Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!
«Amanat» партиясының облыстық филиалы сыбайлас жемқорлық дертімен күресті өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» атты карикатура байқауын ұйымдастырды.
Байқауға Тараз қаласы мен аудандардан 11 туынды ұсынылды. Қылқаламды серік еткен жасөспірімдердің шығармаларын арнайы құрылған комиссия мүшелері бағалап, карикатура жанрының жеңімпаздарын анықтады.
Салтанатты марапаттау рәсімінде партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов «Amanat» партиясы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс жүргізудің өзіндік тәжірибесін орнықтыра білгенін атап өтіп, партияның облыстық және аудандық филиалдары тарапынан бұл іске айрықша сергектікпен қарап, маңызды істе партиялық белсенділік танытып келе жатқанын жеткізді. Себебі, мемлекеттің сыбайлас жемқорлықпен күресте негізгі мақсаты, қоғамды жайлаған індеттен құтқаруға негізделген.
– Бүгінгі ұйымдастырылып отырған байқаудың басты мақсаты – өздерің сияқты өсіп келе жатқан жастардың арасында қоғамда жағымсыз естілетін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеуді насихаттау. Сыбайлас жемқорлықпен күресті әрбір азамат жеке өзінен бастауы керек деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында туған жер мен Отанға адалдық танытудың берік жолын айқындап берді. Рухани жаңғыру дәуірінде, рухани дүниемізді байыта отырып, қоғамдық сананы ұлт болашағы мен мемлекет келешегін өркендету мақсатына бет бұратын кез келді, – деді төраға.
Сайыс қорытындысы бойынша, Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның 8-сынып оқушысы Амалия Шакизинданың туындысы жеңімпаз деп танылды. Ал, Мойынқұмнан келген Асылжан Қоңыратбай ІІ-орынды, сарысулық Алуа Боранбай ІІІ-орынды қанжығаларына байлады. Басқа да қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен дипломдар табыс етілді.