Кеңесте келелі істер көп

0 28

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында елдің жағдайын жақсартып, халықтың әл-ауқатын көтеру туралы үнемі айтып келеді. Бұл бағытта «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отырған ауылдар саны Байзақ ауданында көбейіп келеді. Олардың қатарына өткен жылы Ынтымақ және Көптерек ауылдық округтері қосылған. Көптерек ауылдық округіне қарасты Кеңес ауылында 147 азамат «Ауыл аманаты» жобасымен 1,9 миллиард теңге несиеге алуға ниет білдірген.

Аталған жобаның бірінші бағыты – «Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» бойынша округтегі 347 ауланың 87 гектар жері қамтылған. Аталған бағыт бойынша 196 мың теңге алынып, жерді тиімді пайдалану жұмыстары қолға а лынған. «Ауладағы ма л шаруашылығын тиімді пайдалану» бағытымен 142 азаматтың 1,8 миллиард теңгеге 3229 бас төрт түлік сатып алуы жоспарланғанымен, алайда 200 азамат 1,1 миллиард теңге алыпты. Бүгінгі күнге 163 азамат 364 мүйізді ірі қара, 427 қой, 628 жылқы сатып алған. Мал сатып алу жұмыстары жалғасуда. «Тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану» бағыты бойынша жер үлестері біріктірілген. Бүгінде 1813 гектар жер болса, оның 302,3 гектары егістік, 91 гектары шабындық, 1419,7 гектары жайылымдық жер. Егістік жерге бидай, арпа, мақсары, көпжылдық шөп, жүгері дақылдарын егу жоспарланған. Бұл бағыт бойынша алынған 13,8 миллион теңгеге 1 тонна көпжылдық шөптің және 22,2 тонна күздік бидайдың тұқымдары алынған. «Кооперативтерді жабдықтау және құру» бағытымен «Кеңес-23» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Оған жетекшілік ету бұл салада мол тәжірибесі бар, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Қоблан Келімбетовке жүктелген. Кооператив жалпы сомасы 151 миллион теңгені құрайтын 24 дана ауылшаруашылығы техникаларына өтінім берсе, бүгінге дейін бір-бірден «МТЗ-892,2» және «YTO-1304» маркалы тракторлары алынған. Ал, бесінші бағыт – «Тұрғындардың жеке кәсібін ашу» бойынша құны 28 миллион теңге тұратын 4 жоба жоспарланған. Жобаның алғашқы бағыты бойынша ауыл тұрғындары үй іргесіндегі жерлерін тазалап, пайдалануға дайындауда. Арық-атыздар реттеліп, көктем шыға көкөніс егуді қолға алмақ.

Екінші бағыт бойынша қора-қопсыларын ретке келтіріп, малдың жағдайын жасап жатқандардың бірі – Күмісбек Сейдіқұлов.

– Ол 2,5 пайыз жеңілдікпен 8,4 миллион теңге алып, оған 7 сиыр, 7 жылқы сатып алды. Алдымен типтік жобада қора салып, 6 тонна жем-шөбін дайындады. Қазір сиырларын сауып, сүт, айран дайындауда. Келінім Анар өзімізден артылған сүттен май, құрт дайындап, сатуда. Бірнеше жыл жұмыссыз жүрген балама мемлекеттен беріліп отырған бұл үлкен жеңілдік. Бұрынғыдай жұмыс іздеп қалаларға кетпейтін болды. Бұл тек біздің отбасы ғана емес, ауылдағы көптеген жастарға тиімді, әрі пайдалы жоба болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, ауыл жастары «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көруде, – дейді ауыл тұрғыны Мейрамбек Самықов.

Жоба аясында 8,4 миллион теңге несие алып, қора салып, 21 бас бұқаны бордақылап отырған жас кәсіпкер Бақытжан Ибраймов та мемлекеттен көрсетіліп отырған жеңілдікке дән риза. Өзіне қажетті жем-шөбін күні бұрын дайындап алып, алғашқы күннен бір адамды жұмысқа тартқан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында машина- трактор паркінің әбден ескіріп, тозғанын айтып, жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыруды тапсырған еді. Аталған ауыл кооперативі де 24 дана ауылшаруашылығы техникаларына тапсырыс беріп қойған. Оның екеуі келіп те үлгерді.

Ауыл азаматы Доскен Парымбек 5,3 миллион теңге алып, ауылдан монша, шаштараз, көлік жуатын орын ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Екі жасқа жұмыс беріп отыр. Бұған дейін шаш алдырып, көлік жуу үшін ауданға, ал моншаға түсу үшін қалаға баратын ауыл тұрғындары Доскеннің бұл ісіне ризашылықтарын білдіруде.

Егізбай Кәрібозов болса 1 миллион теңге алып, үй жанынан шағын асхана ашқан. Қосымша дүкені бар кәсіпкер бір адамды жұмыспен қамтып отыр. «Ауылдық жерде асханаға келушілер табыла қояр ма екен?» деген ойымызды да жасырмай, асхана қызметкерлерінен сұрадық.

– Шағын ауыл болғанымен асханамызға келетіндер бар. Тіпті, кейбір мектеп оқушыларының туған күнін ата-аналары осы жерде атап өтеді. Түс мезгілінде ауыл сыртында тұратын ұстаздар осы жерден тамақтанады, – деді аспазшы Айткүл Кәрібозова.

Жалпы, Көптерек ауылы 16626 гектар аумақты алып жатса, ондағы 379 аулада 2405 халық тұрады. Олардың 159-ы зейнеткер болса, 171-і көпбалалы ана, 500-ге жуығы жастар. Ауылдағы 102 шаруа қожалығында 16409 гектар жер болса, оның 2424 гектары суармалы жерлер. Сонымен қатар 31850 қой-ешкі, 2500 мүйізді ірі қара, 1350 жылқы, 11540 үй құсы бар. Бұл мал басының 2022 жылмен салыстырғанда анағұрлым артқанын көрсетеді.

Ауыл халқы түгелдей газ, ауызсумен қамтылған. Ауылдағы 13 көшенің 1,5 километрді құрайтын Науатов көшесі асфальтталса, қалған 12 көшені биыл орта жөндеуден өткізу үшін 350 миллион теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ бірнеше көшеге түнгі жарықтар жүргізілген.

– Ауылдағы №3 орта мектепте 501 оқушы, «Айгүл» бөбекжай бақшасында 90 бала білім-тәрбие алып жатса, Кеңес дәрігерлік амбулаториясы, өрт сөндіру бекеті, учаскелік пункт, пошта, ауылдық клуб, кітапхана, 4 дүкен халыққа қызмет көрсетуде, – дейді ауыл әкімі Самат Күсемісов.

Иә, біз ауыл ішін аралап көргенімізде ауылдың аудан орталығынан шалғайда болғанына қарамастан ештеңеден кенжелеп қалғанын байқамадық. Түп-түзу көшелер, салынып жатқан құрылыстар, тал-дарақ отырғызылып, орындықтар қойылған саябақтар, көз тартарлық орындар, ауыл ішінің тазалығы мен реттілігі көңілге қуаныш ұялатты.

Ауылдағы 560 орындық үш қабатты мектеп ғимаратын кешегі Кеңес одағынан қалған ескерткіштердің бірі десе болады. 1967 жылы типтік жобамен салынған мектеп ауылға кірген бетте көзге түседі. Ондағы 501 оқушыға 65 мұғалім сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Оқушылары аудандық, облыстық олимпиадалардан жүлдемен оралып жүр, айтысқа қатысып жеңімпаз атанып жүрген жас ақындар да бар. Кеңесті ақындар ауылы десек, қателеспейміз. 1970 жылы салынған ғимарат 2010 жылы «Айгүл» бөбекжай бақшасына берілген. Ондағы 13 тәрбиеші 90 баланы күтіп, тәрбиелеуде. Кеңес дәрігерлік амбулаториясындағы ақ халатты абзал жандардың қызметіне ауыл тұрғындары дән риза. Мұнда күндізгі ем қабылдау орны да бар. Ауылдағы ыңғайластырылған клубта жоспарға сәйкес әртүрлі тақырыпта іс-шаралар өткізіліп тұрады. Клубтағы домбыра, қолөнер үйірмелеріне қатысушылар саны күн өткен сайын артуда.

Өткен жылы «Талас құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 90 орындық Мәдениет үйінің құрылысын бастаған. Бүгінде аталған нысанның қабырғасы қаланып, төбесі жабылуға дайын тұр. Клуб үйі жанындағы кітапханада 9 мыңнан аса кітап қоры бар. Осындағы цифрландырылған ақпараттық орталықта жыл ішінде 892 ауыл тұрғынына қызмет көрсетілген.

Кеңес ауылының атын Кеңес одағы кезінде спорттан шығарған Сейділда Байшақов пен Алмас Мұсабековті бүгінгі алдыңғы буын ағалар жақсы біледі. С.Байшақов Алматының «Қайрат» командасында футбол ойнай жүріп, КСРО-ның құрамында доп тепкен талантты футболшы болған. Ал, осы ауылдың тағы бір тумасы А.Мұсабеков самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем, КСРО кубогінің жеңімпазы, Еуропа, КСРО чемпионы. Міне, осындай атағы алысқа кеткен саңлақ спортшылар шыққан ауылдың жастары да солардай болуды алдарына мақсат етіп отыр. Ауыл бойынша мыңға жуық азамат спортпен шұғылданса, олардың 500-ге жуығы жастар. Олар ауылдағы шағын футбол алаңының шаңын шығарып, ертелі-кеш доп теуіп жатады. Күні ертең-ақ олар Сейділда аталары секілді атақты футболшы, Алмас ағалары тәрізді жауырындары жерге тимейтін білекті балуан болулары бек мүмкін.

Ауылдағы көз тартар келісті нысандардың бірі – Кеңес ауылдық мешіті өте әдемі салынған. Қасындағы 150 орындық қатымханасымен үйлесім тауып тұр. Өкініштісі, сол мешіттің екінші жағындағы балаларды оқытуға арналған медресе құрылысы түрлі себептерге байланысты бітпей қалған екен.

Өткен жылы ғана күрделі жөндеуден өткен ауыл әкімдігінің екі қабатты ғимараты да өз ерекшелігімен көз тартады. Мекеме маңайына егілген тал мен ауласына төселген төсеніш, мұнда келушілер үшін қойылған орындықтар рет-ретімен орналасқан.

Ауылдың атқа мінер азаматтарының демеушілігімен 2022 жылы құны 5,5 миллион теңге тұратын мәрмәр тастармен көмкерілген қақпа салынған. Онда ауылдың аты жазылып, жанындағы ауыл саябағына 150 түп туя ағашы егілген. Ағаларынан өнеге алған ауылдың 1971 жылы туған жастары бастама көтеріп, өткен жылы әлгі қақпаның жанынан құны 1,5 миллион теңгеге ауылдың төлқұжатын мәрмәр тасқа қашап жаздырды. Аталған екі нысан бір-бірімен үйлесім тауып, ауылды ажарландыра түскен. Сондай-ақ ауыл саябағына 500 түп жеміс, 92 түп туя, 100 түп қарағаш отырғызылды. Осы жерден тағы бір «Саттарқұл саябағы» ашылып, онда орындықтар қойылып, тал егу жұмыстары қолға алынған.

«Мейірім» жобасы аясында Кеңес ауылдық мешіті имамына қызметтік көлік сатып әперіп, мешіт алдына арнайы бастырма салыныпты. Жыл сайын ауыл азаматтары ауылдағы аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға асарлатып үй тұрғызып беруді дәстүрге айналдырған.

«Туған жер» жобасы бойынша 1985 жылы туған азаматтар 4 тұрмысы төмен отбасының үйіне 2022 жылы 1,6 миллион теңгеге «көгілдір отын» кіргізіп беруі де ілкімді істердің бірі.

«Жомарт түлек» жобасы аясында мектеп бітірген түлектер мектептің мәжіліс залын безендіріп, қажетті құрал-жабдықтар алып, сахнаны жаңартып берген. «Мейірім» жобасы бойынша шаруа қожалықтарының демеушілігімен 3 отбасыға 33 қой-ешкі таратылып берілді. «Балықшыға балық берме, қармақ бер» демекші, малды болған азаматтар малдарын өсіріп, өз жағдайларын өздері жақсартады деген үміт бар. Сондай-ақ бірнеше азаматқа ұн, қант, басқа да азық-түлік, көмір түсіріліп берілуде. Ал жақында ауыл азаматы Нұржан Әлімбетов спорт кешенін салуды қолға алып, бүгінде құрылысы біршама бой көтерген. Демек, ауыл жастарының үлкен спортшы болып қалыптасуына мол мүмкіндік туғалы отыр.