Тамшылатып суарылатын алқап көлемін ұлғайту қажет

0 22

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ, Жамбыл аудандарындағы көктемгі дала жұмыстары мен су каналдарының жай-күйін тексерді.

Облыс әкімі алдымен Байзақ ауданындағы «Сеңкібай», «Өтеміс» каналдарына барып, бетондау жұмыстарын биыл аяқтау бойынша нақты тапсырма берді. Жауаптылар вегетациялық кезең аяқталғанда бірден іске кірісіп, жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауға уәде берді.

Бұдан соң Ербол Қарашөкеев қант қызылшасы алқабына барды. «Адлер» шаруа қожалығы 20 жылға жуық егістікпен айналысып келеді. Өткен жылы 16 гектар аумаққа қант қызылшасын егіп, оның 1400-ден аса тоннасын қант зауытына өткізген. Шаруа қожалығы тамшылатып суару технологиясын тиімді пайлануда.

— Егін шаруашылығында тамшылатып суару технологиясын енгізу көлемін ұлғайту қажет. Бұл суды үнемдеуге айтарлықтай үлес қосады. Аймақта тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт іске қосылады. Зауыт өндірген жүйелерді өз шаруаларымыз жұмыс тәжірибесіне енгізуі маңызды, — деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ аймақ басшысы өнімді терең өңдеу, шағын қалбыр зауыттарын салу бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізуді тапсырды. «Байназаров» шаруа қожалығы пияз алқабынан бөлек бидай, арпа, жүгері, көкөніс, қант қызылшасы және көпжылдық шөп егуге көңіл бөлген. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін қожалықта 2 трактор, 1 комбайн және 5 дана тіркеме жұмыс істеуде.

Сондай-ақ алқап басында облыс әкіміне ауданның көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Жамбыл ауданында да көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүруде. «AznurAgro» АШӨК-де жұмыстарға білек сыбана кірісіп, 150 гектарға қант қызылшасын, 30 гектарға жүгері, 35 гектар арпа және 35 гектарға арпа дақылын еккен. Сондай-ақ өндірістік коператив 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын желтоқсан айында ашуды көздеп отыр. Ферманың жобалық құны 1,8 миллиард теңгені құраса, оған «Тараз» ӘКК-да қаржылық қолдау көрсетеді. Жобада шетелдік тәжірибе қолданылып, сиырлар Еуропадан жеткізіледі.

— Жобаның маңыздылығы жоғары. Тауарлы сүт фермаларының қатарын арттыруға күш салуға тиіспіз. Ол үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау түрлері бар, — деген облыс әкімі ферманың белгіленген мерзімде ашылуын тапсырды.

Сонымен қатар облыс әкімі «Қызыл-Дихан қожалығы» өндірістік кооперативінің егістікке енгізіп жатқан жаңбырлатып суару технологиясымен танысты. Суармалы алқаптарда су үнемдеу технологияларын көптеп енгізу үшін, электр энергиясы мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігіне назар аудартты.

Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданындағы  «Рахат» каналының жұмысымен де танысты. Жалпы айта кетсек, облыс бойынша қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстарына қажетті 44,8 мың тонна тұқым 100 пайыз дайындалған. Бүгінде 7506  дана техника егіс алаңдарында жұмыс атқаруда. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 10,8 мың тонна дизель отыны бөлінген.