Құрылтай

Тұрғындармен ашық әңгімелесіп, мәселеге назар аударды

0 5

Облыс  әкімі  Ербол Қарашөккеевтің  Мойынқұм ауылына жасаған сапарының маңызды тұсы  аудандық мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесуі болды. Жиынды облыс  әкімінің өзі ашып, облыс аумағында және аталған ауданда жүзеге асып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

–    Аймақтағы жұмыс барлық деңгейдегі әкімдердің, департамент пен басқарма, мекеме басшыларының тікелей белсенділігімен жүзеге асатыны белгілі. Облыста барлық салада экономикалық  өсім, оң нәтиже  байқалып отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімдері былтырғы көрпсеткішпен салыстырғанда 18,5, ауылшаруашылық өнімдері 3,3 пайызға өссе, жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібі 125,7, негізгі  капиталға салған өнім 59,6 пайызды құрап отыр. Халыққа 326 шаршы метр тұрғын үй берілді. Жыл соңына дейін 770 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілетін болады. Облыс аумағында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 380 жоба көзделген. Шағын және орта кәсіпкерлік 29,1 пайызға ұлғайды. Аймаққа инвестиция тарту едәуір жақсарып отыр. Бұл ретте Мойынқұм ауданында да жақсы нәтижелер бар.  Сіздердің ауданның Мирный ауылынан желден қуат өндіретін станса салу көзделуде. Оған 1 мыңнан астам адам жұмысқа тартылып, жоба аяқталған уақытта 200 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады. Француз компаниясының қолға алып жатқан жобасы құптарлық. Осы аудан аумағынан қытайлық  компания 75 миллиард теңге инвестиция аударып, көмір өндіру ісін қолға алып жатыр. Қазіргі кездің өзінде олар 93 шақырымға жол салып, сол жолдың қызығын аталған жолдың бойында орналасқан шаруа қожалықтар көріп отыр. Көгілдір  отын мәселесі бірнеше кезеңге бөлініп қарастырылуда. Қазір алғашқы кезеңі бойынша Айдарлы, Бірлік, Биназар  ауылындарына құбыры тартылды. Осы газдың құбыры 2029 жылға дейін Мойынқұм ауылына да келіп қалады. Ол үшін республикалық бюджеттен алғашқы кезеңдеріне 18 миллиард теңге, алты ауылдың таза су құбырларын жаңғыртуға 7,5 миллиард теңге бөлінуде. Мұндай қаражат сіздерден басқа ешқандай ауданға бөлінген емес. Сондықтан, сіздер де бөлінетін қаржының мүмкіндігін түсініп, кейбір мәселелерге дұрыс  көзқараспен қарасаңыздар. Бүгін  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғындармен кездесіп, көпшіліктің ойын бағалауға, сіздерді тыңдауға келдім. Ойларыңыздағы нақты мәселелені айтсаңыздар. Шешімін бірге қарастырсақ, – деді облыс  әкімі.

Ғаният Қашқынбеков, еңбек ардагері:

–  Аудандағы  24 ауылдың халқы аузына қарап отырған – орталық аурухана.  Осы мекемеге күрделі жөндеу қажет. Онан соң Радай өзенінің алдын бөгеп, жайылымдыққа суды молынан жіберетін мүмкіндік керек. Аудан орталығындағы Мәншүк Маметова көшесіндегі жаңадан салынған он үй бір жыл бойы босқа тұр. Тұрғындар ол жаққа қашан көшеді? Ешкім тұрмайтын болса, қаражат шығындап неге салынды? Бұрынғы аудан басшысының уағында 40 миллион теңгеге бір үй,  былтыр 50 миллион теңгеге мемлекеттің мүддесі үшін жеке тұрғын үйлер сатып алынды. Ол ғимараттарда  қандай мекемелер орналасады?

Облыс   әкімі:        –  Ақсақал сіздің сұрағыңыз орынды. Облыстық денсаулық басқармасы нақты айналысып жатыр. Анығын айтқанда, 2029 жылы Мойынқұм аудандық орталық ауруханасы үшін  күрделі жөндеуге қаржы бөлінеді. Жайылым мәселесін де жақсы көтердіңіз. Біз оны зерделеп, қолдау көрсетеміз.

Ермек Карентаев, Мойынқұм ауданының  әкімі:

–  Бұл кісі сұрағын менің атыма тікелей байланыстырып қойып отыр. Сондықтан, нақты жауап беруге рұқсат етіңіз, Ербол Шырақпайұлы. Былтыр және оның алдында мемлекет қаржысына сатып алған ғимараттарға ғимаратқа зәру мекемелерді орналастыратын боламыз. Ал, Мәншүк Маметова көшесінен салынған 10 үйдің ( 20 пәтер) құрылысында бірқатар мәселелер болғандықтан, ұтып алған мердігерлерге қайта жөндетіп, жақында ғана қабылдап алдық. Енді ол пәтерлерді көп балалы, жағдайы төмен, ерекше жағдайда перзенттері бар отбасыларға заң  аясында беретін боламыз.

Бекболат Өткелбаев, аудандық  мәслихаттың депутаты:

–  Бұл ауданның ең өзекті мәселесі — газдың келуі. Мойынқұм ауданына көгілдір отынның жедел келуіне ықпал  етсеңіз.

Облыс  әкімі: –   Бағана кіріспе сөзімде де айттым. Тағы да түсіндірейін. Газ мәселесі бойынша Мойынқұм ауданына бөлінгендей мол қаражат басқа ешқандай  ауданға бөлінген емес. Қолымызда тұрса қазір сіздерге көгілдір отын бергіміз келіп отыр. Бірақ, оның қаржысын бөлдіру, жұмыстарды заң мен тәртіп аясында жүргізу уақытты қажет етеді. Сең қозғалды. 30 жыл назарға алынбаған  жұмыс басталып жатыр. Бұйырса, екі немесе үш жылдың көлемінде аудан аумағына көгілдір отын келетін болады.

Серғазы Қылышбаев, кәсіпкер:

– Қытай, Француз компаниялары инвестиция бөліп жатыр. Аталған компаниялар біздің ауданға тіркелген бе? Салығы қайда түседі?

Облыс  әкімі: –  Біз соңғы екі жылда 30  ірі кәсіпорынды облысқа тіркеттік. Салығы облысқа түседі. Оның  ішінде Мойынқұм ауданына инвестиция бөлген компаниялар да бар. Салынған инвестицияның қызығын жергілікті аудан көрсе деген ниет бар. Сондықтан, нақты келісімдерге келіп жатырмыз.

Сағынғали Аманов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы:

–    Мойынқұм мен Бірлік ауылының арасындағы облыстық мәндегі жолдың 25 шақырымын облыстық бюджеттен күрделі жөндеу көзделген. Биыл 10 шақырымы жөнделді. Қалған 15 шақырымын тездетіп жөндеп, аяқтап берсеңіздер.

Облыс  әкімі:    – Сіз айтып отырған Мойынқұм мен Бірлік ауылының арасындағы 25 шақырым жолдың  күрделі жөндеуі келесі жылға өтпелі. Келесі жылы қаржысы аударылып, жұмысы толық аяқталады.

Жетібай Құлтаев, полиция саласының ардагері:

–    Соңғы  екі жылда аудан аумағында қыруар жұмыс жүзеге асты. Мен де бір ғана сұрақ. Тұрғындарды отынмен, көмірмен қамту мәселесі шешімін тапса. Қазіргі таңда кейбір жеке кәсіпкер азаматтар тоннасын 35 мың теңгеден сатып жатыр. Ол көптеген отбасына ауыр соғады. Осы мәселені жеңілдетуге мүмкіндік бар ма? Аудан орталығындағы «Құлыншақ» балабақшасын жөндеуге қаржы қарастырылса.

Облыс  әкімі: –    Жұмыстың бәрі заң мен тәртіп аясында жүзеге асады. Отынды арзан беру туралы ешқандай жоба жоқ. Бірақ, аудан болып, белсенді азаматтар болып  кейбір шамасы келмеген отбасыға арзан бағамен отын түсіруге  қол ұшын беруге болады. Бұл мәселе менің де, аудан әкімінің де назарында болады.   Аудан орталығындағы  «Құлыншақ» балабақшасын күрделі жөндеу туралы облыстық білім басқармасы айналысып жатыр. Сараптамадан өткізіліп, екі ай ішінде сметалық құжаттамасы жасалады. Одан  әрі  қарай тиісті қаражаты да бөлінеді. Негізінен  қазір  ауылдарға жекеменшік негіздегі балабақшаларды салу өзекті. Кәсіпкерлер осы мәселені қолға алса, оларға мемлекет тарапынан қолдау бар.

Жиында сонымен қатар еңбек ардагерлері Баяхмет Шынжарбеков, Несіпбай Есілбаев, Мәдіғұл Кариев және Қылышбай ауылының тұрғыны Света Сәкиева сұрақтар қойды. Олар малдың жүні мен терісін ұқсату, ерекше жандарға көңіл бөлу, Айдарлы, Бірлік, Биназар автожолының шетін қоршау немесе бірнеше жеріне бейнебақылау қою секілді өзекті мәселелерді көтерді. Жиын барысында аудан  әкімі Ермек Карентаев та қойылған барлық сұрақтармен таныс  екенін, барлық ауылдардағы мәселелерден хабардар екенін айтып, алдағы уақытта нақты шешу жолдарымен айналысатынын айтты.

Жиынды облыс  әкімі Ербол Қарашөкеев қорытындылап, барлық сұрақ қойғандарға ойларын ашық білдіргені үшін алғысын білдіріп, халыққа жақсылық, әр отбасына амандық тіледі.  «Біз сіздердегі өзекті мәселелерден хабарлармыз. Мұндай мәселелер басқа аудандарда да бар. Баршасын  кезеңкезеңімен шешуге күш саламыз. Бұрынғы уақытпен салыстырғанда барлық ауданда көптеген  жаңа құрылыстар жүріп, игі істер жүзеге асуда. Бұл мемлекеттің үлкен қолдауы мен қамқорлығы»,  – деді  ол.

Сонымен  қатар облыс   әкімі  жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өзекті мәселелеріне назар аударды.