Тілсіз жауды тізгіндеген

0 2

Қоғамда мамандықтың бәрінің жаманы жоқ. Оның ішінде адамдарды ең қиын сәттерден құтқаратын өрт сөндіру қызметіндегі азаматтардың жұмыстары ауқымды. Олар уақытпен санаспай, бастарын қатерге тігіп, тұрғындарды қызыл жалын арасынан құтқаруға барады. Солардың бірі – Мойынқұм аудандық төтенше жағдайлар бөлімі №18 өрт сөндіру бөлімінің білікті маманы Нұрболат Дүйсенов.

Нұрболат Жаханұлы 1989 жылы Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлейді.  Мектеп қабырғасында жүрген кезінен өрт сөндіруші маман болуды қалаған. 2007-2011 жыл аралығында Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетін «Электроэнергетика» мамандығы бойынша оқып бітіріп,  аталған университетінде әскери кафедраны да тамамдаған. 2014 — 2017 жылдар аралығында  Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігі Көкшетау Техникалық Иститутының  сырттай оқу факультетінде «Әскери іс және қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім алыпты.  Әскери шені – сержант.

Ол Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет етпеген. Алайда, төтенше жағдайлар бөлімінде күн сайын қарбаласта жүрген қызметі әскердегі талаптардан бірде кем емес.

2011-2012 жылдар аралығында алғашқы мамандығы бойынша Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылындағы «Аудандық электр жүйесі» мекемесінде «Электромонтер» болып жұмыс істеген. 2013 жылдан осы уақытқа дейін облыстық  Төтенше жағдайлар департаменті Мойынқұм ауданы төтенше жағдайлар бөлімі  Мойынқұм ауылы №18 Өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеп келеді.

Отбасы жағдайына келсек, 2021 жылы Шырын Әлібекқызымен отау құрған. Нұрдана атты қызы, Нұрасыл, Мансұр атты ұлдары бар. Бөбекжай бақшаға баратын перзенттеріне де үнемі қамқорлық көрсетіп жүреді. Жұмыста жауапты маман ретінде танылған Нұрболат отбасында адал жар, мейрімді әке. Өрт сөндірушінің жүрегінен төгілген мейірім отбасын, перзенттерін күннің шуағындай жылытып тұрады. Отанасы Шырын да жұмысы алашапқын, уақытпен санаспай еңбек ететін жары Нұрболат Жаханұлының қабағына қарап, бар жағдайын жасауға ниеттеніп жүреді. Ал, Нұрболат та қызмет бабымен қанша шаршап  келсе де, үйде балаларына бар шуағын төгуге тырысады. Сондықтан, бұл үйде береке бар.

– Осы өрт сөндіру мамандығы өзіме ұнайды. Кезінде атағы алысқа  кеткен еңбек адамы, қазірде аңызға айналған Жазылбек Қуанышбаев атамыз жүрген ауданда еңбек етіп жүргенімді қуаныш санаймын. Төтенше жағдайлар қызметі, оның ішінде өрт сөндіру мамандығы өте сергектікті, жылдамдықты, тез шешім қабылдауды талап етеді. Осы жауапты қызметтің үдесінен шықсақ деп уақытпен санаспаймыз. Мойынқұм жерінде дала өрттері көбірек орын алады. Әрине, әр тұрғынның өрт болмаса екен деген тілегі бар. Дегенмен, тілсіз жау күтпеген жерден тұтанып кетіп жатады. Сол төтенше жағдайдың барлығына дайын жүреміз. Ол – өзіміздің жұмысымыз. Қызыл жалын өртті сөндіру оңай емес, өртті сөндірген соң  көпшіліктің алғысын алудан артық бақыт жоқ. Үйге келгенде күліп қарсы алған жарымның жылы қабағы мен балаларымның шат күлгісі барлық шаршағанымды ұмыттырады, дейді  озат өрт сөндіруші Нұрболат Дүйсенов.