Елдіктің іргесі адал еңбекпен бекиді

0 20

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облысымызға жұмыс сапарын Талас ауданынан бастады.

Мәлік Нұржанұлы алдымен Д.Қонаев атындағы музейге барып, өңір ақсақалдарымен, зиялы қауым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен кездесті. Біртуар тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев мұражайының жұмысымен танысып, қариялардың ұсыныс, пікірлерін тыңдады. Ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндаған ардагерлер, аймақта шешімін күткен кейбір мәселелерді де сөз етті. Өз кезегінде Президент кеңесшісі еліміз үшін бүгінгідей қиынқыстау кезеңде ел бірлігін сақтау, өңірлерде тіл, мәдениет сияқты рухани құндылықтарды сақтай отырып, аймақтың экономикасын ілгерлету жұмыстарын жалғастыру керектігін жеткізді.

Мұнан соң Мәлік Нұржанұлы ауданның мәдени ошағы саналатын Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығына барып, Талас өлкесінің мәдени өмірімен танысты. Аудандық орталық кітапхананың коворкинг залында жастармен жүздесті. Ауданның белсенді жастарымен кездесу барысында Мәлік Отарбаев биыл үшінші рет Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы атап өткен адал адам, адал еңбек тұрғысында ой өрбітті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында адалдық деген адами құндылықты жас ұрпақтың санасына сіңіре беруіміз керектігін баса айтты. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Ал бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі адал қоғамды құрушы күш. Сондықтан жастар ең алдымен өз білімімен, біліктілігімен, жемқорлыққа жол бермей еңбек етуі керек. Президент атап өткендей «Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс» бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Ал, біліммен қаруланған, көзқарасы қалыптасқан жастар адал қоғам құруда негізгі күшке айналуы керек, – деді ол өз сөзінде.

Еркін диалог алаңына айналған кездесуде таластық жастар «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жас мамандарды аймақтарға тарту, өңірде жастарды тұрақтандыру, жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыспен қамтылған жастардың еңбекақысын көтеру, медицина саласында дәрігер мамандардың жетіспеушілігі сияқты өзекті мәселелерді алға тартып, пікірлерін айтты, ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде Мәлік Нұржанұлы жастар мәселесі мемлекет саясатының басым бөлігі екендігін, сол себептен жастарды баспанамен, еңбекпен қамту, олардың сапалы білім алуына мүмкіндік туғызу, ғылымға қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретіндігін айтты.

Ауданға жұмыс сапары барысында Мәлік Отарбаев сондай-ақ, ауданның имамдарымен жүздесіп, аймақтағы діни ахуал, дінаралық келісімді, этносаралық татулықты сақтау мақсатында іске асырылып жатқан іс-шаралар барысы турасында әңгіме өрбітіп, пікір алмасты. Аудан имамдарының өзекті мәселелер төңірегінде айтылған тілектерін назарға алды.

Сол күні Президент кеңесшісі ауданның спорт, білім саласы мен қатар әлеуметтік саланың даму барысымен де танысу мақсатында Қаратау қаласындағы Қаратау құрылыс-техникалық колледжі мен №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында болды. Орталық стадионға барып, жастарды белсенді спорт шараларымен қамту, бұқаралық спортты ілгерлету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды. Қаратау қаласындағы мектеп лицейге арнайы барып, білім ошағының дарынды оқушыларымен кездесіп, жас өнертапқыштардың жұмыстарын көрді. Талас аудандық білім бөліміне қарасты мектеп лицей жеткіншектерге сапалы білім беруде алдыңғы қатардағы білім ұясы екенін атап өтіп, мектептің ауласына тал отырғызу рәсіміне қатысты.

Бұл күні аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков аудандағы осы және өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандарды Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен бірге аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен таныстырды.