Байзақта жібек шаруашылығы дамып келеді

0 3

Жамбыл облысы Байзақ ауданының Жібек жолы ауылында бұрын тоқтап қалған жібек шаруашылығы қайта жанданып, толық циклді өндіріс қалыптасып келеді. Бүгінде ауылдағы арнайы кешенде 120 мыңнан астам жібек құрты өсірілуде.

Жобаны жергілікті кәсіпкерлер біріккен кооператив арқылы жүзеге асыруда. Екі жыл бұрын Самарқандтан әкелінген тұқым негізінде 40 гектар алқапқа тұт ағаштары отырғызылып, бүгінде алғашқы нәтижелер алынуда.

Мамандардың айтуынша, жібек құртын өсіру тұрақты күтім мен арнайы жағдайды талап етеді. Қысқа мерзімде жетіліп, піллә орайтын жібек құрты табиғи жібек өндіруге негіз болады.

Қазіргі таңда жергілікті шеберлер жібек талшығынан дайын өнімдер әзірлеуді қолға алған. Табиғи матадан тігілген бұйымдарға сұраныс артып келеді.

Жоба бастамашыларының айтуынша, алдағы уақытта өндіріс көлемі ұлғайтылып, жібек жібінің бірнеше түрін шығару жоспарланған. Биыл 200–300 килограмм піллә өндіру көзделсе, келесі жылдары бұл көрсеткіш бірнеше тоннаға жетпек.

Жоба толық іске асқан жағдайда 300-ге жуық ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл бастама ауыл экономикасын дамытуға және ұлттық жібек өндірісін қайта қалыптастыруға серпін беріп отыр.