Өз брендін қалыптастырған наубайхана

0 3

Жеке кəсіпкер Александр Козин ішкі нарықта «Хлебный дар» нан өнімдері желісін қалыптастырған. Осы кәсіпті он екі жылдан бері дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкер елдің алғысына бөленіп келеді. Қазір оның «Козин А.А.» наубайқанасында нан өнімдерінің 100 түрі дайындалып, еліміздің бірнеше қаласында өткеріледі. Тараз қаласынан бөлек, наубайханада дайындалған нан өнімдері арнайы жабдықталған, бүйірінде «Хлебный дар» жазуы бар Газельдермен Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстарына тасымалданады. Мекемеде тасымалмен айналысатын 11 Газель автокөлігі бар.

Александр Козиннің айтуынша, осы бизнесті бастамас бұрын ол өзге наубайханаларда жұмыс істеп, тəжірибе жинапты. Сөйтіп «Козин А.А.» жеке кəсіпкерлігін ашып, нан пісіру жəне тарату қызметімен айналыса бастаған. 2012 жылы нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығаруды бастағанда қарамағында бірнеше ғана адам жұмыс істесе, қазір жұмысшы саны жүз адамға жеткен.

– Еліміз үшін нан пісіру және кондитерлік тамақ өнеркәсібі маңызды салаларының бірі. Оның даму деңгейі халықтың өміріне әсер етеді және мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіні нығайтады. Сондықтан да осыдан он бір жыл бұрын осы кәсіпті бастау үшін несие алып, кәсібімді бастадым. Кәсібімді кеңейту үшін екі жыл бұрын Тараз қаласындағы «Даму» қорына жүгінген едім. Қаржы алып, құрал-жабдықтарымды жаңартып, өнім  қуаттылығын бүгінде екі есеге артырып отырмыз, – дейді Александр.

Кәсіпкер «Даму» қорының көмегімен несиесін «ForteBank» АҚ-на қомақты қаржы алған. Яғни кәсіпкер өз жобасын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырып отыр. «Даму» қоры несие бойынша жалпы жылдық 15 пайыздық мөлшерлеменің 9 пайызын субсидиялаған.

Құрал-жабдықтарды жаңартудың арқасында ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, торттар, тәтті нандар, пирогтар мен печенье, жеміс торттары, құймақ, вафли сияқты өнімдер пісіріле бастапты.

Кондитерлік цехтың технологы Галина Кнышова құрал-жабдықтардың жаңартылуымен жұмыстың әлде қайда жақсарғанын айтады.

«Наубайхана Тараз қаласының өзінде 30 дүкендер желісімен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Аудандарға да тасымалдап жеткізіп береміз. Одан бөлек, Қарағанды, Шымкент пен Алматы қалаларына «Хлебный дар» Газелдері күнде барып-келіп тұрады. Астана қаласына да бірқатар өнімдерімізді жіберіп отырамыз. Басқа нан өнімдерін айтпағанда тәулігіне 20 мың бөлке нан пісіріледі», – дейді ол.

Қамыр ашыту цехында Шынар Жылқыбаеваның жұмыс істеп жатқанына жеті жыл болыпты.

«Жұмысым өзіме ұнайды. Құрал-жабдықтарды жаңартқалы бері жұмысымыз әлдеқайда жеңілдеп қалды. Тәулігіне үш ауысыммен жұмыс істейміз. Ауысым соңында жұмысшыларға тегін нан береді. Жалақымызды да уақтылы алып отырмыз», – дейді Шынар.