Құрылтай

Әке аманатын арқалаған өнер иесі

0 7

Бүгінде әке жолын жалғап, өнердің қасиетін қадірлеп жүрген азаматтар аз емес. Олар тек отбасылық дәстүрді жалғастырып қана қоймай, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, кейінгі буынға үлгі болып келеді. Өнерге деген адалдық, ата мұрасына деген құрмет – ұлттың рухани байлығын сақтаудың жарқын көрінісі. Сондай өнер адамының бірі де, бірегейі – Есенбек Сәтбаев.

Ол 1958 жылы Талас ауданы, Кеңес ауылында дүниеге келген. Әкесі Әмірбек ақынжанды кісі болған, анасы Адиша да ұрпағын ұлылыққа тәрбиелеп, отбасының ұйытқысы бола білген жан екен.

– Менің жастайымнан өнерге деген талабым зор болды. Өнер маған әкемнің қаны, анамның сүтімен дарыды деп білемін. Әкемнің жырлары санама құйылса, анашымның әлдиі жүрегімді тербетті. Қос бәйтерегімнен нәр алған менің өмір жолым, өнерге бастады. Жас кезімнен домбыра, баян аспаптарын тартып ән айтқанды ұнататынмын. Біз отбасында алты ағайынды болдық. Рақым деген екінші ағамда өнерлі, күйді жақсы тартатын. Менің өнердегі ұстазым әкем еді. Ол кісі де өнерден құралақан емес, ақынжанды жыр термелерді жақсы көретін. Әлі есімде бала күнімде әкем Семей жаққа бір іс-сапармен барып, сол жақтан маған он сегіз тілі бар баян әкеліп бергені. Баян дегенді өмірімде тартып көрмегенмін, әрі-бері шиқылдатып жүріп, үйренгендей боламын. Сол кездері 6-7 жастағы кезім болуы керек. Әкем қазақтың «Елім-ай» деген әнінің әуенін осыған сал деп, өзі әні мен сөзін үйрететін. Сол әнді баянның ырғағына келтіріп жаттаймын. Енді қайбір оңдыртып айтады дейсіз баламын ғой талпынамын әйтеуір. Бала кезімде ауылға қырғыздар концерт қоюға көп келетін. Әкемді «көке» деуші едім. Сонда айтатыным ғой «көке әншілерді үйге шақырайықшы, бір күн қонсын әнін тыңдайықшы» деп. Қырғыздың әндерін осы күнге дейін қатты жақсы көремін, сүйіп орындаймын.

Ауылда мектепте Қапаш деген ағайымыз болды. Ол кісі бізге ән-күй сабағынан берді. Бұл күнде ол кісілердің көзі жоқ. Біраз ән, термелерді сол ұстазымнан үйрендім. Жақсы көретін әртістерімнің аты-жөнін қағазға жазып жүретін едім. Өскенде солар сияқты рөлдер ойнасам деп армандайтынмын. Кішкентайымда арманшыл, сенгіш, ақкөңіл бала болыппын. Бұл да өнер адамына тән мінездің көрінісі болса керек. Менің өнер жолын таңдауыма әкем де, шешем де қарсы болмады. Бойдағы тасып тұрған өнердің құдіреті шығар. Ең алғаш сахнаға мектеп қабырғасында ұяла шыққан кезім есімде. Кенен атамыздың «Туған жер» деген әнін орындадым. Нартайдың термелерін айтып жүрдім. Өнерге мен осылай келдім. Өнер деп жүріп ер жеттік. Жар сүйдік, балалы болдық. 1977 жылы жарым Шәмшәгүл Әкімкерейқызымен танысып шаңырақ құрдық. Ол біздің технологиялық университеттің есеп бөлімінде екінші курста оқитын. Содан міне үш ұлымыз, бес немереміз бар. Үлкен ұлым Ринат Сәтбаев менің жолымды қуды. Ол мен оқыған музыкалық училищеде оқып, содан кейін пединституттың музыка бөлімін бітірді. Ринат қазір республика көлеміне танымал өнер иесі. Екінші ұлым Рифхат техника маманы әртүрлі аппаратураның тілін жақсы біледі, жақсы жөндейді. Жалпы алғанда техниканың майын ішкен маман. Үшінші ұлым Ардагер Сәтбаев біз еркелетіп «Тастик» деп атап кеткенбіз. Ол да екінші ұлдың жолын қуып инженер техник мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бүгінде әкемізден алған тәлім-тәрбиемізді, өнегемізді ұрпақтарымызға, немерелерімізге үйретіп жүрген жайымыз бар, – дейді Есенбек Әмірбекұлы.

Иә, өнер адамы – халықтың рухани байлығын дәріптеп, ұлттық мәдениетке өлшеусіз үлес қосатын ерекше тұлға. Оның сахнадағы әрбір өнері, шығармашылығы мен еңбегі көрерменнің жүрегінен жол тауып, рухани әлемін байытады. Нағыз өнер иесі өз дарынын үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбек арқылы шыңдап, ел ықыласына бөленеді. Біздің кейіпкеріміз Есенбек Әмірбекұлы да сондай өнер иесі. Ол шырқаған қазақ, қырғыз әндері мен жыр, термелері халықтың ойынан шығып, қошеметіне бөленген жан.

– Қазіргі кезде ұрпаққа бойымызға сіңірген үлгі-өнегемізді, өнерімізді үйретіп, оларды жақсы азамат ретінде тәрбиелесек, өмірдегі атқарған үлкен ісіміз деп білемін. Қазақтың дәстүрін, әдет-ғұрпын білсін деп, ата-бабадан қалған нақыл сөздерін үйретуге бар күш-жігерімізді салып жүрміз. Мен айтып жүрген жыр термелердің осындай тәрбиелік мәні бар. Сондықтан өнердің өмірге берер пайдасы ұшан-теңіз деуге болады. Өзіміз де үлкен бабаларымыздың нақыл сөздерін, термелерін жаттай жүріп рухани азық алдық. Өмірімізге пайдаландық. Өнерді өзім қатты жақсы көремін. Өнер өмірімнің сыңары сияқты. Егер өмірге қайта келсем, қайтадан өнер жолын таңдар едім. Өйткені осы өнер арқылы талай табысқа, жетістіктерге жеттім. Осы жолда халқымның батасын алдым. Талай шәкірт тәрбиеледім.

Аллаға шүкір! Қазір зейнетке шықсам да өнерімді тастамай, жалғастырып келемін. Ән жазамын, оны өзім орындаймын. Өнер – қиын да қызықты жол. Бір әнді мәнеріне келтіріп айтудың өзі қаншама еңбекті, күш-жігерді талап етеді. Ұйқысыз күндер мен түндердің жемісі. Сахнада тұрып халықтың көңілінен шығу оңай емес. Бұл өнер маған Алланың берген сыйы, дарытқан нұры секілді. Ұрпаққа өнеге болсын, шуағын шашсын деген шығар. Өнер қуған азаматтардың жерде қалғаны жоқ. Қайта ел аузында аңыз болғаны болмаса. Мен де сол дәстүрді шамамның жеткенінше жалғап келемін деп ойлаймын. Қазақтың өнері өшпесін. Ән-сүйер, жыр сүйер азаматтар көп болсын дегім келеді, – деді өнер иесі ағынан ақтарылып.

Өнер адамдары – ұлттың рухын көтеріп, мәдениетін дәріптейтін тұлғалар. Олардың шығармашылығы ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны кейінгі буынға жеткізуге қызмет етеді. Сондықтан өнер иелерінің еңбегі әрдайым жоғары бағалануы тиіс. Өнерді құрметтеу, таланттарды қолдау және ұлттық мәдениетті дамыту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өнері өркендеген, ұрпақ сабақтастығы берік елдің рухы асқақ, болашағы жарқын болмақ.