Заңсыз аттракциондарға қатысты шаралар күшейтілуде

0 5

Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан заңсыз аттракциондарға қатысты жұмыстар жалғасуда. 15 маусым күні қала әкімдігі, құқық қорғау органдары және жауапты мекемелердің қатысуымен заңсыз пайдаланылған электр генераторы алынды.

Іс-шара барысында кәсіпкерлерге заң талаптары түсіндіріліп, анықталған заң бұзушылықтарды жою қажеттігі ескертілді. Кейін олар қала әкімі Бақытжан Орынбековтің қабылдауында болып, өз ұсыныстарын жеткізді. Қала басшысы барлық мәселе заң аясында қаралатынын айтып, тиісті келісімшарт рәсімделген жағдайда сауда нысандарының электр желісіне қосылу мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді. Ал заңсыз орнатылған аттракциондарға электр энергиясы берілмейді.

Зерделеу нәтижесінде саябақ аумағындағы мемлекеттік жер телімінде заңсыз аттракциондар, сауда нысандары мен ойын автоматтары орналасқаны анықталған. Сонымен қатар кейбір аттракциондардың техникалық құжаттары жоқ және олар қауіпсіздік талаптарына сәйкес тіркелмеген.

Қазіргі таңда аталған мәселе бойынша сотқа дейінгі шаралар жүргізіліп, тиісті талап-арыздар сот органдарына жолданған. Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат – тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қала әкімдігі заң талаптарының сақталуын бақылау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.