Меркідегі су ұңғымалары іске қосылып жатыр

0 4

Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысындағы жұмыс сапары аясында Меркі ауданында болып, су шаруашылығы нысандарының жай-күйімен танысты.

Министрді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев қарсы алып, өңірдегі суармалы егіншілікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берді.

Жұмыс сапары барысында Нұржан Нұржігітов аудан аумағындағы су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған маңызды жобалардың жүзеге асу барысын зерделеді. Әсіресе, суармалы жерлерді тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан су ұңғымаларын қалпына келтіру жұмыстарына баса назар аударылды.

Бүгінде Ойтал ауылдық округінде орналасқан 13 су ұңғымасының барлығы толық жаңғыртылып, пайдалануға берілген. Ал Андас батыр ауылдық округіндегі 33 ұңғыманың 27-сі іске қосылып, шаруалардың игілігіне қызмет етуде. Қалған алты ұңғыманы сынақтан өткізу және пайдалануға беру жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, аталған ұңғымалар арқылы шамамен 2,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ететін каналдар толықтырылмақ. Бұл өз кезегінде егіс алқаптарының өнімділігін арттырып қана қоймай, өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Су шаруашылығы нысандарын жаңғырту – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына негіз болатын маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан жүзеге асырылып жатқан жобалар Меркі ауданындағы аграрлық саланың әлеуетін арттырып, шаруалардың еңбегін еселеуге жол ашпақ.

Жұмыс сапары барысында министр су инфрақұрылымын жетілдіру және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Су көздерін тиімді пайдалану мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған мұндай бастамалар өңір экономикасының дамуына оң ықпал етіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға қызмет етпек.