Ұлы Далада «Әлі ата» мешіті ашылды

0 32

Имандылық тәрбиесі идеологияда зор рөл атқарады. Ал, ол тәрбиенің негізі – дінде. Ислам діні – адамдарды адамгершілікке, адалдыққа, қайырымдылыққа, тазалыққа, отаншылдыққа, мәдениеттілікке, білімдарлыққа, жалпы жақсылық атаулыға тәрбиелеуде ең қуатты құрал. Ол қазақ қоғамында кешегі кеңестік идеология «дін – апиын» деп имансыздықты уағыздағанға дейін бірнеше ұрпақты ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, құрметтеуге үндеген. Кеңестік керітартпа идеологияның кесірінен, сұрқия саясаттың салдарынан осы рухани байлығымыздан айырылып барып, Тәуелсіздіктің арқасында біртіндеп қалпына келіп жатқан жағдайы бар. Қазақстанның түкпір-түкпірінде ондап, жүздеп ашылған, әлі де ашылып жатқан мешіттер – осының бір айғағы.

Жуырда тарихи Тараз шаһарында осындай оңды оқиғаның куәсі болдық. Қалада жаңадан бой көтерген «Ұлы Дала» (№15) шағын ауданында «Әлі ата» мешіті имандылық жолындағы азаматтарға, жалпы мұсылман қауымға есігін айқара ашты.

Алланың үйінің ашылу салтанатына арнайы қатысып сөз сөйлеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы діннің қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталып, Қазақстанда ислам дінінің өркен жайып, өрісі кеңейуіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оң көзімен қарап, зор қолдау білдіріп отырғанын ерекше атап өтті. Ол, сондай-ақ, елімізде дінаралық, этносаралық өзара түсіністік пен татулықтың орнығуында ислам дінінің өзіндік орны бар екеніне де тоқталды.

Еліміздің бас мүфтиі мынау мешіттің ашылуы өте құптарлық іс екенін баса айтты. Өйткені, мешіт – тәрбиенің мектебі. Бағзы замандарда біздің ел басқарған қайраткерлеріміз, ғұлама бабаларымыз, озық ойлы оқымыстыларымыз білімді мешіт-медреселерден алып, ілімді сонда тоқыған. Осы жағы қашанда ойда болуы керек. Ойда болып қана қойуы аз, осыны әрбір мешітке келуші намазхан терең ұғынып, өзгелерге насихаттай жүргені абзал.

Бас мүфти діннің қоғамдағы рөлі туралы жан-жақты айта келіп, осы имандылық жолындағы игі іске зор үлес қосып, басы-қасында жүрген Қуаныш Сәлімов пен Ұлбосын Аханбекованы ҚМДБ-ның Алғысхатымен марапаттап, мешіттің имамына Құран Кәрім кітабын сыйлады.

Салтанатты рәсімде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз сөйлеп, жиналған жамағатқа құтты болсын айтты.

Осы мешітті тұрғызушылардың ағайындары атынан сөз тізгінін ұстаған ұстаз-ғалым, профессор Сағат Мырзашев имандылық жолындағы іс-шараның тәрбиелік мәні жоғары екенін ескертіп, мешітке аты беріліп отырған Әлі ата кім болғанына тереңірек тоқталды. Ұстаз-ғалым өткеннің өкінішті тірлігінің тігісін жатқызып, бүгінгі оқиғаға оң баға беріп, құптарлық іске құттықтау айтты. Жиналған қауымды имандылыққа шақырды.

Ұрпақтары ұлықтап, мешітке есімі берілген Әлі ата кім?

– Менің атам Әлі Бекжанұлы кеңестік кезеңде қоғам жұмысына ішінара араласып, негізінен аңшылықпен айналысқан екен. Ол кісі ашаршылық кезінде бүкіл ауылды асырапты. Ал енді, саяси қуғын-сүргін тұсындағы әрекеті – нағыз ерлік. Атам кеңес өкіметінің қудалауымен ауыр жазадан қашып, тау-тасқа тығылып, сай-саланы сағалап жүрген қожа-молдаларға азық-түлік жеткізіп беріп тұрған. Содан «салпаңқұлақ» сатқындардың көрсетуімен «халық жауы» ретінде тұтқындалып, 11 жыл абақтыда отырып келген. Әжем Ақжарқынның ары-бері шапқылап, ізденуінің арқасында, оның үстіне «мұртты көсем» Сталиннің дүниеден озуы да себеп болған шығар, 1954 жылы толық ақталып елге келіп, келесі жылы қайтыс болды. Алланың үйіне аты берілуі әбден дұрыс. Атам осыған лайық еді. Аталарының есімін ұлықтаған ұрпақтарына рахмет! – дейді немересі, бүгінде сексенді алқымдап отырған абзал ана Ханшакүл Шәбденбекқызы.

«Әлі ата» мешітінің ашылу салтанаты иісі мұсылманның ұлық мерекесі – Құрбан айттың қарсаңында, арапа күні болған. Сондықтан, осы рәсімде сөйлеген кісілердің бәрі де жиналған қауымды алдағы Құрбан айт мерекесімен құттықтағандары айтпаса да түсінікті.

Мешіт лентасын жоғарыда сөз сөйлеген лауазымды тұлғалар қиды. Салтанатқа жиналған қауым мешіт ішін аралап тамашалап, осында намаз оқылды.

Жиын соңынан қонақтарға ас беріліп, әруақтарға құран бағышталды. Алла қабыл етсін!

– Марқұм Сембек інім қайырымдылықты көп жасаған жан еді. Болашақта мешіт тұрғызу ойында болған шығар. Ол, енді, бір Аллаға аян. Інімнің отбасының бастамасымен, ағайын-туыстың қолдап құптауымен осы бір игілікті іс жүзеге асырылып, мешіт жамағаттың игілігіне пайдалануға ұсынылды. Мешіт халық игілігіне қызмет етсе, одан басқа мақсат жоқ. Сауабы Алладан болсын! Бауырларымның бастамасына қолдау білдіріп, жер телімін бөлген билікке де рахмет! – дейді Әлі атаның тағы бір немересі Сәрсенбек Сыпабекұлы.

Осы істің басы-қасында жүрген тағы бір азамат Құрманғали Сыпабекұлы ініміз:

– Мешіттің сыйымдылығы 2000-2500 адамға дейін. Әйел-намазхандарға арналған арнайы бөлмесі бар. Мешіт ауласы 2,5 гектар жерді алып жатыр. Аумағында 250 адамға арналған асхана бар. Онда жамағат ас, құдайы тамақ, ауызашар, тағы басқа діни рәсімдерді өткізе алады. Қазан-ошағы, ыдыс-аяғы түгел. Мал соятын қасапхана талапқа сай жабдықталған. Кез-келген уақытта құлшылығыңызды жасап, құдайыңызды тарата беріңіз. Мешіт қызметіңізге әзір, – дейді.

Алланың үйі – «Әлі ата» мешіті есігін айқара ашты. Имандылыққа бет бұрғандар көбейіп, мешітке келушілер қатары молайсын. Іші намазхандарға толсын!