Әкім демалыс аймақтарындағы қауіпсіздік жағдайымен танысты

0 10

Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков жазғы демалыс кезеңінде азаматтардың су айдындарындағы және жаппай демалыс орындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жағдайды өз көзімен көрді.

Жұмыс сапары аясында аудан басшысы алдымен Қордай ауылындағы «Гавайи Қордай» демалыс аймағына, одан кейін Бетқайнар ауылындағы «Алмаз» су қоймасына барды. Бұл нысандарда шомылу маусымына дайындық жұмыстарының барысы, жағажай аумақтарының тазалығы мен жай-күйі мұқият тексерілді.

Сапар барысында әкімнің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері мен жауапты мамандар да қатысты. Олар нысандардың қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік шараларының сақталуын бақылауға көмектесті.

Аудан әкімі Бегзат Болатбеков демалыс орындарын аралау кезінде судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударды. Ол демалушылардың қауіпсіздігі – шомылу маусымы бойы басты назарда болуы керек екенін атап, нысан басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, қауіпсіздік талаптарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстау, демалушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажеттігін ескертті.

Әкім балалар қауіпсіздігі мәселесіне де тоқталды. Өскелең ұрпақтың өмірі мен денсаулығы ата-аналар мен демалыс орындары қызметкерлерінен ерекше жауапкершілік пен қырағылықты талап ететінін атап өтті. «Балалардың қауіпсіздігі – әрқайсымыздың басты міндетіміз. Бір сәттегі немқұрайдылық ауыр салдарға әкелуі мүмкін», – деді Бегзат Болатбеков.

Жұмыс сапары қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға аудан аумағындағы су айдындарында қауіпсіздік шараларын одан әрі күшейту, демалушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Аудан әкімдігі тұрғындарды да ескерту мен профилактикалық іс-шараларға белсенді қатысуға шақырып, жазғы демалыс кезінде өз қауіпсіздігін бірінші орынға қоюды еске салды.