Балалар қауіпсіздігіне баса назар аударылды
Сарысу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алмаз Мелдеев аудандық аппараттық кеңесте жазғы кезеңдегі қауіпсіздік шаралары бойынша баяндама жасады. Жиында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Кеңес барысында судағы қауіпсіздік, балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мамандар жаз мезгілінде мұндай оқиғалардың жиілеуі мүмкін екенін айтып, алдын алу шараларын күшейтудің маңызын атап өтті.
Аудан тұрғындарына тек рұқсат етілген шомылу орындарын пайдалану қажеттігі түсіндіріліп, су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігі ескертілді. Сонымен қатар, ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау, көпқабатты үйлерде терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнату жөнінде ұсыныстар берілді.
Өрт қауіпсіздігі де кеңестің негізгі тақырыптарының бірі болды. Тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарында өрттің алдын алу, электр құралдарын дұрыс пайдалану және ашық от көздерін бақылаусыз қалдырмау қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен бірге, жиында алдағы уақытта өтетін «Өрт–2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында жоспарланған іс-шаралар таныстырылып, дайындық жұмыстары талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар беріліп, жазғы кезеңдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту міндеттелді.