Біз жастарға сенеміз!

0 24

Егемен еліміздің тірегі — білімді, тәрбиелі жастар. Қазақ елінің болашағы білімді, саналы, тәрбиелі ұрпаққа ие. Ел ертеңі бүгіннен басталатынын білген ата-бабаларымыз, дана халқымыз «Бала — өмір жалғасы» деп білген, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.

Бала тәрбиесі ең алдымен аға ұрпақтан, жас жеткіншекке деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығынан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттердің жиынтығынан туындайды. Атадан балаға ұласатын ұлттық құндылықтар сезім арқылы жүректен-жүрекке беріліп отыр. Сондықтан егемен елдің жарқыраған жастарының санасына осы ұлағатты қасиеттерді сіңіре білудің мәні зор.

Адамның адам болып қалыптасуында ата-ананың тәрбиесінен бөлек, мұғалімнің де тәрбиесі қатар жүреді екен. Алайда, өз сана-сезімінің арқасында түзу жолдан таймай, үлкен белестерді бағындырып, жетістікке жетіп жатқан жандар жетерлік. Осы себептен жастар әрдайым өздері талпынып, жиі ізденісте болулары тиіс. Жастарымыз биік рухты, намысшыл, патриот болса еліміздің еңсесі де биік болады. Қазақ елін мәңгілік ел қылатын — біздер, жарқын жастар. Ел бейбітшілігін сақтап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүруімізді қамтамасыз етуіміз керек.

Ал қазіргі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елінің биіктен көрінуіне, дамыған елдер қатарына кіруіне негіз қалап жатыр. Еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтастық арқасында осындай жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Білім мен ғылым дамыған заманында жоғары деңгейдегі мектептер мен жоғары оқу орындары, балабақшалар салынуда. Сонымен қатар, түрлі мамандықтар пайда болып, елдің дамуына үлес қосатын азаматтарды, жасөспірімдерді қолдап жатыр.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!» деп айтқан Мағжан атамыздың сөзінен жастарға үлкен сенім артып кеткендігін байқауға болады.Сол себепті, ата-бабаларымыздың аманатына адал болып, барымызды салып қолдан келгенше елімізді өркендетейік.

Мені халқымның болашағы қандай болатыны өте қатты толғандырады. Қасымда жүрген жасөспірімдерге қарап, өзіме қарап еліміздің ертеңі жарқын болатынына сенуге болады. Мен үшін мемлекетіміздің абыройы әрқашанда биік. Жаңа Қазақстанды бірге өркендетіп, қастерлі отанымыздың тұғырынын биік ұстайық. Білімімізді шыңдап, қазақ еліміз, атамекен жерімізді дамытуға үлесімізді қосайық!

Менің айтпағым, Қазақстан мемлекетінің болашағы өскелең ұрпаққа тәуелді. Қазір білектінің емес, білімділердің заманы. Ал, білімді болу үшін оқу керек, оқу үлкен сабырлылықты, ізденісті, тәрбиені талап етеді. Осы керектілердің жолында жүріп жұмыс жасайық. Қазақ елі үлкен белестерге жете алады, егер, білімді жастар болса!