ТИІМДІЛІГІН ДӘЛЕЛДЕГЕН ПИЛОТТЫҚ ЖОБА

0 21

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, «Халықтың табысын арттыру бағдарламасын» іске асыру барысымен танысты. Жамбыл облысының тәжірибесін зерттеуге еліміздің барлық облыс әкімдерінің тиісті сала жөніндегі орынбасарлары келді.

Мультипликативтік тиімділігі жоғары

Вице-Премьердің жұмыс сапары Байзақ ауданындағы ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба аясында құрылған «Қостөбе-2019» ауылшаруашылығы кооперативін аралаудан басталды. Қостөбе ауылдық округінің пилоттық жобаға қатысуға ниет білдірген тұрғындарына 1,6 млрд теңге бөлініп, 178 тұрғыннан құралған кооперативке 12 бірлік ауылшаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның базасындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің жалпы ауданы 401,0 га құрайды, пилоттық жобаның екінші бағыты (мал шаруашылығын дамыту) аясында кооператив құрамына кіретін «Алмас» ЖК 7 бас жылқы, «Айдын» ЖК 9 бас ІМҚ сатып алды.

Өз сөзінде өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жобаны жүзеге асырудың арқасында Қостөбе ауылдық округіндегі бір отбасының табысы төрт есеге артқанын атап өтті. Сонымен қатар мал басының саны да 53,8%-ға өскен. Барлығы 256 тұрғын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 123 жаңа жұмыс орны ашылды. АӘК алушылар саны 86%-ға азайды. Тұрғындардың 97%-ы жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытып жатыр. Сондай-ақ кооперативтерді құрумен арнайы техниканың, жұмыс қолдарының және жерді өңдеуге, егін жинауға арналған құралдардың жетіспеушілігі мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Ералы Тоғжанов ауылшаруашылығы техникаларының жай-күйімен танысып, облыс шаруаларымен өзекті мәселелерді талқылады, жергілікті атқарушы органдарға ауылшаруашылығы кооперативтеріне толық қолдау көрсетуді тапсырды. Вице-Премьер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Бағдарламаны іске асырудың маңыздылығына тоқталып, оның ең алдымен халықтың табысын арттыруға, сондай-ақ экономиканы индустрияландыру және әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталғанын атап өтті.

«Басты бағыттардың бірі – импортты алмастыру. Ауылдық кооперативтерде өндірілген АӨК өнімдерімен импортты алмастыру жоспары қажет. Сондай-ақ біз осы жобалардың барлығы тұрғындарға қандай пайда әкелетінін ойлауымыз керек. 2025 жылға дейін ішкі нарықты, қанттан басқасын өз өнімдерімізбен жүз пайыз қамтамасыз ету жоспарда бар»,— деді Е. Тоғжанов.

Жұмыс сапары барысында Вице-Премьерге жайылымдық жерлердің тапшылығы мәселесін шешу бойынша атқарылған жұмыстар барысы баяндалды. Қазіргі уақытта бұл – ең өткір мәселелердің бірі. Оны шешу бес бағыт бойынша жүзеге асырылады.

Сондай-ақ Вице-Премьер «Шамуратов Шовкат Валерьевич» ЖК жұмысымен танысты. Шағын кәсіпорын күніне 400 кг шұжық өнімдерін шығарады. Цехта жеті маман жұмыс істейді. Ауыл халқының табысын арттыру (бизнес-жобаларды қолдау) пилоттық жобасының бесінші бағыты бойынша алынған несие сомасы 10 млн теңгені құрайды.

Келесі нысан – пилоттық жоба аясында бөлінген 14 566 мың теңге несиеге салынған «Серік» жеке кәсіпкерлігінің 80 сотық жылыжайы. Мұнда өткен жылы 30 тонна қияр өндіріліпті. Жылыжайда тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Онда 11 адам жұмыс істейді.

Вице-Премьер пилоттық жобаны іске асырудың жоғары мультипликативтік тиімділігіне назар аударды. Мал шаруашылығын дамытудың нәтижесінде шағын цехтар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. «Халықтың табысын арттыру бағдарламасының» негізгі мақсаты – қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыру. Ол үшін халықты жұмыспен қамтуды реттеу жөніндегі жүйелі шараларды қабылдау маңызды. Бұл бағытта ауылдағы дәл осындай кәсіпорындар үлкен рөл атқарады», — деді Ералы Тоғжанов.

Байзақ ауданында пилоттық жобаның бес бағыты бойынша барлығы алты бизнес-жоба іске асырылса, солардың бірі – гидропон қондырғысын сатып алу. Қазақстандағы осы жабдықтар мен қондырғылардың негізгі жеткізушісі – Тараз қаласында орналасқан «Agro Green Technology» ЖШС. Е.Тоғжанов қуаты тәулігіне 400 кг жем шығаруға қауқарлы жылжымалы гидропонды қондырғыда құрама жем өндіру процесімен танысты. Серіктестік сонымен қатар гидропоника әдісімен дәруменделген жасыл жем, көкөніс, күріш өсірумен айналысады.

 «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Жамбыл облысына жұмыс сапарын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде өткен кеңесте қорытындылады. Отырысқа облыс әкімдерінің орынбасарлары, кәсіпкерлер, ауылшаруашылығы кооперативтерінің басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Вице-Премьер ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаның арқасында халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі артып, тұрғындардың орташа табысының өскенін атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударады. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Пилоттық жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді. Ол жұмыспен қамту, табыс табудың жаңа мүмкіндіктерімен қатар өңірлік деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін де шешеді», деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Пилоттық жобаны іске асырудың аралық қорытындылары туралы баяндаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жобаның негізгі мақсаты – ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу екенін атап көрсетті. Жобаға 2478 тұрғын қатысып, несие алған, сондай-ақ 25 елді мекеннен 11 жаңа ауылшаруашылығы кооперативі іске қосылды – бұл облыстың 10 ауданында 11 пилоттық ауылдық округтің қызметі.

«Пилоттық жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру нәтижесінде әрбір отбасының табысы орта есеппен төрт есеге артты. Жеке кәсіпкерлер саны 2282-ге өсті. 589 жаңа жұмыс орны құрылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 65%-ға, жұмыссыздар саны 36%-ға азайды. Біздің есептеуіміз бойынша, жобаны іске асырудың бес жылында экономикалық тиімділік 14,9 млрд теңгені құрайтын болады», — деді Нұржан Нұржігітов.

Вице-Премьер өз сөзінде Жамбыл облысының оң тәжірибесін елдің өзге аймақтарына кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. «Ол үшін әрбір азамат ортақ іске елеулі үлес қосуы қажет. Ең бастысы кез келген ауыл тұрғынына қолжетімді етіп, жобаларды шағын инвестициялармен жүзеге асыруға мүмкіндік беру. Осындай жобалар арқылы біз ауыл халқының табысын арттырамыз. Бұл жобаны «Ауыл аманаты» деп атауды ұсынамыз», — деді Ералы Тоғжанов. «Ауыл аманаты» қосалқы бағдарламасы халықтың табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын болады.

«Amanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев өз сөзінде жобада көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін жақын арада партия жанынан арнайы жобалық кеңсе құрылатынын атап өтті. Алдымен ауылдағы әрбір үй бойынша статистикалық деректер жиналады. Әрбір елді мекеннің географиялық ерекшеліктері, жер мәселелері, сумен қамтамасыз ету, еңбек және қаржы ресурстары ескеріледі. Егжей-тегжейлі талдау аудандарда қандай дақылдарды өсіруге қолайлы екенін, олардың аумағында қандай өндірістерді ашуға болатындығын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл деректер жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Алынған талдауға сәйкес кәсіпкерлермен жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беретін орта арнаулы колледждерде тұтынушылардың сұраныстарына сай өнім шығаратын мамандар үшін біліктілік орталықтарын ашу қажет.

Вице-Премьер статистикалық есептіліктің жаңа әдістемесін қабылдауды және әрбір елді мекен, үй шаруашылығы, адам бойынша ауқымды деректер жинауды, сондай-ақ скрининг жүргізіп, әрбір ауыл бойынша микро деректер жинақтауды тапсырды. Сондай-ақ скрининг қорытындылары бойынша әрбір ауылдың, ауданның, облыстың экономикалық мамандануын айқындау, ауылшаруашылығы шикізаты ретінде қайда және қандай өнімді тиімді өсіру керектігін, ішкі нарықтың сыйымдылығын және экспорттық әлеуетті ескере отырып, қандай қайта өңдеу және өндірістік қуаттарды іске қосу керектігін айқындау қажет.

«Халықтың табысын арттыру бағдарламасы, бірінші кезекте, ауылдық жерлерде жұмыспен қамту деңгейін көтеруге бағытталған. Сондықтан кез келген жобаны жүзеге асыру кезінде тұрғындарға қандай пайда әкелетіні туралы саралау керек. Жергілікті биліктің ауыл әкімінен бастап өңір басшысына дейінгі міндеті – АӨК қолдау көрсету, ауылшаруашылығының оған жатпайтын түрлерін дамыту бойынша шаралар қабылдау», -деді Ералы Тоғжанов.

Отырыс барысында қатысушылар ауылшаруашылығы жерлерінің тапшылығы мәселесін шешуге, осы салада білікті мамандарды оқытуға байланысты мәселелерді талқылады.

Кеңес соңында Ералы Тоғжанов облыс әкімдігі мен орталық мемлекеттік органдарға «Халық табысын арттыру бағдарламасын» жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.