Қалалық бюджетке өзгерістер енгізілді

0 29

Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаилдың қатысуымен сегізінші шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс жиырма бірінші сессиясы өтті.

Әуелі қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – «2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №11-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндады. Оның айтуы бойынша ҚР Бюджет Кодексін негізге ала отырып және ағымдағы жылдың 23 қазанында облыстық қазына қаржысына нақтылау жүргізілуіне байланысты бірқатар өзгерістер енгізілген. Нәтижесінде облыстық бюджет есебінен біршама жобаларды қаржыландыруға тиісті трансферттер қарастырылып, Асқаров көшесінің соңындағы алқаптарға кәріз желісін салу, «Шөлдала» алқабындағы 600 орынды «Жайлы мектептің» инженерлік желілерінің құрылысы, Тараз қаласындағы 76 көшені жарықтандыру секілді көптеген ілкімді жобаларға бағытталған.

Келесі кезекте қала әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Темірхан Айменов жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты шарттардың жобасына келісу мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ сессияда «Тараз қаласы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-4 шешіміне өзгерістер енгізу де назардан тыс қалмады.

Күн тәртібіне енген әрбір сұрақ бойынша халық қалаулары көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.