Экоакция аясында ауқымды жұмыстар атқарылды

0 33

Бүгінде облысымызда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өткізілуде. Акция аясында облыстың барлық аудандарында қоғамдық орындарды, көшелерді, базарлар аумағын, су айдындарының жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізілді. Аталмыш іс-шараның басты мақсаты — экологиялық мәдениетті арттыру, өрт қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық орындарды, көшелер мен су айдындарын жиналған қоқыстардан тазарту.

Акция аясында бірқатар тазалық шаралары ұйымдастырылды. Ағымдағы жылдың 7 шілдесі күні Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшедегі 400-ден астам үйдің ауласы, 47 үйдің іші мен мектептің жертөлесін су алды. Ағын сумен бірге қырдағы тал-дарақтар мен қоқыстар ауыл көшелерін басып қалып, жергілікті тұрғындарды біраз әбігерге салған еді. Аталмыш ауданда қазақтың ежелгі салтымен «Асар» дәстүрі қайта жаңғырып, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарынан 150-ге жуық ерікті зардап шеккен көшелерге асарлатып, тазалау жұмыстарын жүргізді.

— Ағын судың салдарынан ауылдағы ағайынның әбігерге түскені рас. Көше толы топырақ пен тал-дарақты тазалау оңайға соққан жоқ. Осы орайда, қазақтың көне дәстүрі негізінде асарлатып келіп жатқан өзге аудандағы бауырларымызға алғысымызды білдіреміз. Қандай қиындықты да ауызбіршілікпен еңсерген еліміздің болашағы жарқын бола берсін, — дейді Сарысу аудандық жастар орталығының директоры Асылжан Пазылбеков.

Сонымен қатар волонтерлер бастауын Қырғыз елінен алатын Талас өзенінің жағалауын қоқыстардан тазарту жұмыстарына тартылды. «Жастар Таза Қазақстан үшін!» экологиялық акциясына 200-ден астам ерікті қатысты. Олар жағалаудағы шашылып жатқан пластик қалдықтарды жинап, 400 қап қоқысты арнайы орынға апарып төкті.

Сондай-ақ Тараз қаласының «Көктем» алқабында, Қордай, Байзақ, Сарысу аудандарындағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың бойында, саябақтар мен орталық көшелерде қураған шөптер шабылды. Тұрғындар арасында тазалық мәдениетін артыру мақсатында белсенді азаматтардың бастамасымен Тараз қаласындағы Талас өзені, Жуалы ауданындағы Теріс өзені, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының Нұрлыкент, Қызыларық ауылдарындағы жағалаулары қоқыстардан тазартылып, белсенді қатысушылар марапатталды. Ал Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында волонтерлер арасында конкурс, Талас ауданында «Таза көше», «Таза аула» байқаулары өткізілді. Оларға аула тұрғындары қатысып, белгіленген аулалар сынға түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Байзақ ауданының Қостөбе және Сарыкемер ауылдық округтерінің аумағында белсенді азаматтар, еріктілер, депутаттар Тараз-Сарыкемер жолының бойын, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, көгалдарды шабу жұмыстарын жүргізді.

Қордай ауылының кіреберісінде орналасқан негізгі сауда нысаны «Барыс-2» базарына өзге аймақтардан ауыр жүк көліктері көптеп келетіндіктен базар аумағы қоқысқа толып жатады. Осыны ескеріп, жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Еріктілер мен жергілікті тұрғындар базар аумағын қоқыстан тазартып, жол бойындағы және сауда орындарындағы аймақтарды ретке келтірді. Сондай-ақ қатысушылар базар маңайындағы жасыл желектерді суғарып, ағаштар мен гүлдерді ретке келтіру жұмыстарын атқарды.

Жалпы, акция аясында облысымызда 320 мың шаршы метр әуежай, теміржол, автобекеттер мен автобус парктерінің, 206 мың шаршы метр отын-энергетика кешендерінің, 108 мың шаршы метр емдеу орталықтарының, 508 мың шаршы метр оқу орындарының, 280 мың шаршы метр шағын және орта кәсіпорындардың аумақтары күл-қоқыстан тазартылды. 818 шақырым канал мен арық жүйесі, 125 мың тұрғын үй ауласы және 4,5 мың шақырым көше тазаланды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. 2,4 мың ағаш бұталып, 455 мың шаршы метр жасыл желек суғарылды. Сондай-ақ 60 тарихи-мәдени ескерткіш пен 143 саябақ, сквер аумағына тұрақты түрде тазалық жұмыстары жүргізілуде. Тазалық жұмыстарына 910 техника жұмылдырылған.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы бұл ауқымды жұмыстарға 500 мыңнан аса жамбылдық белсенді қатысқан. Оның ішінде, тұрғындар, ардагерлер мен жастар, үкіметтік емес ұйым өкілдері және түрлі мекеме қызметкерлері бар.