Штаб отырысында сегіз жоба таныстырылды

0 11

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен инвестициялық штабтың отырысы жаңартылған форматта өтті.

Осы жылдың мамыр айында «Тараз» ӘКК базасында инвесторды іздеп, келісімшарт жасасудан бастап пайдалануға беруге дейінгі инвестициялық жобаларды сервистік сүйемелдеуді жүзеге асыратын «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылған болатын. Бүгінде аталған дирекция жалпы құны 757 миллиард теңгені құрайтын 30 жобаға қолдау көрсетуде. Сондай-ақ, дирекция жамбылдық тауар өндірушілердің өнімдерін шетелдік нарыққа шығару үшін экспорттық әлеуетті арттыруға күш салып отыр.

Штаб отырысында шетелдік және отандық 8 компанияның өкілдері инвестициялық жобаларды таныстырды. Қордай ауданында шетелдік компания құны 61,1 миллиард теңгеге тау-кен металлургия комбинатын салуды жоспарлап отыр. «Тараз» индустриялық аймағының алаңында қуаттылығы жылына 48 мың тонна әк өндіретін зауыт, металлургиялық зауыт (қара металдардан жасалған болат дайындамалар) салу, шыңдалған шыны өндірісін жолға қою жоспарлануда. Шу ауданындағы «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында 367 миллиард теңгеге тағы бір металлургиялық зауыт бой көтереді. Мұнда сым, арматура, құбыр өндірісіне арналған болат шығарылады. Облыс орталығында қытайлық компания заманауи тракторлар шығаратын құрастыру желісін іске қосуды көздеп отыр. Түрік компаниясы шағын индустриялық аймақтың аумағында тамшылатып суару жүйелерін шығару ісін қолға алмақ.

Шу ауданында Sany Renewable Energy Co. Ltd компаниясы жел генераторларына қажетті жабдықтар шығаратын зауыт салу жобасын іске асыруда. Өндіріс ошағы 1 ГВт жел электр стансасына қажетті жабдық өндіруге қуатты болмақ. Таразда электротаксилер іске қосылып, электр стансалары орнатылады деп күтілуде. Компания бастапқы кезеңде 40 электромобиль мен 10 электроавтобус сатып алды. Сондай-ақ, құны 8,2 миллиард теңгеге қонақ үй кешенін салу жобасы талқыланды.

Бұл жобалардың барлығын жүзеге асыру нәтижесінде 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

– Мемлекет басшысы тікелей инвестиция көлемінің төмендеуіне жол бермеу үшін жұмысты күшейтуді тапсырды. Жүктелген міндеттерді мерзімінде әрі сапалы орындау қажет. Барлық мәселелер жедел және кедергісіз шешілуі тиіс. Нақты жағдайларды ескере отырып, түйткілдердің түйінін тарқатуға көңіл бөлген жөн, — деп түйіндеді облыс әкімі.