Тұрғындар өз жауапкершілігін ұмытпауы керек

0 3

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен кезекті аппараттық кеңес өтті.

Жиында әуелі қала әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев аумақтық округтерде коммуналдық және санитарлық тазалық мәселелері бойынша анықталған кемшіліктердің орындалуы туралы баяндады. Оның айтуы бойынша, шаһардың 11 аумақтық округінен 39 мәселе ұсынылған. Атап айтқанда, жол жөндеу, белгі орнату мәселелері бойынша – 3, түнгі шамдарды орнату бойынша – 5, қоқыс алаңшасы бойынша – 11, балалар ойын алаңшасы бойынша – 3, орындықтарды, сынған плита, брусчаткаларды ретке келтіру бойынша – 13, құдық қақпағы бойынша 3 мәселе көтерілген. Бүгінгі таңда олардың 34-і толығымен орындалса, 5-еуі әлі шешімін таппай отыр.

Бұл бойынша шаһар басшысы әр тұрғын өз ауласына жауапкершілікпен қарау керектігін айтты.

– Мемлекет тарапынан бүгінде аулаларды абаттандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алайда, кейде бүгін ғана салынған спорт, футбол алаңшалары ертең-ақ жарамсыз күйге түседі. Мұның барлығы тұрғындардың өз ауласына немқұрайлы қарауынан туындап отыр. Сондықтан олардың жауапкершілігін арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.

Келесі кезекте Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев 2024 жылғы қаңтар-қазан айларындағы шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына және 11 айдың болжамды көрсеткіштеріне тоқталды.

– Қазіргі таңда негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 117 миллиард 871,6 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 105,6 пайызды құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 50 миллиард 474,9 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 118,1 пайызға жетті. Сондай-ақ, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 285 мың шаршы метрге немесе нақты көлем индексі 103,9 пайызға орындалды, – деген Жандос Ілиясбекұлы өзге де саладағы экономикалық өсімді тілге тиек етті.

Бұдан кейін кеңестің күн тәртібіндегі 2024 жылғы қаңтар-қараша айындағы Тараз қаласы бюджетінің болжамды орындалуы, мүгедектігі бар адамдардың өзекті мәселесі және оны шешу жолы, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шағын және орта бизнес, көппәтерлі тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар, ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыру, шаһарда кіші футбол алаңшаларының салынуы секілді маңызды мәселелер қаралды.

Басқосу соңында қала әкімі сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.