Ақынмен болған бір күн (ақиық ақын Есенғали Раушанов туралы естелік)

0 35

Мына жалған дүние кімді аяған? Жүрегімен кәусар жыр толғайтын ерекше талант иесі, қазақ поэзиясының эпикалық жанрының шебері Есенғали Раушановтың арамыздан кеткеніне де үш жылға жуық уақыт болып қалыпты. Оның артында қалған терең мазмұнды әсем де әсерлі жырлары – руханиятымыздың қазынасы.

…2019 жылдың көгілдір көктемінің әдемі кезеңі сәуір айының шуақты күндерінің бірінде  көрші Оңтүстікке сапар шектік. Қаратау мен Алатаудың түйіскен өңірі Түлкібас (Түркібас) бұл кезде аса құлпырып, табиғаты ерекше түрленіп, өзіне кімді болмасын ғашық етіп, жылы әсерге бөлеп, еріксіз көз тартып тұрады. Алматы-Шымкент күре тасжолының бойында, ежелі «Жібек жолында» менмұндалап тұрған сәулетті Тұрар Рысқұловтың ескерткіші алдында бір топ облыс, аудан басшылары қонақтарды арқын-жарқын көңілмен күтіп алды. Қазақтың кемеңгер ұлының рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойдық. Сапарымыздың басты мақсаты — «Таупістелі тағзымы» жобасы бойынша Пістеліде, оның көрікті демалыс орыны «Алтын таға» демалыс аймағында «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында өтетін «Шерхан мен Насыр бауында» деп аталатын халықаралық жазушылар конференциясына қатысу. Қасымызда Алты Алаш қауымына танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Есенғали Раушанов, тараздық көрнекті қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы және республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша тілшісі, талантты ақын Хамит Есаман.

Пістелі ауылына ойлы-қырлы тасжолмен зырлап келеміз. Табиғат көрінісі керемет-ақ! Саф ауа тынысыңды аша түседі. Ауылдың бұрынғы аты Таупістелі екен. Ол Қаратаудың Алатауға  жақындай бастайтын  тұсында Бөкейтау, Бекітау, Таупістелі, Жалпаққағыл, Аршалы сілемдері, Бозторғай асуы, Қарағашты, Құлбайшоқы, Қостебе жоталары, Жолбарыссай, Нұрбайсай, Амансай, Пістелісай, Шолақсай, Құдықсай,  Алшалысай дейтін  сайлары бар Көкбұлақ өзені, Қарабастау, Ақбастау, Әсембастау, Абылайбастау, Көлбастау, Кекілікбастау,  Сапарбастау, Сырманбастау, Сімәтбастау, Сарылдақ секілді қайнарлары мол, жері шұрайлы, табиғаты таңғажайып аймақ екен. Біз бұрындары бұл мекенді пісте – орыстың «семочка» деген шікілдеуіктің көп өсетін жері болар деп ойлап жүрсек, онымыз мүлде басқа болып шықты. Жергілікті халық Қаратау шатқалдарында жабайы  өсетін жаңғақ тұқымдас, дәнегі дәмді ағаштарды «таупісте» дейді екен. Оның дәнегі кәдімгі сыраханаларда қуырылып берілетін «фисташка» болып шықты. Таупістенің бойы 4-5 метрден аспайтын мәуелі ағаш. Ол осы аймақтың таулы тепсеңдерінде өсіп, атақты Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қарайды екен.

Жан-жаққа зер сала қарасаң қыраттар бөктерінде табиғатқа ерекше көрік беріп тұрған сандаған долана ағаштары гүл жарып, табиғаттың әсемдігін паш  етіп тұр. Сылдырап аққан өзендердің суының тазалығы соншама, түбі көрініп, мөлдіреп тұр-ау. Пістелі де жасыл тал-дараққа оранған киелі Қаратаудың терең қойнына орналасқан табиғаты әсем ауыл екен. Бұл ауыл – қазақтың белгілі жазушысы, қаламгер-публицист, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иесі Мархабат Байғұттың кіндік қаны тамған жер. 1995 жылы осы Таупістелі ауылына Қазақстанның  халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза мен өзбектің белгілі қаламгері, Қазақстан Республикасы Президенті Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты Насыр Фазыл бастаған бір топ қазақ-өзбек жазушылары, ақындары бас қосып,  арнайы алма ағаштар бауын отырғызған. Содан 2005 жылы май айында және 2015 жылдың мамыр айында Шераға бастаған бір топ белгілі қаламгерлер бас қосып, қазіргі әдебиеттің барысын сөз етіп, жұртпен шүйіркелескен. Бұл күндері Көкбұлақ жағасындағы сол бақ бой көтеріп, жыл сайын төгілтіп жеміс беріп тұр.

«Таупістелі тағлымы» жобасы 2016 жылы Түлкібас ауданы әкімдігі мен маслихаттың, облыс басшылығының қолдауымен қолға алыныпты. Сол жылы «Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры құрылып, оның төрағасы болып аудандық ардагерлер кеңесінің басшысы Сәтбай Қасымбеков сайланған. Қоғамдық қордың мүшелерінің шешімімен «Таупістелі тағлымы» басқосуы үш жылда бір рет өткізіп тұруды мақсат етіпті. Өткен, 2016 жылдағы алғашқы басқосу, «Түркітілдес, түгел бол!» атымен өткізіліп, оған Шымкенттен, Алматыдан, Астанадан, Түркия мен Өзбекстаннан, Қырғызстаннан көрнекті қаламгерлері мен мемлекет қайраткерлері атбасын бұрып, көркем әдебиет, журналистикалық шеберлік, дәстүр мен жаңашылдық, заман талабына сай шығармашылық жайында кең сөз болды, пікірлер айтылды. Енді міне үш жылдан соң тағы сондай басқосу өткізілуде. Бұл жолы келелі жиынға көрші мемлекеттер мен еліміздің 100-ден астам қаламгерлері мен қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.

«Қоғамдағы өзгерістер мен жаңалықтарға, қоршаған ортаға «көкірек көзбен» қарайтындар тым азайып бара жатқан бүгінгідей заманда рухани байлықтың жоқтаушысы – жазушылар екені даусыз. Ал түркі дүниесін түлетіп, ортақ мақсат, ортақ мүддеге шақыру жолындағы «Таупістелі тағлымы» халықаралық деңгейде өткізуге негіз болатын іс-шара. Биыл қоғам қайраткері, түркі дүниесінің біртұтастығын көксеген Тұрар Рысқұловтың туғанына – 125 жыл. Сол Тұрардың тұлғасын елге танытқан Шерхан Мұртаза ағамыз. Қаламгердің «Ай мен Айша» шығармасы түрік тіліне аударылды. Бұл түркі руханиятына қосылған тамшыдай болса да қазақ қаламгерлерінің үлесі деп білемін. Олай болса, руханиятты түгендейтін осындай форумдар дәстүрлі түрде өтіп тұруы керек. Бүгінгі басқосудың мақсаты – халық арасында көркем əдебиетті насихаттау, болашақ жастарды патриоттық рухта тəрбиелеу, оларды кітап əлеміне шақыру арқылы ой-өрістерін кеңейту, дамыту, дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету болып табылады», – деп Түркістан облысының әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев жиналған қауымға шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ жиын барысында аудан руханиятының кемелденуіне елеулі үлес қосып жүрген іскер əкім Нұрбол Тұрашбеков: «Мархабат-Мирас» қорының ұйытқы болуымен өтіп жатқан əрбір жоба, əрбір жиын ойы орамды, сөзі өткір талай қаламгердің, жас буынның қанатын кең жаюына септігін тигізіп келе жатқанын атап өтті. «Кемеңгер жазушы Шерхан Мұртаза «Түлкібасы – тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деп суреттеген Түлкібас жері – қазақтың мақтанышына айналған көптеген тұлғалар туып-өскен қасиетті мекен. Осындай киелі мекенде қанат қағып, білім қуып, жазушылық пен журналистиканы қатар алып жүрген азаматтың бірі – Мархабат Байғұт. Оның шығармалары қазақ əдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосып, мазмұны терең, тағылымы мол болғандықтан қалың оқырманның жүрегіне жол тауып, рухын шыңдап, əдебиетсүйер қауымның көзайымына айналған. Мархабат аға біздің өңірдің шамшырағы. Біз Мархабат Байғұтпен мақтанамыз. Оның туған еліне, кіндік қаны тамған топырағына деген іңкәр сезімі, қамқорлығы, атқарып жүрген қайырымды істері адам айтқысыз, үлкен шаруа», — деп, жерлес қаламгердің еңбегін көпшілік алдында ерекше атап өтті.

— Біз ұрпағымызға Насыр Фазыловтай, Шерхан Мұртазадай тұлғалардың өмірі мен өнерін ұдайы насихаттап отыруымыз керек. Тұлғаларды таныту арқылы біз туған жерді түлетеміз. Бірлікке, туыстыққа шақырған осындай жиындар көп болған сайын, жастар өздеріне үлгі алар тұлғаларды тани бастайды, – деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Есенғали Раушанов.

— Биыл – Өзбекстандағы Қазақстан жылы. Ал қазақ пен өзбекке ортақ жазушы, екі елдің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан марқұм Насыр Фазыловтың туғанына – 90 жыл. Кеше кешке отырып есептесем, бүгін Шерхан Мұртазаның өмірден озғанына 201 күн толыпты. Түлкібастың мына Таупістелісінде Насыр Фазылов пен Шерхан Мұртаза өз қолдарымен еккен алма бауын көрдіңіздер, сұлулығын тамашаладыңыздар. Қос қаламгердің өнегелі өмірі мен достығын кейінгі жастарға кеңінен насихаттау біздің парызымыз», —  деді екі қаламгердің шығармашылығының шырақшысындай болып жүрген азамат Мархабат Байғұт. Жиынға жиналған жазушылар Шераға мен Насыр қария туралы естеліктер айтып, олардың творчествосын көпшілікке паш етті.

— Түркі дүниесін жаңғыртып, қызғалдақтың отаны Түлкібас ауданында осындай форумның өтіп жатқаны біз үшін үлкен оқиға. Себебі, Түркияда Сұлтан Ахмед майданында (алаңында) 5575 түп қызғалдақтан өрілген гүлдесте кілем бар. Ал оның түптамыры Түркістаннан басталғанын білгенде тіпті қуандым. Түркістан жайлы ең алғаш мен 4-сыныпта естіп-білдім. Ұстазымыз, «Біздің атамекеніміз қай өңір?» дегенде бәріміз өзіміздің туып-өскен қалаларымызды, Стамбул, Анкара деп жамыраса атадық. «Дұрыс емес. Біздің атамекеніміз – Түркістан. Ол Қазақстанда. Ол жерде Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың сүйегі жатыр» дегенде мен сол арман қаланы бір көруге ынтық болдым. Сол арманым Қазақстан тәуелсіздік алған кезде орындалды. Менің ойымда көктен қарағанда Түркістанның қызғалдағын кескіндейтін еңселі мұнара орнатылса деген арман бар. Түркі ұрпағы жұмылсақ, бұл істі жүзеге асыру қиын болмас. Қызғалдақ – татулықтың, бірліктің, бейбітшілікті жақтаушы елдердің белгісі болар еді, – деді түркиялық жазушы-аудармашы Асыл Шемгун.

— Осында отырған ақын-жазушылардың бәрінде де туған жер бар. Кіндік қанымыз тамған ауылымыз бар. Бірақ, дәл мына Мархабаттай туған жерін шығармаларына арқау етіп алып, туған ауылының даңқын шығарып, осындай рухани басқосулар ұйымдастырып жүргеніміз аз, тіпті жоқтың қасы. Сондықтан да мына форум әр қаламгерге ой салуы керек, ауылдағы таланттарды танытуға, жастарды әдебиетке жақындатуға атсалысқанымыз орынды. Мұндай іс-шаралардың ұйымдастырушысы жергілікті әкімдік болса құба-құп. Себебі, бұл басқосу ақынға емес, әкімдерге, жалпы халыққа, жастарға керек тағлымды іс, – деді ақын Нармахан Бегалыұлы кездесуге жоғары баға бере келе.

Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі жазушы-аудармашы Мехманқұл Сыбанқұлов өзбек пен қазақ бауырластығы жайлы тереңнен әңгіме қозғап, қазақ жазушыларының шығармаларын өзбек тіліне аударуға өз үлесін қосып жүргенін тілге тиек етті. Ал Несіпбек Дəутайұлы, Есенғали Раушанов, Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек сынды қарымды қаламгерлер жастарға тəлім мен тəрбиесі мол əпсаналар айтып, сана-сезімдеріне сəуле жүгіртті. Көрнекті жазушыларымыз төл əдебиетіміздің қазіргі жағдайы мен даму перспективасын кеңінен талқылады. Басқосу соңында олар жас қаламгерлерге жолашар бата беріп, ақ жол тіледі.

Ертеректе «Бағалағанға бақ қонады» деуші еді аталарымыз. Жерлес жазушылары Мархабат Байғұттың ерен еңбегін бағалап, көпшілік болып қолдап «Таупістелі тағлымы» атты тағлымы мол қаламгерлер конференциясын өткізіп жатқан облыс, аудан басшыларымына шексіз ризашылығымызды білдірдік. Тіпті, көрші өңірде дүниеге келген Шерхан Мұртазаны өз туғанындай бауырларына тартып, баянды іс-шаралар өткізудің өзі біле-білсек  керемет дүние. Ойлап отырсақ, барды бағалау, талантты ұлдарын ұлықтау – үлкен көрегендік емес пе?!

Қаратаудың бір көрікті шатқалы Пістеліде өткен кездесуден кері қайтып келе жатып біз Оңтүстік өңірдің азаматтары жергілікті әкімшіліктің қолдауымен өткізіп жатқан тағлымы мол іс-шараларға көңіліміз толқып, басқа өңірлерде осындай  мәнді кездесулер неге жоқ деген ойға берілдік…

Оңтүстіктің туристік логотипіне айналған қызғалдақтардың мекені, қызғалдақтың отаны біздің Қаратау өңірі екені жайлы біз әрдайым естіп, біліп жүрміз. Қызғалдақтар туралы ел аузында нешебір қызық аңыз әңгімелер сақталған. Қызғалдақтар жайлы «Қызғалдақтар, сарғалдақтар, Сарғалдақтар қыздар мақтар. Гүл ұсынған қыз-жігітте, қызғанбақ бар, махаббат бар» деген әнді жас кезімізде қыздармен қосылып, талай кештерде тамылжыта шырқадық.  Халқымыз ежелден-ақ көздің жауын алатын қырмызы жауқазын қызғалдаққа қызыға қарап, оның әдемілігінен бойына қуат алып, қасиетіне ерекше мән берген. Оның керемет көрініс-бейнесін зергерлік әшекей бұйымдарға, ағаштан жасалған жиһаздарға,  тоқыма сырмақтар мен кілемдерге, ат-тұрманның былғары-қайыс тартпаларына, қыш-фарфор ыдыстарға өрнектеп салып, ғимарат қабырғаларын әшекейлеген. Парфюмерия қызметкерлері оны түрлі иісті духи мен әтірсуларға пайдаланған. Әлемде қызғалдақтың 100-ден астам түрі бар екен. Соның 39 біздің елде өседі дейді білгіштер. Ту сонау ерте заманда «Жібек жолымен» кіре тартқан саудагерлер мен жаһангерлер Қаратау өңірінде өсетін қызғалдақтарды түбімен (пиязымен) қазып алып, оны Түркияға, одан әрі Европа елдеріне таратыпты. Қазіргі «Қызғалдақтар елі» деп жүрген Нидерландқа (Голладияға) қызғалдақтарды өсіруге себеп болған осы біздің жауқазын гүлдер болған. Бірақ, қазір қызғалдақтардың негізгі отаны Қазақстан екенін көптеген ғалымдар мойындайды. Бұл күндері көптеген қала гүлзарларына көрік беріп тұрған қырмызы қызғалдақтарымыздың жыл өткен сайын еліміздің далаларында сиреп бара жатқанын біліп, оны «Қызыл кітапқа» енгізіп, қорғауға алғанымыз жөн болды. Әйтпесе, кім біледі?.. Соған қарамай, жыл өткен сайын даламызда көзге қуаныш сыйлайтын қызғалдақтар селдіреп, азайып бара жатқандай ма, қалай?

Айтушыларға сенсек, жауқазын қызғалдақтардың (кейін білдік, жергілікті халық оны шұбайқызыл гүлі дейді екен) ең қалың өсетін орны Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов аулынан 3-4 шақырым жердегі «Қызыл төбешік» (Шұбайқызыл) қыраты екен. Қазақтың «Жақсыны – көрмекке» немесе «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» дегеніндей халық арасында аңызға айналған, талай рет қызғалдақтар фестивалі өткізілген сол айтулы «Қызыл төбешікке» атбасымызды бұрып, табиғаттың кереметі әсем қызғалдақтар шоғырын өз көзімізбен көргіміз келді. «Табиғаттың кереметін көргің келсе тауға бар» деп қазақ бекер айтпаған болу керек, сірә. Төбені қып-қызыл реңге бояп, лүп еткен тау самалына тербеліп, теңіздей толқып тұрған лала жауқазын гүлдер кімді болмасын ерекше әсерге бөлейді екен.  Қызғалдақтардың қалың өскені соншама, араларынан аяқ басып жүру мүмкін емес-ау шіркіндердің. Ғажайып таңғаларлық дүние. Тұнып тұрған сұлулық. Байқамай басып кетем бе деп аяғыңды аңдап басасың. Соқпақ жолмен төбенің жотасына көтерілдік. Онда қызғалдақтың символикалық көрнекті ескерткіші қойылып, қызыл гранит тасқа «Алатау мен Қаратау түйіскен төр, Сұлулық мөлдірлікпен сүйіскен жер. Қазақтың қызғалдағы – Шұбайқызыл, Алаштың аруы ғой, тиіспеңдер!», — деп қашалып жазылыпты. Әрине, мынадай сұлулықты аяламасақ, қадірлемесек, қорғамасақ уақыт келе көзден бұл-бұл ұшары бәрімізге аян. Табиғат сұлулығын жоғалтып аламыз ба деген үрей де жоқ емес. Табиғаттың осы әсемдігін дер кезінде холстқа түсіріп алуға асыққан қылқалам шеберлері — суретшілерді  төбешіктің әр тұсынан көруге болады. Олар Алматы мен Астанадан, Шымқала мен Ташкенттен және де басқа өңірлерден арнайы келіп, Шымкенте таяуда өткізілетін «Қызғалдақ жолы» халықаралық фестивалінің аясында болатын картиналар көрмесіне қатыспақ екен.

Шеберлердің жазып жатқан картиналары ешкімді бейжай қалдыра қоймайды. Әрқайсысы табиғат сұлулығын өзі қалай қабылдайды, солай өрнектеуде. «Жауқазын қызғалдақты брендімізге айналдырып, әлем қызғалдақ арқылы біздің өлкені танып-білсе деген мақсатпен соңғы үш жылда қызғалдақтар фестивалін өткізудеміз. Жыл өткен сайын «Қызыл төбешікке» келетін туристер саны да өсіп келеді. Кезінде мына төңіректегі далалар мен  төбелердің бәрі қызғалдақтар мекені болған екен.

Әртүрлі себептермен келе-келе оның аумағы тарылып, осы төбешік маңы ғана сұлулықты сақтап қалыпты. Көлемі тым көп емес. Басқалары науқандыққа салынып егіндік үшін айдалып кетіпті. Табиғаттың бізге берген әсемдігін, сұлулығын қолдан келгенше сақтап қалу біздің алдымызда тұрған басты мақсаттардың бірі. Сол үшін осы төбешікті табиғи қорыққа айналдырып, техника мен адам аяғы баспайтындай етіп айналасын қоршасақ деген жоспар бар. Сол бағытта біраз тірліктер атқарылып жатыр…», дейді бізді өңір сұлулығымен таныстырып жүрген Түлкібас аудандық маслихатының хатшысы Сансызбай мырза.

Еліміздің табиғаты мен жан-жануарлары, құстары мен өсімдіктері жайлы әрдайым тартымды мақалар жазып жүрген қаламгер Есенғали Раушанов осында  кездескен әр гүл мен көкшөптің аттарын қызыға сұрап, қағазына түртіп, суретке түсіріп әлек болып жатты. Тіпті, Қаратау өңірінде өсетін «Грейг» қызғалдағы мен «Кауфман» қызғалдақтарының айырмашылығы неде екенін анықтап жатқанына куә болдық. Тау шиесі де бүр жарып, жарыса гүлдеп тұр екен. Оған да ол ерекше зер салды. Табиғатты осы Есенғалидай таратып, зерелеп жүрген бізде өзге қаламгер табыла ма екен?.. Содан кейін Есенғали жол-жөнекей осы өңірдегі «Ақсу-Жабағлы» қорығы жайлы әңгіме қозғап, қазіргі мүмкіндікті пайдаланып сонда соғуымызды өтінді.

Біздің білетініміз «Ақсу-Жабағлы» мемлекеттік табиғи қорығы еліміздегі алғашқы қорықтардың бірі. Ол 1926 жылы Талас Алатауы мен Өгем тауларының сілемдеріндегі табиғат сұлулығын өз қалпында қорғап қалу мақсатында құрылған. Оны ұйымдастыруда  ұлтымыздың адал перзенті Тұрар Рысқұловтың еңбегі зор болыпты. Қорықты ашу қаулысында «Табиғат ескерткіші ретінде Ақсу мен Жабағлы өзендерін, олардың барлық ағаш және тал-шілік егістерін, шөп жамылғылары мен осы қорықты мекендейтін жан-жануарлар әлемін қол тимеген табиғи қалпында сақтап қалу мақсатында» құрылғаны атап көрсетілген. Қорықтың жалпы көлемі 131 934 гектардан астам екен. Ол үш мемлекеттің шекарасы түйіскен таулы аймақта орын теуіпті. Онда тіршілік ететін аң-құстардың, өсетін ағаштар мен өсімдіктердің саны аз емес. Табиғаттың осы бір тамаша, адам аяғы басып үлгермеген «бұрышын» дер кезінде мемлекеттік қорғауға алғанымыз  қандай жақсы болған! Әйтпесе… Кім біледі…

Алатау бөктеріндегі жасыл тал-дараққа мол оранған Ақсу ауылындағы «Ақсу-Жабағлы» қорығының қарауындағы табиғат музейін қызыға араладық. Қорық жайлы  мәлімет беретін музей материалдарымен танысып, онда мекендейтін аңдар мен құстар, өсімдіктер жайлы біраз мәлімет алдық. Жанымыздағы Есенғали Раушанов қорық музейіне қойылған муляждарға ерекше зер салып,  әр құстың ерекшілігін, шығаратын үніне дейін, жабайы аңдардың өмірі жайлы қызықты мәліметтер айтып, барынша әсерлі етіп бізге жеткізіп жатты. Мысалы, қорықта мекендейтін қоңыр аюлардың тіршілігі адамдарға ұқсас: күзде жабайы өсетін жаңғақ ағашына шығып алып, сілкілеп, қонжықтарына жаңғақ тергізіп, жегізіп жатқанын көру ғажап емес. Немесе алғашқы қар жауғанда қонжықтарына тау беткейінде сырғанақ тепкізіп, ойнап жүргендерін байқауға болады. Қорықта аюлардан басқа арқарлар, тау ешкілері, доңыздар мен қасқырлар, тіпті, қар барыстары да кездеседі. Мұнда құстардың да сан түрі мекен етеді екен. Сирек кездесетіндері, басқа аймақтарда тіршілік етпейтіндері де бар екен. Сонда сезіндік, Есенғали тек қана әдебиетші, ақын ғана емес, табиғаттың терең білгірі екен. Орнитологтар мен орманшылар біле бермейтін көптеген қызықты хикаялар мен әңгімелерді санамызға қондырды. Оның білімінің тереңдігі соншама, тіпті, университеттің биология факультетін озық бітірген мамандарды он орап алатындай. Табиғаттың құбылысы мен тынысын тура осы қаламгер Е.Раушановтай сезінетін жанды біз әлі өмірімізде кездестірмеген едік. Бұл да Алла тағаланың әр адамға бере бермейтін қасиетінің бірі болу керек, сірә! «Биікке шықсаң, көзің  ашылады, жақсымен сөйлессең, көңілің ашылады», — депті ата-бабаларымыз.  Жақсы, білгір, білімді   адам  алтын кітаппен  тең. Ішкі дүниең  бір төңкеріліп кеткендей боласың.

  • Осыдан біраз жыл бұрын күзде мына Шақпақ асуына Зоологиялық институтының ғалымдарының экспедициясына қосылып, арнайы келіп, жыл құстарын тормен ұстап, сақина салуға қатысқаным бар. Сонда бір байқағаным, Талас Алатауы мен Қаратаудың түйіскен аңғарынан жыл құстарының жүздеген түрі ұшып өтеді екен. Оны кәдімгі «Құс жолы» десек те болады. Сақина салынған құстар әлемнің әр түкпірінен табылып жатты. Тіпті, бір құстың сақинасына менің атымды жазғандары да есімде. Сол құстың дүниенің қай бұрышында жүргені қазір біз үшін жұмбақ? — деп әңгімемізді жандандыра түседі Есенғали ақын.

Тақтайдай теп-тегіс автожолмен кері, Таразға, қайтып келеміз. Күні бойы көрген-білгенімізді, алған әсерлеріміз жайлы ой-пікірімізбен бөлісу орынды дүние.

  • Шындыққа келетін болсақ, қазақ жазушылары мен журналистері еліміздің сұлу табиғатын оқырмандарға әлі толық жеткізе алмай жүр. Қазақстанды мекен ететін жануарлар мен құстар, ағаштары мен өсімдіктері туралы жазып жүрген қаламгерлер некен-саяқ. Мына Есенғали болмаса, мүлдем жоқ десек те болады. Кезінде алматылық М.Зверев, ресейлік журналист-жазушы Песков, тележурналист Дроздов сынды азаматтар табиғат туралы көптеген танымдық мақалалар, кітаптар жазды, телехабарлар жасады. Соңғы жылдары сол үрдістен қол үзіп алғандаймыз, — деп сөзін бастады сақа жазушы Несіпбек Дәутайұлы.
  • Иә, қазіргі жастардың, жасөспірім балардың табиғат туралы түсінігі кеміп барады. Тіпті, табан астындағы жаншылып жатқан өсімдіктің атын білмейді. Бәрін бір сөзбен «шөп» деп таниды. Аң-құстар мен ағаштар жайлы түсініктері де шамалы. Талай рет қатар жүрген әріптестеріме, журналистерге табиғат жайлы неге жазбайсыңдар, неге арнайы телехабарлар ұйымдастырмайсыңдар дегенім де бар. Бірақ, оған құлақ асып жатқан бір жан жоқ. Қазіргі жас журналистердің енжарлығы, бейжайлығы, еріншектігі қынжылтады. Әйтпесе, құнттап, уақыт бөліп зерттеп, зерделесе табиғат әлемі, оның әсемдігі жайлы қаншама тамаша жазбалар, хабарлар шығаруға мүмкіндік бар. Шығыс Қазақстан облысында Василий деген зоолог-орнитолог досым бар. Табиғатты жанындай сүйеді. Алматыға келсе 3-4 күн қасынан қалмай, құстар, аңдар туралы әңгімелерін тыңдаймын, ой түйемін, естігендерімді қағазға түсіремін. Әркімге-ақ тұнып тұрған табиғат, оны мекендейтін аң-құстар, өсімдіктер мен ағаштар туралы қаншама қызықты, тартымды дүние жазуға болар еді. Еліміздің теледидарларында «Жануарлар әлемі», «Құстар әлемі», «Туған жердің әсем табиғаты» немесе «Табиғатқа саяхат» сынды хабарлар жоспарлы түрде, тиянақты беріліп жатса несі артық? Әттең, өкінішке орай әзірше олай болмай тұр. Теледидарды кіл шоумендер мен әншілер жаулап алды. Тіпті, көпшілікті солар мезі етті, телехабарлардан береке кетті. Оны ойлап жатқан еш жан жоқ, — деп сөзге араласты Есенғали Раушанов, лықсып келген ойын бізге жеткізіп. Еліміздің әр өңірінде өсетін дәрілік өсімдіктер туралы да біраз әңгіме қозғалды. Өкінішке орай, әлі де оған орынды көңіл бөлінбей келеді. Қол астымыздағы байлықты меңгере алмай, пайдаға жарата алмай отырмыз. Пайдасын көрші мемлекеттер (Қытай, Ресей және т.б.) көріп жатқаны жасырын емес.

…Жол бойындағы бірнеше ауылдардың маңында бейіттер кезікті. Зер салсаң бір зират басына зуәлім мазар тұрғызылған, ал енді біреуі күмбездеп, күнге шағылысқан  жалтыраған металлмен қаптап тастаған. Самарқанның қызыл-сары кірпішімен өрілгендері, жауын-шашынға дес бермейтін ақ кірпіштен бой көтергендері де бар. Бірінен бірі асады, құдды бәсекеге түскендей. Әнеу бір бейіттердің басына қойылған шағын құлпытастар көзге шалынады. Тіпті, кейбірінің басында уақыт келе белгі де қалмапты. Сөзден-сөз шығып, өзара ой бөлісе бастағанымызда қасымыздағы Есенғали Раушановтың былай дегені бар: «100 мың долларға көтерілген бейітте жатқан адамның халық үшін не еңбек сіңіргені туралы айтудың өзі артық. «Ақша менікі, қалай, кімге, не үшін жұмсасам еркім, менде кімнің не шаруасы бар?». Ал не дейсіз? Оның етегінде елеусіз қалған қоңырқай ғана төмпешіктің астында ұлтым деп өткен аса дарынды қаламгер жатқанын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Оның үстіне біз соңғы жылдары жазушы қауым мен өнер адамдарын қоғамды алға бастайтын зиялы қауым деп танудан гөрі пайдасы да, зияны да жоқ, сүйкімі аз, жалыныштылау, жақыбайлау, жалпаштау бір тобыр дейтұғын пікір қалыптастырғанымыз жасырын емес…

Осман патшалары тұсында марқұмның «басын қарайту» бәсекеге айналған көрінеді. Қабыр басына неше түрлі керемет құлпытастардан бастап зәулім сарайлар да салынған. Абай айтатын бекер мал шашудың өзі. Кейін Мұстафа Кемал Ататүрік бұл ­салада да тәртіп орнатқан көрінеді. Қазір түрік молалары стандартталған, аядай ғана жер, оған қойылар құлпытастың мөлшері де шақтаулы. Бейберекет тасып-төгілу, «аттан қалма, байталымдап» жарыса шабу мұнда атымен жоқ. Асылы, өлген кісіге бізден керегі алтындатқан ақ сарай емес, ақ көңілден оқылар дұға болса керек, тап қазір, яки бас-басымызға би ­болып тұрған мына заманда оны айтсаң қазаққа сенен асқан дұшпан жоқ». «Орынды айтылған ой жүйесін табады» демей ме қазақ. Шынында, мына жалған дүниеде кім болмағын, бірақ Жер-Ана кімді болса да бауырына тартып, бәрімізді теңестіріп жіберері сөзсіз ғой.

Әлі есімде, менің балалық шағым өткен, туған өлкем Қаратаудың арқасында Көсегенің Көкжоны деп аталатын шырайлы аймағында көз жауын алатын қызғалдақтар, сарғалдақтар мол өсетін. Әр гүлінің көлемі алақандай болып, бойы көк жоңыршқамен жарысып өсетін, жарықтықтар. Балалықпен олардың қадірін білмегендіктен болар, десте-десте етіп үзіп алып, үйдегі бірнеше шелекке салып өзімізше әсерленіп жүретінбіз. Кейде, тіпті, ерінбей жауқазын пиязын қазып алып, жейтініміз де бар болатын. Дәмі ерекше тәтті, жағымды болатын (бойында крахмал 95 пайызға дейін екен). Сол қызғалдақты көкмайса әсем даланы өткен жүзжылдықтың 50-ші жылдары «тың көтереміз» деген даурықпалықпен шынжырлы тракторлармен таптап, соқамен аяусыз жыртып, жап-жасыл саздар мен тасты қыраттарға дейін егін егіп, тып-тыныш жатқан жердің пәршек-пәршегін шығарғанын әкелеріміз бен ағаларымыз өкінішпен айтып отыратын. Соның өзінде бидай мен жоңыршқамен жарысып, қызғалдақтар жайқалып тұрғанына таңқалатынбыз бала жүрегімізбен. Әсемдік жоғалмайды екен-ау деп ой түйетінбіз.

Өткен  жылдардың бірінде Жуалы өңіріндегі Қошқарата ауылына жолымыз түсті. Мезгіл мамыр айы болатын. Тау бөктеріндегі күздік егілген егіндікті түгелімен қызғалдақ басып кетіпті. Қызғалдақтардың өмірге деген талпынысына, адамдардың ақыл-ойсыз атқарған құйтырқы ісіне гүлдердің әрекет-қарсылығын көріп таңдалмау мүмкін емес еді. Сол жолы «Мына даламызға көрік беріп тұрған қызғалдақтар мекеніне қол тигізбей, шаңын шығарып егін екпей, табиғат әсемдігіне қол сұқпай, көрікті көріністі бұзбай сақтап қалмасқа болмас па еді?! Неге біз, адамдар, Тәңірім-ау, табиғатқа қатігездікпен қарап, жауыздық жасаймыз? Неге барымызды бағаламаймыз?» деген  ауыр ойға берілген болатынбыз. Табиғатты аялай білу әркімнің қолынан келе бермейтіні өкінішті-ақ. Нені болса да жою оңай, оны қалпына келтіру — үлкен еңбек! Иә. Не дейміз… Келешек бізден не күтіп тұр?!

Данышпан Абай: «Егер де есті  кісі­лер­дің қатарында болғың  келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің», – дейді. Сол сапардан көңілге түйгеніміз, ойға сіңіргеніміз бір әсем дүние, ерекше қазына болып қалды. Адамды сүйсіндіретін, әдемілікке ғашық ететін, табиғатты аялауға үйрететін сол биік өрелі ақын Есенғали Раушановпен болған сапарымыз терең тағлымды болды. Содан кейін бірер рет телефонмен хабарласып, хал-жайымызды білістік. Бірақ, бүкіл әлемді дүрліктіріп жеткен  коронавирус пандемиясы қайта кездесуге нәсіп етпеді. Классик ақынға айналған Есенғали әлемді жайлаған коронавирустан 2021 жылдың 15 сәуірінде бақидан фәниге көшті.

Дүлділ ақын Есенғалидың мына жыр жолдары еріксіз еске түседі:

«Гүл шоғы, тал бүрімен,

Таза ауа, таң нұрымен,

Сәуірдің жаңбырымен,

Жуынып баяғыдай.

Сендер қыдырыңдар енді,

Абай даңғылымен…

Мен демаламын!!!»

Өзі айтқанындай, ақын бүгіндері Алатау бөктеріндегі қабырханада, мәңгілік тыныштық мекенінде тыныстап, жер бесікте демалып жатыр.

 Зымырандай зулап өте шығар, беу жалған дүние-ай!.