Бюджетке 2494 млн теңге қайтарылды

0 44

Облыс бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 2022 жылдың 1-жартыжылдығында 52 нысанды аудиторлық іс-шарамен қамтыған. Оның ішінде тізім бойынша – 12, заңды және жеке тұлғалардың қайырылуы бойынша жоспардан тыс 40 тексеру жүргізіліпті.

Аудиторлық іс-шаралар нәтижесі бойынша 50 нысанда жалпы сомасы 30529,7 млн теңгені құрайтын бұзушылықтар анықталды. Оның 3192,5 млн теңгесі — қаржылық бұзушылықтар, 27337,2 млн теңгесі рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар, оның ішінде мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптарын бұзу бойынша 14109,7 млн теңге, — дейді өңірдегі ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Серік Мамаев.

Ведомство басшысының айтуынша, департамент тарапынан қолданылған шаралар нәтижесінде бюджетке қайтарылуы тиіс 3192,5 млн теңгенің 2494 млн теңгесі қайтарылған. Яғни орнын толтыру 78,1 пайызды құрап отыр. Тексеру жүргізілген ұйымдар мен мекемелердің  47 лауазымды тұлғасы анықталған бұзушылықтар үшін тәртіптік жазаға тартылса, 18 лауазым иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға салынған 6,2 млн теңге айыппұл толық өндіріліп алыныпты.  Ал жалпы сомасы 905,6 млн теңгені құрайтын 6 материал құқық қорғау органдарына берілген.

Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта камералдық бақылаумен 357292,3 млн теңгені құрайтын 15290 мемлекеттік сатып алу қамтылыпты. Бұл бақылауға жататын мемлекеттік сатып алулардың 98,3%-ын құрайды. Камералдық бақылаулар қорытындысында 2595 мемлекеттік сатып алу бойынша 74169,1 млн теңгенің бұзушылықтары анықталған.

Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2595 хабарлама жіберіліп, оның 2559-ы орындалды. Бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларды уақытылы немесе тиісінше орындамағаны үшін облыс тапсырыс берушілері мен ұйымдастырушыларының лауазымды тұлғаларына қатысты 35 әкімшілік іс қозғалып, қарау және шешім қабылдау үшін сот органдарына берілді, — дейді департамент басшысы.