Отандық ғалымдардың озық технологияларын енгізу жоспарлануда

0 29

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аймақтағы бірқатар агроқұрылым, шаруа қожалықтарының басшыларымен еркін форматта кездесу өткізді. Онда шаруалар саладағы бірқатар мәселелерді баяндап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Басқосу барысында суармалы алқаптардың аумағын ұлғайту, заманауи ауылшаруашылығы техникаларын кеңінен пайдалану, асылтұқымды мал санын арттыру мәселелері, сондай-ақ өнімдерді қайта өңдеу бағытындағы жобаларды іске асыру барысы талқыланды.

Ербол Қарашөкеев облыстың ауылшаруашылығы саласындағы әлеуеті жоғары екенін баса айтты. Биыл облыста 644,5 мың гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылды, 317,7 мың гектарға жаздық дақылдар егілді. Ағымдағы жылы өздігінен жүретін 491 ауылшаруашылығы техникасын алу көзделген болса, қазіргі таңда 197 трактор, 4 комбайн сатып алынған. Су үнемдеу технологиялары пайдаланылатын алқап көлемі 7 мың гектарға ұлғайтылды. Жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесін 47 мың гектарға дейін енгізу жоспарлануда.

– Облыстың статистикалық мәліметтері қайта нақтыланып, талдау жұмыстары жүргізілуде. Зерделеудің алғашқы нәтижелері бойынша ауылшаруашылығы саласының деректерінде сәйкессіздіктер анықталды. Санақ жүргізу арқылы мал басының есебі шығарылды. Жалпы, нақты мәліметтер болмаса, алға қадам баса алмасымыз анық. Сондықтан санға емес, сапаға көңіл бөліп, шынайы статистиканы қалыптастыру маңызды, – деді облыс әкімі.

Ербол Қарашөкеев агроқұрылым басшыларына Президент тапсырмасына сәйкес, әкімдік жанынан облыстық Ғылым және технологиялар кеңесі құрылатынын жеткізді. Аталған кеңес ғылым мен бизнес арасындағы дәнекерге айналып, жергілікті жерде инновацияның дамуына күш салады. Ауылшаруашылығы саласындағы жобаларға отандық ғалымдардың озық технологияларын енгізу жоспарлануда.

Кездесу барысында шаруа қожалықтарының, ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерінің басшылары мен қайта өңдеу саласындағы агроқұрылым өкілдері салаға қатысты мәселелерге тоқталып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Атап айтқанда, олар шаруаларды сақтандыру жүйесімен қамту, мемлекеттік қолдау шараларының механизмдерін жеңілдету және өнімдерді өткізу мәселесіне қатысты мәселелерді көтерді. Бұдан бөлек, ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерін техникамен қамтамасыз ету, жоғары өнімділікке қол жеткізу, тұқым сапасын арттыру бойынша да пікірлерін білдірді.

Ербол Қарашөкеев агроқұрылым басшыларын ауылшаруашылығы саласын түбегейлі түлету үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Әкімдік кез келген шаруамен кері байланыс орнатып, оларға жан-жақты қолдау көрсетуге мүдделі.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық көтерілген мәселелерді назарға алып, жауаптыларға жүйелі жұмыс жүргізу бойынша нақты міндеттерді тапсырды.