Сарысуда ірі химия зауыты іске қосылды
Сарысу ауданында өнеркәсіп саласы үшін маңызды нысан – «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күкірт қышқылын өндіретін жаңа зауыты пайдалануға берілді. Ауқымды жобаның ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қатысты.
Жаңа өндіріс орны жылына 800 мың тоннаға дейін күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы. Бұл – «ЕвроХим» компаниясының өңірде жүзеге асырып жатқан заманауи химия кешенін қалыптастыруға бағытталған ірі инвестициялық жобасының бір бөлігі. Жалпы құны 1 миллиард АҚШ долларына жуықтайтын бастама Жамбыл облысының өндірістік әлеуетін арттыруға серпін бермек.
Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңдеуші өнеркәсіпті дамыту – мемлекет экономикасындағы басты бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өнеркәсіптік қуатын күшейтіп, экономикалық дербестікті нығайту міндетін айқындап берген болатын. Сондықтан өңдеуші секторды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгін іске қосылған кәсіпорын – инвестиция мен заманауи технологияның нақты нәтижесі. Бұл жоба өңірдің өндірістік мүмкіндігін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да жол ашады, – деді өңір басшысы.
Айта кетейік, биылғы жылдың алғашқы төрт айында Жамбыл облысына тартылған инвестиция көлемі 277,2 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Қазіргі таңда өңірде жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 100-ден астам инвестициялық жоба қалыптасқан.
Облыста биыл жалпы құны 471 миллиард теңгені құрайтын 47 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Соның нәтижесінде мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазірдің өзінде бірнеше өндірістік жоба іске қосылып, жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өңір басшысы химия өнеркәсібінің Жамбыл облысы үшін стратегиялық маңызға ие екенін де атап өтті. Республикадағы фосфорит қорының басым бөлігі облыс аумағында орналасқан. Сондықтан химия өндірісін дамыту – аймақ экономикасының негізгі бағыттарының бірі саналады. Бүгінде облыста химия саласында ондаған кәсіпорын жұмыс істейді. Олар фосфорлы шикізат өндіру, минералды тыңайтқыштар шығару және өзге де химиялық өнімдер өндірумен айналысады. Саладағы өндіріс көлемі де жылдан-жылға артып келеді.
«ЕвроХим-Қаратау» компаниясының жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Алғашқы кезеңде фосфорит шикізатын өндіру және байыту кешені іске қосылған болатын. Қазір екінші кезең аясында минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер шығаратын ірі өндірістік кешеннің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл пайдалануға берілген күкірт қышқылы зауыты – осы кешеннің алғашқы нысаны. Ал негізгі химия өндірісін толық іске қосу келесі жылға жоспарланған. Болашақта кәсіпорын жылына 1 миллион тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік алады.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – экологиялық қауіпсіз технологиялардың енгізілуі. Өндіріс барысында алынатын кальций хлориді мен синтетикалық гипс секілді жанама өнімдер де түрлі өнеркәсіп саласында кеңінен қолданылмақ.
Құрылыс жұмыстары кезінде екі мыңға жуық адам еңбекпен қамтылса, жоба толық іске қосылғанда кемінде 1200 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазірдің өзінде кәсіпорында мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сонымен қатар сервистік және мердігер ұйымдар арқылы қосымша жұмыс орындары құрылуда.
Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы Сарысу ауданының ғана емес, тұтас Жамбыл облысының индустриялық дамуындағы маңызды қадам ретінде бағалануда.