Бағасы арзан, сапасы жақсы

0 14

Облысымызда «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының бірлескен күш-жігерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі негізде кешенді жұмыс жүргізілуде.

Тұрақтандыру қоры халықты қолжетімді көкөніспен қамтамасыз ете отырып, жыл бойы тауарлық интервенция жүргізеді. Қазіргі уақытта әлеуметтік дүкендерде картоп жеткілікті мөлшерде және нарықтық бағадан төмен. Маусымаралық кезеңде 3050 тонна картопқа форвардтық келісімшарттар дер кезінде жасалды. Тараз қаласының аумағындағы сауда нүктелеріне 800 тонна картопқа тауарлық интервенция жүргізу бойынша тапсырма берілді. Қаладағы әлеуметтік дүкендерге, 64 сауда орнына барлығы 82,8 тонна картоп белгіленген бағамен килограммы 130 теңгеден жеткізілді. Оның ішінде «Вкусная Корзинка», «Нұрислам», «Фиркан» дүкендері бар.

– Әлеуметтік базардан картоп, пияз, жұмыртқа және басқа да өнімдерді қолжетімді бағамен сатып аламыз. Базарларда және өзге де сауда нүктелерінде картоп 300 теңгеден жоғары саудаланып жатса, мұнда картоп 130 теңгеден, сәбіз 90 теңгеден. Әлеуметтік дүкенде өзіңізге қажет тауарды үнемі төмен бағада таба аласыз, — дейді Тараз қаласының тұрғыны Бибіхадиша Отарова.

– «Тараз» ӘКК бізге көкөністерді тұрақты түрде жеткізеді. Жақында килограмы 130 теңге болатын картоп алдық. Тұрғындар тауардың сапасына риза, — дейді әлеуметтік дүкеннің сатушысы Асыл Жалынбет. Мұнда күніне әр сатушыдан 3-4 қап картоп сатып алынады.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Әлеуметтік азық-түлік өнімдеріне заңда белгіленген сауда үстемесінің асып кету фактілері бойынша кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.