Елімізде 20,9 миллион гектар егіс алқабына дән себілді

0 3

Еліміздің кейбір өңірлерінде көктемгі дала жұмыстары жалғасуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі берген мәлімет бойынша, жалпы ел бойынша бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы дақылдары 20,9 миллион гектар алқапқа орналастырылған. Соның ішінде дәнді дақылдар 15 миллион гектар алқапқа, майлы дақылдар 4,2 миллион гектарға, мал азықтық дақылдар 1,2 миллион гектарға себілген. Сонымен қатар, мақта 164,3 мың гектарға, картоп 128,4 мың гектарға, көкөніс дақылдары 122,1 мың гектарға, бақша дақылдары 83,9 мың гектарға, қант қызылшасы 22 мың гектарға орналастырылып отыр.

Егіс науқаны еліміздің негізгі астық егетін өңірлерінде қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақмола облысында 5,3 миллион гектар, Қостанай облысында 5 миллион гектар, Солтүстік Қазақстан облысында 4,1 миллион гектар алқапқа егін себілген. Ал Жамбыл облысында биыл егіс көлемі 627,7 мың гектарға жеткен.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға 356,5 мың гектар, майлы дақылдарға – 40 мың гектар, қант қызылшасына – 8,5 мың гектар, картопқа – 8,4 мың гектар, көкөніске – 23,6 мың гектар, бақша дақылдарына – 4,7 мың гектар, мал азықтық дақылдарға 186 мың гектар жер бөлінген. Сонымен қатар, өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған дақылдар көлемі артып келеді. Атап айтқанда, жүгеріні қоса алғанда дәнді дақылдардың егіс көлемі 11,8 мың гектарға, қант қызылшасы 1,9 мың гектарға ұлғайтылуда.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруалар тұқыммен толық қамтамасыз етілген – 58 мың тонна тұқым дайындалды. 2025 жылдың күзінде 145,1 мың гектар алқапқа 25,7 мың тонна күздік дақыл егілді. Биыл 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда 50,5 мың тонна тыңайтқыш жеткізуге келісімшарт жасалып, оның 48,2 мың тоннасы жөнелтілген.

Көктемгі егіс жұмыстарына 15,9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Өңірге 7,3 мың тонна жеткізіліп, оның 6,1 мың тоннасы агроқұрылымдарға таратылды. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына шамамен 10,7 мың техника жұмылдырылған. Оның ішінде 5447 трактор, 1032 соқа, 562 қопсытқыш және 645 сепкіш бар. «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 234 шаруаға жылдық бес пайызбен жеті миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. 2025 жылы 209 шаруа қожалығы 4,9 миллиард теңге көлемінде қаржыландырылған. Қазіргі таңда өңірде көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. 165,5 мың гектар жер жыртылып, 324,4 мың гектар алқап егіске дайындалған. Жаздық дақылдар 314,5 мың гектар жерге орналастырылып, жоспардың 95,8 пайызы орындалған.

Ал республика бойынша егіс науқанына 133,9 мыңнан астам трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу техникасы жұмылдырылған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге үздіксіз техникалық қолдауды 70 сервистік орталық қамтамасыз етуде.

Ал егіс жұмыстарын ерте қаржыландыруға 4800-ден астам фермер қол жеткізген. Жалпы елімізде 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының егіс науқанын уақтылы әрі сапалы өткізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 1 қазанда басталған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5 пайызды құрайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметіне сүйенер болсақ, бүгінгі таңда жалпы сомасы 630 миллиард теңгені құрайтын 5142 өтінімнен тұратын пул қалыптастырылып, 4,8 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 572 миллиард теңге көлемінде қаржы беріліп, 6,8 миллион гектардан астам егіс алқабы қамтылған. Жалпы алғанда, 2026 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген тәртіппен несиелеуге 750 миллиард теңге бағыттау жоспарланып отыр. Қаражат алты арна арқылы бөлінеді. Олар: «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы тікелей қаржыландыру, екінші деңгейлі банктер, микро қаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар, кредиттік серіктестіктер және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар.

Түпкілікті қарыз алушылар үшін несие мөлшерлемесін жылдық 5 пайызға дейін төмендету мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау тетігі қолданылуда. Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы несиелерге кепілдік беру жалғасады, бұл қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдікпен қамтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жалпы қарыз сомасы 216,7 миллиард теңгені құрайтын 1379 кепілдік берілген.

Қаржыландырудың ерте басталуы фермерлерге 2026 жылғы егіс науқанына алдын ала дайындалуға зор мүмкіндік туғызды. Бөлінген қаражат жанар-жағармай материалдарын тиімді бағамен сатып алуға, минералдық тыңайтқыштар алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға бағытталды.

Жеңілдетілген қаржыландыру көктемгі егіс жұмыстарын дайындау мен жүргізуге ғана емес, сондай-ақ егін жинау науқанын өткізуге және маусымдық шығындарды жабуға да қолжетімді бола түсті.