Киім үлгілері көз жауын алады

0 15

Құландық Жанна Калининаның тігіншілікпен айналысып жүргеніне екі жылдай уақыт болыпты. Тәжірибелі тігіншіге ауыл тұрғындарымен қатар аудан орталығына жақын орналасқан елді мекен тұрғындары арнайы келіп, тапсырыс беретін көрінеді. Тігіншінің қолынан шыққан киім үлгілері көздің жауын алады. Жанна – сәнді көйлектер тігумен қатар, түрлі сән үлгілерін шығаратын керемет дизайнер. Бір қызығы Жанна аралас ұлттар отбасында дүниеге келген.

Жанна бала кезінен қолөнерге жақын болып өскен. Әжесі де өз заманында неше түрлі киім тіккен екен. Сондықтан болар, тігіншілік Жанна үшін жат өнер емес. Әжесінің жанында отырып, сабақтан бос уақытында киім тігіп, үйге қажетті көрпе-жастықты оюлап құрақ құраған. Он саусағынан өнер тамған қызының талабына әжесі сүйсініп отырады екен. Кішкентай саусақтары иіліп, ине-жіпті икемге келтірген шебердің ісін көріп әжесінің қуанған сәті Жанна үшін күні кеше болғандай.

Тігіншілікпен айналысуға Жанна Калинина оқу бітірген жылы кірісті. Ол Тараз қаласындағы «Аспара мәнерлік өнер және бизнес» колледжін тәмамдаған. Алдымен, сол оқу орнында жұмыс жасаған. Кейін тұрмыс құрып, ауылға көшіп келіп, ана атанады. Декреттік демалыста қол қусырып отырмай, өз сүйікті ісімен айналысуды жөн көрген-ау шамасы.

Ұлттық киім тігудің шебері Жанна бүгінгі күні этно-стиль өте танымал болғанын айтты. Мұндай үлгі қашанда сәннен қалған емес. Керісінше, жаңғырып жанданып келеді. Оның тіккен ұлттық киімдерін бүгінде аудан тұрғындары түрлі жерлерде киіп жүр. Иә, көз майын тауысып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» – дегендей, қазақы нақыштағы киім тігу – нағыз өнер. Кез келген адамның қолынан келе бермейтін өнердің бұл түрі біздің елде жақсы дамығанмен, ауданда ұлттық киім тігетіндер көп емес. Сондықтан өнерін табыс көзіне айналдырып, кәсіпкерлікпен айналысу үшін Жанна көп еңбек еткені көрініп тұр. Ол алғашқы жұмысын бір ғана тігін машинасымен бастаған. Қазіргі таңда өз кәсібін кеңейтіп, жанына көмекші қыздар алсам деген жоспары барын тілге тиек етті. Қолөнер шебері барлық керек жарақты, қажетті манекен, үтік, үстел сынды дүниелерді өз қаражатына алғанын жеткізді. Яғни, ешқандай қайтарымсыз несие алмаған.

Жаннаның сүйікті ісімен айналысуына жолдасы, ата-анасы мен жақындары үлкен қолдау көрсетіп отыр. Жолдасының еңбегі зор. Қашанда жарының кәсібін қолдауға дайын тұрады. Жанна бұл күнде 1 қыздың анасы.