АЭС: Бауырлас Түркиядан үлгі алайық

0 19

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 6 қазан — қазақ жеріне Атом электр стансасын салу жөніндегі республикалық референдум өтеді деп хабарланған күннен бастап елімізде түрлі пікірлер туындап, халық АЭС туралы түрлі ақпарат іздеп кетті. Сол себепті АЭС салынып жатқан мекеннің тұрмыс-тіршілігін салыстырып, АЭС құрылысының халыққа әсерін көзбен көріп, түйген пікірін жұршылықпен бөлісіп, жергілікті тұрғындар назарын ақиқатқа бұру мақсатында Жамбыл облысы бойынша 10 адамнан құралған топ Түркия еліне сапарға шықтық.

Түркия Мерсин провинциясының аумағында алғашқы атом электр стансасын салып жатыр. «Аккую» деп аталатын бұл нысан әлемдегі ең үлкен станса болады. Аумағы 10 шаршы шақырымнан асады. Мұнда ресейлік ғалымдардың жетекшілігімен 4 реактор тұрғызылады. Қазір 4 энергоблоктың құрылысы қатар жүріп жатыр. Бұл станса елдің оңтүстік аймағының дамуына үлкен серпін береді деп күтілуде.

– Жоба құрылысы өңірдің әлеуметтік жағдайына оң әсер етті. Тіпті, қалалардың келбеті өзгеріп, ұлғайып келеді. Жаңа кенттер пайда болды. Жұмыс орындары ашылып, осындағы кәсіпорындар өндіретін тауар көлемі де ұлғайды, – дейді жергілікті кәсіпкерлер.

Атом электр стансасы 50 жылдан аса жұмыс істейді. Демек жергілікті тұрғындар кемі 50 жыл жұмыспен қамтылады және ең бастысы, құрылыс кезінде жақын маңдағы инфрақұрылым дамуда. Яғни, бір атом электр стансасы Мерсин аймағының өркендеуіне серпін берді.

Станса ғимараты сыртқы әсерлерге төзімді, қауіпсіздігі өте жоғары. Ол биіктігі 10 метр болатын цунамиге, магнитудасы 9 баллдық жер сілкінісіне, тіпті, төбесіне 20 тонналық ұшақ құласа да төтеп береді.

Бұл нысан 3+ технологиясы бойынша салынып жатыр. 3+ дегеніміз – Фукусимадағы апаттан кейін жан-жақты сарапталып жасалған қауіпсіздік деңгейі. Бұл жерде күрделі технологиялық процесс енгізілген. Реактордың сыртқы қорғаныш қабаты болады. Сондай-ақ балқып шыққан қоспаны ұстап қалатын тұтқышы бар. Ол іштегі заттарды сыртқа шығармайды. «АЭС-тің қоршаған ортаға қаупі жоқ. Атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайды. Бұл әлемдегі ең қауіпсіз нысандардың бірі болады», — деп отыр сарапшылар. Энергетикалық тұрғыда да тиімді. Мәселен, 2 вагон көмір беретін энергияны 1 киллограм ядролық отыннан алуға болады. Алғашқы блокты 2025 жылы іске қосу көзделіп отыр екен. Түркия билігі атом энергетикасын барынша дамытпақ. Келешекте елдің бірнеше өңірінде стансалар салынады деп жоспарланып отырғанынан да құлағдар болдық.

«Аккую» АЭС жобасын жобалау кезінде экологиялық қауіпсіздікке және қоршаған ортаға минималды әсер етуге ерекше назар аударылған. Жергілікті фермерлер АЭС құрылысын қолдаған. Себебі, өңір энергиямен қамтамасыз етуде тапшылыққа ұшырап отыр, әсіресе қыста электр жарығының үзілуі, электр қуаты мен жылудың жетіспеушілігі жиі кездеседі екен.

Қазақстанның экономикасы дамысын, болашағы жарқын болсын десек, 6 қазанда өтетін республикалық референдумға қатысып, дұрыс таңдауымызды жасайық. Референдумға қатысу – әр азаматтың, әр патриоттың азаматтық парызы деп білемін.

Ондағы бюллетеньде «Сіз Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген сауал қойылады.

Мен Мерсин провинциясында болып, жергілікті экономиканың дамуы мен халықтың пікірін тыңдай отырып, қазір өз азаматтық ұстанымымды елдің алдында зор сеніммен ашық айта аламын. Қазақстанда АЭС салуды қолдаймын! Жер көлемі жағынан тоғызыншы орындамыз, жер асты байлығы жағынан, әсіресе уран қоры жағынан да алдамыз, бірақ, әлемдегі 94 АЭС-і бар ең дамыған 20 елдің қатарында емеспіз.

«Біздегі өндірілетін электр энергиясы жылу электр стансаларының көмір отынының үлесінде екені белгілі, олардың шамамен 80 пайызы көмір отынымен жұмыс істейді. Яғни, қоршаған ортаға келтіретін зиянды әсері жоғары әрі көмірдің де қоры азаюда. Табиғи газға ауыстыруға газдың да қоры жеткіліксіз және қымбатқа түседі. Себебі, еліміздегі өндірілген табиғи газдың 70 пайызы ілеспе газ екенін ескеруіміз қажет. Ал баламалы, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі бізде жалпы энергия балансының 7-9 пайызын құрап отыр екен. Гидро электр стансаларының үлесін арттыруға Қазақстанда су ресурсы тапшы. Оның үстіне еліміздегі жылу электр стансаларының тозу деңгейі жоғары екенін әрі электр энергиясына деген сұраныс жылдан-жылға артатынын, сонымен қатар, еліміз уран қоры бойынша әлемде алдыңғы қатардағы мемлекет екенін ескерсек, әрине, атом энергетикасы Қазақстанды айналып өтпейтіндігі анық. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Ресей, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония мемлекеттері бұрыннан атом энергиясының қуаты мен тиімділігін мойындап, оны мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі факторы ретінде қарайды», — дейді белгілі ғалым Мұхамеджан Сексенбай.

Сондықтан озық елдерден қалмайық, бірінші АЭС-тің ең заманауи, қауіпсіз үшінші буынын елімізде салуды қолдайық! Ол оншақты жыл соғылатын болады, 10 мыңнан аса жұмыс орны ашылады, құрылысты жобалау, сапалы салу және пайдалануды халықаралық МАГАТЭ ұйымы қатаң бақылауда ұстайтын болады. Оны соғу құқығы кімге беріледі, Францияға ма, Ресейге ме, Оңтүстік Кореяға ма, жоқ Жапонияға ма, ол кейінгі мәселе, референдумда халықтың қолдауына ие болған жағдайда ғана конкурс арқылы шешілетін болады. Халыққа керегі, ең бастысы АЭС-тің қауіпсіздігі, құрылыстың айрықша сапасы мен мемлекет қаржысының мақсатты, тиімді жұмсалуы және елімізде тұрақты, сенімді экологиялық таза энергия көзіне ие болу. Осындайды ертерек түсінген бауырлас Түркияда алты жылдан бері Аккую АЭС-ның құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Бізде сондай АЭС соғылатын болса экологиялық таза және тұрақты электр оэнергиясына ие боламыз, еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі нығайып, халықтың әл-ауқатын көтеретін негізгі салалардың тұрақты дамуына жан-жақты жол ашылатыны ақиқат.