Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең

0 23

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай аудандық мәдениет үйінің үлкен залында «Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең» атты салтанатты іс-шара өтті.

Онда аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев пен аудандық мәдениет үйінің директоры Мейіржан Сейділдаев өңір мәдениетінің дамып өркендеуіне, көркеюіне өз үлестерін қосқан, ыстығына күйіп, суығына тоңған өнер майталмандары Болатбек Әбішев, Мақсұт Омаров, Раушан Жетібаева, Гүлжахан Асылбекова, Дариға Әбілхаева, Әтіркүл Бекбергенова, Жамбы Туғанбаева, Гүлсім Нарбаева, Гүлжахан Рысқұлова, Дария Рысалдиева, Тамара Әлібековаларды құттықтап, гүл сыйлады.

Мәдениет және өнер саласының қызметкерлеріне ақжарма тілегін арнаған аудан әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлы сала үздіктеріне түрлі деңгейдегі марапаттар табыс етті. Мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Гаухар Айтымоваға, Хантау ауылдық кітапханасының меңгерушісі Қанат Түйешиеваға, Мәдениет үйіне қарасты «Зерде» бейнемобиль кешенінің меңгерушісі Бектұр Сырымбетовке облыс әкімінің Алғысхаты табысталса, аудандық мәдениет үйінің әртісі Қажымұрат Әбдіқадыров, Хантау ауылдық клубының меңгерушісі Дәурен Қалиев облыстық халық шығармашылығы орталығының Алғысхатына ие болды. Ал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қорын толықтыру бөлімінің редакторы Айман Байғожаева, Мирный ауылдық кітапханасының меңгерушісі Сәлима Исаева Қазақстан кітапханалық одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен, «Құмөзек» халық театры режиссерінің көмекшісі Исахан Игенов республикалық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ Құмөзек ауылдық кітапханасының меңгерушісі Гүлмира Иманқұлова, аудандық мәдениет үйінің әртісі Гүлгүл Тәйтімова осы кәсіптік одақтың Құрмет грамотасын алды.

Еңбек ардагерлері Күлжаһан Әліқұлова, Аққанкүл Дүйсетаева, Бибігүл Сабанбаева, Көкжелек ауылдық кітапханасының меңгерушісі Дариякүл Алыпбаева, Саз мектебінің мұғалімі Ғалымжан Иетаев, «Мойынқұм» халық театрының режиссері Ерлан Айтқабыл, «Мойынқұм» халық театры режиссерінің көмекшісі Бейбітхан Сеңгірбаев, аудандық мәдениет үйінің әртістері Медет Қалиакбаров, Қасымжан Сәденов, Мойынқұм аудандық мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Жамбыл Бекбосынов ауданның мәдени-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің «Мойынқұм ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Серікқазы Дауыталиев аудан әкімінің Айтбай Назарбеков мерекелік медалімен марапатталды.

Ерекше атап өтетін жағдай, биыл Шона Смаханұлының 100 жылдық мерейтойына орай өткен облыстық, республикалық байқауға қатысып, жүлделі орынға ие болған «Мойынқұм» халық театрына облыстық байқаудан 300 мың теңге, республикалық байқаудан 200 мың теңге ақшалай сыйлығының сертификаты табысталды. Режиссері – Ерлан Айтқабыл.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов сала қызметкерлеріне арналған жылы лебізінен кейін аудандық мәдениет үйінің аккомпониаторы Жанғозы Сарыбаевқа, аудандық мәдениет үйінің әртісі Ержан Омаровқа және аудандық мәдениет үйінің бейнеоператоры Елнұр Әскербековке аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыс етті.

Мерекелік іс-шараға арнайы қатысқан «НАМЫС – Ардагерлер қоғамының» өкілі, Қазақстан, Қырғызстан жазушылар одақтарының мүшесі, мәдениет майталманы, әнші, ақын Бекзат Ізбасар «Мойынқұм» халық театрының режиссері Ерлан Айтқабыл мен «Мойынқұм» ән-би ансамблінің жетекшісі Гүлдана Әлиеваға «Қазақстан патриоты» қоғамдық медалын табыс етті.

Аудан өнерпаздары жиналған жұртшылыққа ән мен би, сахналандырылған қойылым ұсынды.