Байзақта ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

0 2

Байзақ ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жоба көп. Соның ішінде «AsyaFert” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңдеу саласына басымдық беріп отыр. Бүгінгі күні серіктестік ауданда бұршақ дақылдары мен жүнді терең өңдеуге бағытталған ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Нысан Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты ауыл шетіндегі теміржол мен Тараз-Алматы күре жолының бойында ортасқан. Онда қазір жаңа зауыттың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Серіктестіктің бас директор Микаэль Хабибовтың айтуынша, жобаның жалпы аумағы 1 гектар аумақты  алып жатыр. Нысанның жылдық қуаты 5 мың тоннаны құрайды.  Жобаның жалпы құны 290 миллион теңгені құраса, оның 200 миллион теңгесі 2,5 пайыз жеңілдікпен алынған. Қалған 90 миллион теңге кәсіпорынның өз қаражаты.

— Жаңа зауыт құрылысын бастағанымызға көп бола қойған жоқ. Қазір нысанның іргетасын қалаудамыз. Мұндағы жұмыстарға 13 құрылысшы тартылған. Алдағы аптада жұмысшы санын арттыру жоспарымызда бар. Жалпы зауытты 4-5 айда бітіріп, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, — дейді М.Хабибов.

Құрылысқа негізінен жергілікті тұрғындар тартылған. Зауыт іске қосылып, толық қуатына шыққан  сәтте жұмысшы саны 60-70 адамды құрамақ.

Серіктестік бүгінде зауытты шикізатпен қамту мақсатында  жергілікті «Агрохолдинг Aspan» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативімен бірлесе жұмыс істеуде. Кооператив биыл 36 гектар алқапқа бұршақ дақылын орналастырған. Сондай-ақ 3 ауыл шаруашылығы комбайны сатып алған. Бұршақтың Red Kidney  сортты тұқымы Мексика елінен әкелінген. Оның өнімділігі гектарына 5-7 тонна аралығында болмақ. Өнімнің  нарықтағы бағасы 1500 АҚШ долларын құрайды екен. Өнімді өткеру  туралы  шет елдермен келісімшарттар жүргізілуде.

Аталған жобаға «Тараз» ӘКК арқылы бұршақ және жүнді терең өңдеу бағытына 100 миллион теңге көлемінде қаржы тартылған. Бұдан басқа «ANS-Plast» суару жүйелеріне арналған спринклерлік жабдықтар өндірісін кеңейту жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорынның  жылдық өндірістік қуаты 350 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда серіктестік  зауытқа қажетті жабыдықтар сатып алу үстінде.

Серіктестіктің бас директоры Микаэль Хабибов зауыт құрылысын жоспарға сәйкес аяқтап, өнім өндірісін осы күзде бастап кетеміз деп отыр.