Өңіріміздің газ жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі
Облысымызда табиғи газбен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстар алдағы бес жылда кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Осы мақсатта «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалы 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасын бекітіп, өңірдің газ тарату желілерін жаңғыртуға 14 миллиард 224 миллион теңге көлемінде инвестиция бағыттауды жоспарлап отыр. Бағдарламаның негізгі мақсаты – газ жүйесінің сенімділігін арттыру, ескірген инфрақұрылымды жаңарту, апаттық жағдайлардың алдын алу және тұрғындарды табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған бағдарламаның негізгі бағыттары мен алдағы жоспарлары туралы «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Бақтияр Көпбосынов кеңінен баяндады.
Филиалдың негізгі міндеті – табиғи газды тұтынушыларға қауіпсіз әрі үздіксіз жеткізу. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде облыстағы газ инфрақұрылымы жыл сайын кеңейіп келеді.
Спикердің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша филиалдың теңгеріміндегі және қызмет көрсететін газ құбырларының жалпы ұзындығы 7 481 шақырымға жеткен. Оның 2 095 шақырымы жергілікті атқарушы органдардың меншігіндегі желілер болса, бір жылдың ішінде пайдалануға берілген жаңа құбырлардың ұзындығы 496 шақырымға артқан. Бұл – өңірдегі жаңа тұрғын үй алқаптары мен елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда облыстағы 10 ауданның 9-ы табиғи газбен қамтылған. Газ тартылмаған жалғыз аудан – Мойынқұм.
Өткен жылы облыс бойынша газ тарату жүйелері арқылы 777 миллион текше метр тауарлық газ жеткізілген. Ал табиғи газды пайдаланушылар саны тұрақты өсіп келеді. Бүгінде өңірде 252 965 абонент көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Оның ішінде 245 497-сі – тұрғындар, 7 023-і – коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар және 445-і – өнеркәсіптік кәсіпорындар. Бір жылдың ішінде газ тұтынушылар саны 6 680 абонентке көбейген.
– Бұл көрсеткіш өңірде табиғи газға деген сұраныстың жоғары екенін және газдандыру жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартады. Осыған байланысты 2025 жылғы инвестициялық бағдарлама аясында Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы газ реттеу жабдықтарын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Жоспар бойынша 41 шкафтық реттеу пункті мен 7 газ реттеу пунктін сатып алып, орнату көзделген болатын. Бастапқыда бұл мақсатқа 27 миллион 984 мың теңге қарастырылды. Алайда жабдықтардың қымбаттауына байланысты кәсіпорын өз қаражатынан қосымша 1 миллион 172 мың теңге бөлді. Соның нәтижесінде барлық жұмыс толық орындалып, жалпы 29 миллион 156 мың теңге игерілді. Бұл жоспардың 104 пайызға орындалғанын көрсетеді, – деді Бақтияр Көпбосынов.
Филиал басшысы газ реттеу жабдықтарын жаңарту жүйенің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға, пайдалану шығындарын азайтуға және қолданыстағы техникалық талаптарды толық орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
2021–2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама өз мәресіне жеткендіктен, кәсіпорын енді жаңа бесжылдық жоспар аясында жұмыстарын жалғастырады. 2026–2030 жылдарға арналған бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды. Олар – Байзақ, Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарындағы жоғары, орта және төмен қысымды газ желілерін қайта жаңғырту, өндірістік қызметке қажетті арнайы техника мен құрал-жабдықтарды сатып алу және газ шығынын автоматты есепке алу жүйесін енгізу.
Бағдарламаның алғашқы кезеңі 2026 жылы басталады. Бұл мақсатқа 1 миллиард 244 миллион теңге қарастырылған. Оның негізгі бөлігі – 1 миллиард 99 миллион теңге Байзақ ауданындағы газ тарату жүйесін қайта жаңғыртудың бірінші кезеңіне бағытталады. Жоба аясында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 30 шақырым полиэтилен газ құбыры төселеді және 10 шкафтық реттеу пункті жаңартылады. Сонымен қатар редукциялық стансаларды жаңғыртуға арналған жобалар әзірленіп, өндірістік қажеттіліктер үшін арнайы техникалар сатып алынады.
Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, өндірістік жабдықтарды жаңарту жұмыстары бүгінде басталып кеткен. Қазіргі таңда полиэтилен және болат құбырларға арналған дәнекерлеу аппараттары, генераторлар, компрессорлар, трансформаторлар және өзге де қажетті құралдарды сатып алуға 53 миллион 568 мың теңгеге келісімшарттар жасалған.
Ал 2027 жылы инвестиция көлемі 2 миллиард 657 миллион теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл кезеңде Байзақ ауданындағы қайта жаңғыртудың екінші кезеңі іске асырылып, 60 шақырым жаңа газ құбыры салынып, тағы 10 шкафтық реттеу пункті ауыстырылады. Сонымен қатар Меркі ауданындағы қайта жаңғырту жобасының құжаттары әзірленіп, облыс бойынша 14 газ реттеу пункті мен 112 шкафтық реттеу пунктін жаңарту жоспарланған.
2028 жылы бағдарламаны іске асыруға 3 миллиард 6 миллион теңге бөлінеді. Байзақ ауданында 94,5 шақырым газ құбыры салынып, бір газ реттеу пункті мен 21 шкафтық реттеу пункті жаңартылады. Сондай-ақ Меркі ауданында қайта жаңғыртудың алғашқы кезеңі басталып, 15 шақырым жаңа газ құбыры төселеді. Бұған қоса Тұрар Рысқұлов ауданындағы жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленеді.
2029 жылы жалпы құны 3 миллиард 429 миллион теңге болатын жұмыстар жүзеге асырылады. Оның аясында Меркі ауданында 85 шақырым, ал Тұрар Рысқұлов ауданында 26 шақырым жаңа полиэтилен газ құбыры салынып, бірнеше газ реттеу пункті жаңартылады.
Бағдарлама 2030 жылы қорытындыланады. Бұл кезеңде 3 миллиард 888 миллион теңге игеріліп, Меркі ауданында 68 шақырым, Тұрар Рысқұлов ауданында 44 шақырым газ құбыры қайта салынады. Сонымен бірге жоспарланған барлық газ реттеу жабдықтары толықтай жаңартылады.
Жалпы алғанда, жаңа инвестициялық бағдарлама облысымыздағы газ тарату жүйесінің сенімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етуге, өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.