Байзақ ауданында 240 отбасы баспаналы болды
Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында 240 пәтерлі, көпқабатты төрт тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қоныстой иелерінің қуанышын арнайы келіп бөліскен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев баспана кілттерін салтанатты түрде табыстады. Облыс әкімі баспана мәселесін шешу негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтіп, мемлекеттік бағдарламалардың негізінде тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді.
— Қуанышымызда шек жоқ. Тоғыз жыл үй кезегінде тұрдым. Бүгін үш бөлмелі пәтерге ие болу бақыты бұйырды. Мемлекет қолдауына мың алғыс, – дейді сегіз баланың анасы Нағима Еділханқызы.
«Әл-Фараби» шағын ауданында бой көтерген жаңа тұрғын үйлерде бір бөлмелі – 80, екі бөлмелі – 80, үш бөлмелі 80 пәтер қарастырылған. Баспаналар көпбалалы, толық емес отбасыларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, бюджеттік сала қызметкерлеріне берілді.
Бүгінде Байзақ ауданында 3 мыңнан аса азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында өткен жылы төрт тұрғын үйдің құрылысы жүргізілсе, биыл 120 пәтер сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 15 тұрғын үйдің құрылысы қарқын алған.
Жалпы Жамбыл облысында биыл 750 мың шаршы метр тұрғын үй беру көзделуде.
2023 жылы 1100 пәтерлі 19 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне берілсе, ағымдағы жылы 2569 пәтерлі 51 баспананы пайдалануға беру міндеті тұр. Бұдан бөлек, тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1575 пәтер сатып алынатын болады.