Президент Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шараға қатысты

0 28

Президент Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысып, әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

– 8 наурыз – көктем мерекесі. Бұл – сұлулықтың, мейірім мен жылулықтың символына айналған мереке. Біз ер-азамат болып, сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтейміз және жақсы көреміз. Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ілтипатымыз әрдайым ерекше. Жалпы, әйелді құрметтей білген қоғамды мәдениетті, өркениетті қоғам деуге болады. Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Қыздарын қадірлеп, төріне шығарған. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы елдіктің жүгін ер-азаматтармен қатар көтеріп, адал еңбек етіп жүрген әйелдер қауымына алғыс айтты. Сондай-ақ мемлекет тарапынан оларға әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Менің бастамаммен өкілді билік саласында сіздерге арнайы квота бөлінді. Қазіргі таңда Парламент пен мәслихаттардағы әйелдердің үлесі артты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Қыз-келіншектер Отанымызды дамытуға елеулі үлес қосып жатыр. Өз кәсібін дөңгелетіп жүрген белсенді әйелдеріміз аз емес. Сондай-ақ өндірісте, ғылымда және спортта табысқа жеткен аруларымыз көп. Қазақстандағы ұстаздардың басым көпшілігі – әйелдер. Сіздер жас ұрпақты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулып жүрсіздер. Ұлт саулығын жақсартуға зор еңбек сіңіріп келесіздер. Қазақстанның көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген осындай жандар зор құрметке лайық. Бұл – керемет үрдіс, – деді Президент.