Құрылтай

Таластық дойбышылар тағы да топ жарды

0 5

Талас ауданындағы дойбы мектебінің шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, өңір абыройын кезекті рет асқақтатты. Дарынды жас спортшылардың жетістігі олардың табанды еңбегі мен жаттықтырушылардың кәсіби дайындығының жемісі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жуырда Астана қаласында 100 шаршы дойбыдан өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 2013–2015 жылы туған жасөспірімдер арасында таластық спортшылар үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Әмірбек Аңсар рапид бағдарламасында ел чемпионы атанып, алтын медальға қол жеткізді. Сонымен қатар классикалық ойын түрінде күміс жүлдені иеленсе, блиц бағдарламасында қола медаль еншіледі. Чемпионатта тағы бір жерлесіміз Шәріп Адина да шебер ойын өрнегін көрсетіп, блиц бағдарламасы бойынша жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

Жас спортшылардың жеңісті жолында тәжірибелі бапкерлердің еңбегі зор. Команданың бас жаттықтырушысы – белгілі маман Жаухар Дауренбекова, ал жас дойбышыларды жарыстарға дайындаған жаттықтырушы – Ғалымжан Пшанов.

Ел чемпионатынан кейін де таластық өрендердің жеңісті жолы жалғасын тапты. Астана қаласында 100 шаршы дойбыдан өткен Әлем кубогында Әмірбек Аңсар рапид бағдарламасында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, күміс жүлдені жеңіп алды. Бұл – жас спортшының халықаралық аренадағы маңызды жетістіктерінің бірі.

Талас ауданында дойбы спортының қарқынды дамып келе жатқанын жас спортшылардың тұрақты жетістіктері айқын аңғартады. Республикалық және халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген өрендер алдағы уақытта да ел мерейін үстем етіп, жаңа белестерді бағындырады деген сенім мол.