Биыл 43 көшеге жарық шамдары орнатылады
Тараз қаласында инфрақұрылым жүйесі бойынша атқарылып жатқан жұмыс көп. Жол құрылысы жұмыстары қазыр Қолбасшы Қойгелді мен Рысбек батыр көшелерінде жүргізілуде. Сондай-ақ көшелердегі шұқанақтар да жабылып, көлік қозғалысының жақсара түскенін байқау қиын емес. Сондай-ақ қалада көшелер мен аулаларды абаттандыру жұмыстары да жалғасуда.
Тараз қаласының 2026-2030 жылдарға арналған даму картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар да жетерлік. Қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Дархан Шершатовтың айтуынша, алдағы жылдары шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ірі жобалар жүзеге асырылады. Бас жоспар аясында өнеркәсіп өнімінің көлемін межеленген 4 жылдың бедерінде 986,8 миллиард теңгеге дейін жеткізу көзделуде. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін кезең-кезеңімен инвестициялық жобаларды іске қосу жоспарланып отыр. Нақтырақ тоқталсақ, биыл – 10, ал 2027 жылы – 11, 2028 жылы – 5, 2029 жылы – 3, 2030 жылы 1 жоба жүзеге аспақ. Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін арттыруға және қала экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, білім, мәдениет, тұрғын үй, ауылшаруашылығы, инфрақұрылым және өзге де салаларда бірқатар жемісті жобалар қолға алынып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізу көзделген.
Бас жоспарға сәйкес Рысбек батыр көшесі бойында жолды кеңейту жұмыстары жалғасын табуда. Осыған байланысты көше жиегінде заңсыз орналастырылған дүңгіршектерді алу жұмыстары қолға алынған. Мұндай қадам – ең алдымен қаладағы көлік қозғалысын реттеп, кептелісті азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі ашық кеңістік қалыптастыру да басты назарда. Қазір мамандар кезең-кезеңімен демонтаж жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде бұл аумақ заманауи талаптарға сай, кең әрі қолайлы көшеге айналатын болады.
Қала тұрғындарын жиі толғандыратын сауалдардың бірі – көше жарығы. Осы мақсатта 2023-2024 жылдары 164 көшеге және 2025 жылы 65 көшеге жарық шамдары орнатылды. Бұдан бөлек, 2025 жылы «Ұлы дала» шағынауданындағы 22 көше мен 23 аула жарықтандырылды. Биыл 20 көшедегі жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ шаһар аумағына қосылған елді мекендердегі негізгі жолдарға, яғни мектеп, аурухана, балабақшаға баратын 43 көшеге түнгі жарық шамдарын қою жұмыстары басталып кеткен. Аталған жобаны шілде айында аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар 2023-2025 жылдары шаһардағы 908 аула жарықтандырылды. Биыл бұл жұмыстарды да толық аяқтау көзделіп отыр.