Ұлт батырының құрметіне ескерткіш тақта ашылды
Облысымызда Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы аталып өтті. Батырды еске алуға арналған іс-шараға ҚР Бас прокуроры Берік Асылов, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, батырдың келіні Зейнеп Ахметова, қоғам қайраткерлері мен жазушылар, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың өкілдері қатысты.
Жиын Бауыржан Момышұлын бір минут үнсіздікпен еске алып, еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұдан әрі Жуалы аудандық прокуратурасында Бауыржан Момышұлының мерейтойына орай, мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
– Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келіп отыр. Осы айтулы даталар аясындағы іс-шаралар Жамбыл облысының Жуалы ауданынан бастау алды.
Бауыржан Момышұлы туған жерін қорғауда ерліктің шыңына шығып, соғыстың қатал сынақтарында қайсарлық пен табандылықтың ерен үлгісін көрсетті. Батырдың халқына деген сүйіспеншілігі, ұлттық құндылықтарды сақтауға қосқан үлесі ерекше. Оның қаламынан туған еңбектері, даналық сөздері – өскелең ұрпақ үшін рухани темірқазық. Баукең майдангер, батыр, жазушы ғана емес, ол 1931-1932 жылдары Жуалы ауданының прокуроры қызметін атқарған. Бұл – біз үшін зор мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік! – деді Бас прокурор Берік Асылов құттықтау сөзінде.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бүгінгі игі іс-шаралар елдігімізді нығайтып, тарихты тануға зор үлес қосатынын атап өтті.
– Батыр Баукең – әулиеата өңірінің ғана емес, күллі қазақ жұртының мақтанышы! Біз Бауыржандай батыр ұлдың ұрпағымыз! Ендеше, сол асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, аманатын адал атқарайық, – деді өңір басшысы.
– Қазақ халқы барда атамыздың аты өшпейді, халықпен мәңгі жасайды, – деген Зейнеп Ахметова елдің амандығын, жердің тыныштығын тілеп, ақ батасын берді.
Сонымен қатар, көпшілікке Жуалы аудандық прокуратура ғимаратында Бауыржан Момышұлына арналған «Тәртіпсіз ер болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» тақырыбында жасақталған танымдық бұрыш таныстырылды. Игілікті іс-шара аясында қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызды.
Еске алу іс-шарасы облыс прокуратурасында жалғасын тапты. Мұнда «Заңдылық» алаңында ескерткіш тақта ашылды. Облыс прокуратурасының бастамасымен ашылған тақта – қазақтың батыр ұлы, Жуалы ауданының прокуроры қызметін атқарған Бауыржан Момышұлы мен Ұлы Отан соғысына қатысқан прокурорлардың құрметіне орнатылды.
Тағылымды іс-шара барысында жас прокурорлар ант қабылдады.