Шерхан Мұртаза оқулары
Тараз қаласында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің базасында жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасында ІХ республикалық «Шерхан Мұртаза оқулары» өтті. Бұл дәстүрлі байқау – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның рухани мұрасын жас ұрпақтың бойына сіңіруді көздейтін маңызды іс-шара.
Байқаудың салтанатты ашылуында университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Махметқали Сарыбеков пен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова жас өрендерге сәттілік тіледі. Олар Шерхан Мұртазаның еңбектерін тек көркем әдеби туынды ғана емес, елдік пен ерлікке тәрбиелейтін рухани бағдар деп бағалады.
Аталған байқауға еліміздің әр өңірінен 50-ге жуық үміткер қатысып, үш түрлі аталым бойынша бақ сынады. Бірінші бағыт бойынша қатысушылар жазушының драмалық шығармалары негізінде әдеби және тілдік талдаулар жасап, теориялық сұрақтарға жауап берді. Екінші аталымда Шерхан Мұртаза туралы арнау өлеңдер мен көркем шығармалар ұсынылды. Үшінші бағыт – ғылыми жобалар байқауында оқушылар жазушының прозалық, публицистикалық және драмалық мұрасына талдау жасап, оның патриоттық ұстанымы мен ұлттық рухты дәріптеу бағытындағы идеяларын зерттеді. Кейбір жұмыс авторлары тілтанымдық тұрғыда жаңалықтар ұсынуға да тырысқан.
Байқау қорытындысында Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының І дәрежелі дипломымен 3 оқушы, ІІ дәрежелі дипломымен 6 оқушы, ІІІ дәрежелі дипломымен 10 оқушы марапатталды. Барлық жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен Шерхан Мұртазаның көркем шығармалар жинағы табысталды.
Биылғы байқаудың ерекшелігі Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті ректорының гранты тағайындалуы болды. Бұл грантқа Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің 10-сынып оқушысы Ғұмырзақ Бекасыл лайық деп танылды.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған байқау жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларды ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет етуге үндейді. Шерхан Мұртазаның асқақ тұлғасы мен қаламынан туған туындылар – ұрпаққа бағыт, елдікке мұрат бола бермек.