Тарихи-мәдени ескерткіштер аумағы абаттандырылды

0 28

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облысымызда республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқаны бастау алған болатын. Ауқымды акцияның екінші аптасы «Киелі мекен» деген атаумен тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналды.

Соған орай “Жеңіс” саябағындағы Бауыржан Момышұлы ескерткішіне  санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил қатысып, белсенді және ерікті жастармен бірге саябаққа тал көшеттерін отырғызды. Жалпы осы күні демалыс орнына 500 түп раушан гүлі, 30 туя  мен 20 ясин ағашы егілді.

Сондай-ақ жұдырықтай жұмылған шаһардың белсенді жастары мен «Жасыл ел – Тараз» мекемесінің қызметкерлері «Қарахан» және «Дәуітбек» кесенелерінің маңайына санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, ауласына тұт ағашының көшеттерін отырғызды.

Республика көлемінде ұйымдастырылған ауқымды акцияның шеңберінде Тараз қаласында экологиялық іс-шаралар өткізілуде. Олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Айшықты науқан алдағы уақытта да өз жалғасын табады.