Жамбыл облысында ірі жел электр стансасы салынады

0 1

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде энергия сақтау жүйесі бар 1 ГВт жел электр стансасын салу жобасын жүзеге асырып жатқан «Masdar» компаниясының өкілдерімен кездесті.

Аралық нәтижелер туралы «Masdar» жобасының менеджері Ернұр Жиенбаев баяндады. Оның айтуынша жобаның алдын ала құны — 742 миллиард теңге. Қазіргі таңда жел электр стансасының аумағында геотехникалық жұмыстар жүргізілуде. Ірі ЖЭК объектісінің құрылысын 2026 жылы бастау жоспарлануда.

Сондай-ақ Е.Жиенбаев Жамбыл облысында компанияның ауқымын кеңейту және «жасыл» энергетика саласында инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлары туралы атап өтті.

Компания өкілдерімен әңгімелесу барысында Ербол Қарашөкеев жел паркінің еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Кадрларға деген қажеттілікті алдын ала сараптап, өңір тұрғындарының арасынан мамандарды даярлау мақсатында жергілікті жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнату қажеттігін баса айтты.

Қолайлы инвестициялық ахуал мен мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде ЖЭК секторы өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Қазіргі уақытта жалпы қуаттылығы 571,3 МВт болатын 22 ЖЭК нысаны жұмыс істейді.