Тұрғындарға қауіпсіздік талаптары түсіндірілді

0 5

Шу ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында ауқымды түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараны аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жүргізіп, халық арасында қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша арнайы жадынамалар таратты.

Кездесу барысында мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертіп, әсіресе балаларды қараусыз қалдырмаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар көпқабатты үйлерде және ойын алаңдарында орын алатын жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Төтенше жағдай қызметкерлері жер сілкінісі кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын түсіндіріп, табиғи апат кезінде сабыр сақтап, қауіпсіз орындарға шығу тәртібі жөнінде кеңес берді. Сондай-ақ аула аумақтарында қоқыс пен құрғақ шөпті өртеудің қауіпті екені айтылып, мұндай әрекеттердің ірі өртке себеп болуы мүмкін екендігі ескертілді.

Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар тұрғындардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді. Қауіпсіздік талаптарын сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті екені тағы бір мәрте назарға ұсынылды.