Мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың мұң-мұқтажын тыңдады

0 20

Елімізде көптеген қоғамдық бірлестіктер бар. Олардың дені қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып, елдік мүдде жолында «барды бар, жоқты жоқ» деп айтып та жатады. «Ақжүніс» аналар қоғамдық бірлестігі де ел арасында қызу талқыға түскен тақырыптарға бей-жай қарамай, өздерінің пікірлерін білдіріп келеді.

«Ақжүніс» аналар қоғамдық бірлестігінің Тұрар Рысқұлов ауданында да филиалы құрылған. Аталмыш қоғамдық бірлестіктің Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша филиалының төрайымы – Жанат Даулеталиева. Жанат ханымды талай іс-шараларда көріп жүрміз. Әрқашан тура сөйлеп, әділін айтады. Ол әркез мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың құқығын қорғап, шыр-пыр болып жүреді.

Жанат Даулеталиева аудан әкімі Ернар Есіркеповке мүгедек бала асырап отырған ата-аналармен кездесу жөнінде ұсыныс айтқан екен. Ол ұсынысты аудан басшысы да қолдады. Жай ғана қолдап қойған жоқ, «Достық» үйінде мүгедек бала асырап отырған ата-аналармен кездесті.

Кездесу біржақты өткен жоқ. Аса бір мадақтау да айтылмады. Көбінесе мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың мұң-мұқтажы тыңдалып, соған сай әрекет ету жоспары сараланды. Мүгедек бала асырап отырған ата-аналардың әсіресе аудандық орталық аурухана дәрігерлеріне өкпелері қара қазандай екен.

Екі сағатқа созылған кездесуде аудан әкімі Ернар Серікәліұлы ата-аналардың мұң-мұқтажын мұқият тыңдап, оларға тұшымды жауаптар қайтарды. Аудан басшысы аудандық аурухана дәрігерлеріне айтылған сын-ескертпелер сол арада  қалмай, басшылық оны назарға алып, тиісті шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Дәл осындай кездесуді алдағы уақытта аудандық деңгейде де ұйымдастыру мәселесі айтылды.