Ана – өмірімнің шуағы

0 29

Халықаралық аналар күніне орай Мойынқұм аудандық мәдениет үйінде «Ана – өмірімнің шуағы» атты мерекелік кездесу кеші ұйымдастырылды. Кешке аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Шубаева бастаған мүшелері шақырылды.

Іс-шараның алғашқы құттықтау сөзін сөйлеген аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев бұл күн анаға құрмет көрсетіп, оның мейірімі мен қамқорлығы үшін алғыс айту мақсатында атап өтілетін маңызды мереке екеніне тоқталса, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айым Төребек іс-шараға қатысушыларды Аналар күні мерекесімен құттықтау лебізінен бастап, аудандағы аналар мен жалпы әйелдер қауымын қолдау мақсатында атқарылған шаралар мен алдағы мақсат-міндеттермен бөлісті.

Кимешекті аналардың қатысуымен өткен іс-шарада «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы», зейнеткер Гүлсім Нарбаева, ардагер ұстаз Шаһаркүл Оспанова айтулы мереке ана болудың маңыздылығын, аналарды құрметтеуді және олардың қоғамдағы рөлін дәріптеуге арналғандығын атап айтып, «Ақ әжелер» ансамблінің орындауындағы әсем әнді жолдады.

Ақ тілек, ақ ниетке толы іс-шараның көркі аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының мың бұралған бишілерінің биімен, әуезді әнімен, алтын буынға толы өлең жолдарымен толықты. Мерекелік кештің соңы белсенділік танытып жүрген аналарымызға аудандық мәдениет үйінің атынан сый-сияпат табысталып, естелік суретке түсумен аяқталды.