Конституция

Ұлттық ойын – ұлт қазынасы

0 2

Жуырда «Меркі» шипажайында жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері арасында «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» атты облыстық спартакиада өтті. Спартакиаданың ашылу салтанатына Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналықызы мен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа Тараз және Шу қалаларынан, сондай-ақ Мойынқұм, Талас, Сарысу, Қордай, Шу, Байзақ, Жамбыл, Жуалы және Тұрар Рысқұлов аудандарынан келген 11 команда қатысты. Қатысушылар 7 кезең бойынша өзара бақ сынасып, ептілік пен шеберліктің, күш пен төзімділіктің үлгісін көрсетті.

Сайыс қорытындысы бойынша Тұрар Рысқұлов ауданының командасы үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Тараз қаласының командасы лайық деп танылса, үздік үштікті Жуалы ауданының командасы түйіндеді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, белсенді қатысқан командалар арнайы Алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ жарыс барысында ерекше көзге түскен қатысушылар арнайы номинацияларға ие болды. Атап айтқанда, «Арқан тартыс үздігі» номинациясы Тұрар Рысқұлов ауданына берілсе, «Бестас шебері» аталымын Аида Бижанова иеленді. «Білекті батыр» номинациясы Нұрсұлтан Айтжановқа, «Үздік дартсшы» атағы Марзия Омароваға бұйырды. Ал «Толағай күш иесі» аталымымен Алмас Байділда марапатталса, «Мерген садақшылар» номинациясы Тараз қаласының командасына табысталды. «Ләңгі тарланы» номинациясын Аян Қыпшақов жеңіп алды.

Ұлттық ойындарды дәріптеуге бағытталған бұл спартакиада қатысушылар арасында достық қарым қатынасты нығайтып қана қоймай, халқымыздың бай мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.

Ұлттық ойындар – ұлт рухының айнасы, ата-бабадан қалған асыл мұра. Сондықтан осындай игі шаралар жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, рухани тәрбиесіне оң әсерін тигізері сөзсіз.