардың қызметімен танысып, өткізу бекетінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, құқықбұзушылықтардың алдын алу, бақылау тетіктерін жетілдіру және кедендік рәсімдердің тиімділігін арттыру бағыттары сөз болды.
Сапардың соңғы нүктесі Қордай аудандық полиция бөлімі болды. Жандос Әбдібаев полиция бөлімінің материалдық-техникалық базасын көріп, қызмет барысымен танысты. Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті сақтау, заңдылықты қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды. Облыс прокуроры құқық қорғау органдарының өзара үйлесімді жұмысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі екенін атап өтіп, қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берді.
Қордай ауданындағы жұмыс сапары барысында әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуынан бастап өндіріс орындарындағы заң талаптарының сақталуына, шекаралық бақылау мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне дейінгі маңызды бағыттар қамтылды. Әсіресе мемлекетке қайтарылған активтердің халықтың игілігіне бағытталуы – заңдылықты қамтамасыз етудің әлеуметтік маңызын айқындайтын нақты нәтижелердің бірі.