Үшаралдық Еламан Шалбаев «Жігіт жампозы» атанды
Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйытқы болуымен Балалар өнер мектебінде «Жігіт жампозы» атты аудандық байқау өтті.
Сайысқа Қаратау қаласы мен ауылдық округтерден келген жас жігіттер қатысып, өзара бақ сынасты. Байқау барысында жалынды жігіттер төрт кезең бойынша сынға түсті. Атап айтсақ, таныстыру, «Жігітке жеті өнер де аз, жетпіс өнер көп емес» өнер сайысы, «Күш атасын танымас» спорттық сайыс, «Алғыр жігіт ақылына қарай іс-қылар» сұрақ-жауап сайысы.
Тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Үшарал ауылдық округінен келген Еламан Шалбаев қанжығасына байлады. I-орынды Талапты ауылынан келген Данияр Баялы жеңіп алса, II-орынды М.Әуезов атындағы орта мектептен Мухаммед Асанов пен Боран Темірбекұлы бөлісті. Үздік үштікті А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп гимназиядан Бағлан Әбдиганиев және Тамды ауылдық округінен келген Нұрзат Мұхтар түйіндеді.
Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлер және барлық қатысушылар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.