Дизайны ерекше «Madina cakes»

0 21

Облыс орталығындағы Қойгелді көшесінің бойында орналасқан «Madina cakes» кофеханасының дизайны ерекше, интерьері көз тартады. Мұнда макаронстар, мадлен, бельгиялық вафли, жапондық моти, торттар, самсалар, тәтті бәліштердің түр-түрі сатылады. Кофехана иесі Мадина Далабаева бала күтіміне байланысты үйде отырса да, шағын кәсібі арқылы нәсібін тауып, көпшілікке үлгі болып отыр.

Мадина Далабаева 1995 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. №54 орта мектепті аяқтаған соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология» факультетіне оқуға түседі. Мадина тәтті пісіруге ойда-жоқта келгенін айтады. 2019 жылы екінші сәбиін босанған кейіпкеріміз кәсіп ашуға бекініп, тараздық белгілі кондитер Мөлдір Сәбитқызынан сабақ алады. Шеберлік сыныбында кондитер түрлі тәттілерді пісірудің жолын үйретіп қана қоймай, жасаған дүниесін саудалаудың да қыр-сырын меңгертеді.

– Шынымды айтсам, тұрмысқа шыққанда қолымнан ас әзірлеу мүлдем келмейтін. Торт, бәліш пісіру тіпті, ойыма кіріп шықпапты. Анам тамақ пісіруге икемсіздігімді байқап «Өз үйінде ою оймаған, бөтен үйде кесте тігер» деп жиі айтып отыратын. Айтқаны айдай келді. Ата-анамның еркесі болып, асүйге жоламаған мен келін атанған соң енемнің үйретуімен асхана тірлігіне араласа бастадым. Осы орайда ол кісінің сабырмен үйретіп, келіндік өмірге дағдыландырғанына рақметімді айтамын. Екінші баламды босанған соң кәсіпке бет бұра бастадым. Ата-енемнің, жарымның жағдайын жасап, балаларымды қарап, кофехананың тірлігін жүргізу басында оңай болмады. Дегенмен, уақытымен барлығы орнына келе бастады. Бала кезімде журналист болуды армандадым. Ата-анам да қолдап, жоғары оқу орнына түсірді. Алайда, 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Бүгінде ойламақ түгілі түсіме кірмеген кәсіптің көзін тауып, жүргізудемін, – дейді Мадина.

Ол бастапқыда үйден тапсырыс қабылдап, торт пен тәтті бәліштер пісіріп жүреді. Тортының дәмді болғаны соншалықты алғашқы кездің өзінде қарапайым халық үйінен талап әкетіпті. Бір тапсырыс берген адам бірнеше рет қайта келе бастайды. Кейіпкеріміз баламен үлгермей жатқанда енесі қолғабыс етіп, екеулеп торт пісірген күндерін күліп, еске алады. Жұбайы да кәсібіне қолдау көрсетіп, көмегін аямағанын айтады. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демекші, отбасындағы ауызбіршіліктің арқасында Мадинаның тірлігі тіктеле бастайды. Жас болса да бас болып, тәуекелге бел буған ол 2020 жылы шағын әрі сәулетті етіп өз атымен кофехана ашады. Бұл уақытта Мадинаның сатып алушылары екі есе көбейген еді.

Нәтиже шыққан істі одан сайын ілгерілету керек. Тынбау керек. Тұрақтылық жеңіске апарады. Тамшы тама береді, тама береді, сөйтіп тасты теседі. Мықтылығынан емес, тұрақтылығынан. Мадина да солай жасады. Тәттілерін түні бойы ұйықтамай пісіріп, сатты. Түбінде жеңіске жетті. Өзі бір үйдің жалғыз келіні. Тұрмыс құрғанына он жыл болған үш баланың анасы бүгінде танымал кәсіпкер. Жиырма адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылар күніне кемі 5000 теңге жалақы алады. Сағат 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтін кофехананың нарықта алдыңғылардың қатарында келе жатқанына да үш жылдай болыпты. Күніне мұнда 100 данадан бес түрлі тәтті бәліш, 15 түрлі жапон десерті, 50 шақты торт, самса пісіріледі. Дайындалған тәтті бір күнде-ақ сатылып кетеді. Тіпті, алдын ала тамыз-қыркүйек айларына да тапсырыс қабылдап қойған. Мұны да арнайы маман жазып, тіркеп, тапсырыстың уақытылы жіберілуін қадағалап отырады.

– Көбінде «Instagram» парақшасы арқылы сатамын. «Екі түрлі әрекеттің біреуін таңдау керек болса, қимылы көбірегін таңдаймын» деп Радислав  Гандапас айтқан екен. Сол секілді мен де қимылы көп жұмысты таңдаймын. Жапон мотиын және круассандарды жасаудың жолы бөлек. Кім болса да жасай алмайды. Моти мен круассанды өзім жасаймын. Кофеханадағы қыздарға да білгенімді үйретуге тырысамын. Менде тек бір рецепт бар. Соны үйретемін. Кейде менің рецептімді үйреніп алу мақсатында 3-4 ай ғана жұмыс істеп, шығып кететіндер де кездеседі. Арасында өз кәсібін ашып алғандар да бар. Бүгінде ондай адамдардың ниетін байқасам, жұмысқа қабылдамауға тырысамын. Тұрақты түрде адал қызмет атқаратын жиырма адам ғана менімен бірге үш жылдай еңбек етіп келеді. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтеміз деген де жоспар бар. Ол уақытта тағы жиырма адамды жұмыспен қамтитын боламыз, – деген Мадина 2018 жылы мемлекеттен 550 мың теңге грант ұтып, оған тәтті пісіретін пеш сатып алғанын жеткізді.

«Еңбек етемін, табыс табамын» деген адамға қолыңнан келмейтін дүниені де үйреніп, бірінші хоббиға, екінші кәсіпке айналдыруға болады екен. Оны Мадина Далабаева дәлелдеп отыр. Ең бастысы ынта мен құлшыныс керек.

– Әрекет етсеңіз ғана нәтижесі болады. Жатып алып «Менде анау жоқ, мынау жоқ» деген бос әңгіме. Кейбіреулер істі бастамай тұрып «Пайдасы қанша болады?» деп сұрап жатады. Мен ондайларға таңғаламын. Немесе «Бастауға қорқып тұрмын», дейді. Бастамай жатып қалай қорқасың? «Үйде отырмын, табысқа шығуыма кепілдік бар ма?» дейтіндер де кездеседі. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген. Жасағыңыз келіп тұрған істі бастап кету керек. Келесі жылы жақсы нәтижеге қол жеткізгіңіз келсе, биылдан бастап әрекет етіңіз. Менің қолымнан келмейді деп ойламаңыз. Адамның жасағанын адам жасайды. Тәтті әлемі үнемі сұраныста, – дейді кондитер.

Мадинаның алдағы арманы – қаланың кез келген нүктесінен кофехананың филиалын ашу. Аудандарда да өз кәсібін дөңгелетуді жоспарлап отыр. Адал кәсіптің қиындығы қаншама болса, жемісі де соншама тәтті болады.