Жанқиярлық еңбегі лайықты бағаланды

0 8

Ел қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі елеусіз қалмайды. Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінде өткен салтанатты жиында азаматтық қорғау саласының үздік қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Салтанатты рәсімде Жамбыл облысының өкілі, Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Мұрат Анашовқа айрықша құрмет көрсетілді. Ол өз қызметінде кәсіби шеберлігімен, батылдығымен және төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдағы табанды еңбегімен ерекшеленіп келеді. Осы еңбегі үшін оған Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталды. Бұл марапат – оның күнделікті қызметіндегі жауапкершілік пен адалдықтың, сондай-ақ ел тыныштығын сақтаудағы қажырлы еңбегінің нақты дәлелі.

Құтқарушылардың жанқиярлық еңбегі қашанда құрметке лайық. Мұндай марапаттар олардың қызметіне деген сенім мен құрметтің айқын белгісі екені сөзсіз.