Қоныстой көбейеді
Облысымызда үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2909 пәтерлі, 56 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға 12,3 миллиард теңге қарастырылған, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Биыл 2569 пәтерлі 51 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Алты айдың қорытындысына сәйкес, 104 пәтерлі 2 арендалық тұрғын үй мен жеке инвестиция есебінен салынған 383 пәтерлі 11 үйдің құрылысы аяқталды. Ағымдағы жылы 14-шағын ауданда 5,2 миллиард теңгеге 800 пәтерлі 22 әлеуметтік кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталады деп күтілуде.
Биыл халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 1575 азамат арендалық тұрғын үймен қамтылады. Бұл бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз пайдалануға берілетін 354 пәтер, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен жекешелендіру құқығымен жалға берілетін 1221 пәтер сатып алуға қаражат қаралды. Өткен жылмен салыстырғанда пәтер 2 есеге (2023 ж. – 864 пәтер), ал, қаражат көлемі 3 есеге (2023 ж. – 7,8 миллиард, 2024 ж. – 23,2 миллиард) артты.
Еске сала кетейік, өңірде тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 38503 азамат тіркелген. Биыл жамбылдықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін өткен жылмен салыстырғанда 227,1 пайызға (2023 ж. — 100,2 пайыз) арттыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 2173 шаршы метрі — жалға берілетін тұрғын үй (2023 ж. — 1 122 м²), 2151 шаршы метрі — әлеуметтік кредиттік тұрғын үй (2023 ж. — 782 м²).