АЭС — Мойынқұм ауданы үшін үлкен мүмкіндік

0 37

Сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті 17-сессиясы өтті. Сессияны облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев жүргізді. Онда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 8 айда өңірде атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Ербол Шырақпайұлының айтуынша, облысқа жыл басынан бері 277,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға ұлғайған.

– Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту. Алдымызда жыл соңына дейін өндіріс көлемін арттыру міндеті тұр. Біз межеге «KORCEM» цемент өндіру зауыты, «Karatau Chemicals» пиросульфит өндіру зауыты және «Шатыркөл» байыту фабрикасы сияқты ірі өндіріс орындарын іске қосу арқылы жетеміз деп ойлап отырмыз. Бүгінде «Қазфосфат» ЖШС-мен бірлесіп өндірісті жаңғырту және өнім түрлерін кеңейту үшін инвесторлар іздеу жұмыстары аяқталуда. Облыстағы 14 ірі, 25 орта, 832 шағын, барлығы 871 өнеркәсіптік кәсіпорында 44,7 мыңға жуық облыс тұрғыны еңбек етуде.

Өңірімізде инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша да жұмыстар жалғасуда. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 702 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 213 миллиард теңгеге 33 жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері жалпы құны 146,7 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба жүзеге асырылып, 674 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Өңірде жаңа өңдеу зауыты, ауылшаруашылық техникаларына қызмет көрсететін сервистік орталық, құм-қиыршық тас шығаратын зауыт, сүт өнімдерін өңдейтін цех іске қосылып, «Жайсаң» мыс-кен орнын игеру жұмыстары басталды.

Облысымызға инвестиция тарту кезінде өндіріс орындарының жетіспеушілігі мәселесіне тап болдық. Қалыптасқан жағдайды шешу үшін біз инвесторларға аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи өндіріс орындарын салуды ұйғардық. Жобаға қаржы жалдау төлемдері арқылы қайтару механизмін қолданып,  индустриялық даму қорынан алынды.

Сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы биыл тамыз айында «Тараз» индустриалды аймағы және «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағы аумағында жалпы құны 4,6 миллиард теңгеге 3 жобаны қаржыландырды. Жобаларды іске қосу 2024 жылдың соңы мен келесі жылдың басына жоспарланған, – деді облыс әкімі.

Ауылшаруашылығы саласында да оң нәтижелер баршылық екен. 2024 жылдың 7 айының қорытындысымен агроөнеркәсіп кешені саласына 6,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен тарату мақсатында 1612 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларының құрылысы бойынша 3 жоба, сыйымдылығы 42 мың тонналық 6 көкөніс сақтау қоймасы, тамшылатып суару бойынша 1 және тері мен жүнді өңдеу бойынша 2 жоба қаржыландырылған. Бұл жобаларды 2025 жылы енгізу жоспарлануда. Агроөнеркәсіп кешенінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары ерекше бақылауда. Сол сияқты 2027 жылға қарай құны 245,4 миллиард теңгені құрайтын 36 инвестициялық жобаны іске асырып, 1110 жаңа жұмыс орнын ашу ойда бар екен.

– «Ауыл аманаты» жобасы өз тиімділігін көрсетіп жатқанын айта кету керек. Жергілікті ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға және ауыл халқын кәсіпкерлікке тартуға бағытталған жоба шеңберінде жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл халқының табысы көбейді. Былтыр жобаға 25,5 миллиард теңге бөлініп, 4 076 жоба қаржыландырылды. Осы жылдың соңында біз республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінуін күтеміз, оларға кемінде 1200 жоба қаржыландырылады, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар облыста елді мекендерді сапалы ауызсумен, жылумен, газбен қамтамасыз ету бағытында да ілкімді істер атқарылған. Тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқаты да жіті назарда. Биыл әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге 43,6 миллиард теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге көп.

Сондай-ақ Ербол Шырақпайұлы облыста білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, туризм салаларында атқарылып жатқан және алда атқарылатын жобаларға кеңінен тоқталды.

Баяндама соңында облыс әкімі депутаттар алдында АЭС салу мәселесіне қатысты бірер ойын ортаға салды.

– Қазақстанда атом электр стансасын салуға болатын орын көп, соның бірі – біздің Мойынқұм ауданы. Біз жақында Түркияға бардық. Делегация құрамында журналистер де болды. Ондағы «Гүлнар» ауданында жеті жылдан бері «Аккую» атом электр стансасы салынып жатыр. Оның құрылысына 20 мың адам мен 400 компания жұмылдырылған. Түрік сарапшыларының айтуынша, құрылыс біткенше оған 20 миллиард доллар инвестиция салынады. Операциялық цикл іске қосылғаннан кейінгі инвестиция көлемі 50 миллиардты құрайды. Менің ойымша, референдумда АЭС салу туралы шешім қабылданып, Үлкен ауылы құрылыс алаңы болып бекітілсе, бұл Мойынқұм ауданы үшін үлкен мүмкіндік. Бұл өткен ғасырдың 60-70-жылдарында облыста фосфор зауыттары салынған уақыттағы үлкен экономикалық жетістікті қайталауға ықпал етеді. Құрылыс туралы шешім қабылданса, біздің әкімдіктің бірінші міндеті – толығымен инвестиция тартып, облыс экономикасын дамытуға пайдалану, – деді аймақ басшысы.

 Сессия барысында депутаттар Керімқұл Бегалиев, Талғат Сәрсенбай, Оралхан Дәуіт, Айтбала Жолмаханова, Дауыл Бейсенқұлов өз сұрақтарын қойып, нақты жауапқа қанықты. Мұнан соң депутат Гүлжан Тлеубердиева жарыссөзге шығып, облыс әкімінің есепті кезеңде атқарған жұмысына оң бағасын берді.